Жақында Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған музыка мектеп-интернатының оқушыларымен кездесуге бардық. Мектептің табалдырығын аттаған сәтте өнер ордасына келгенімізді сездік. Кездесу болатын залға жеткенше мектептің әр кабинетінен әртүрлі аспаптың үні естіліп жатты. Тіпті, дәлізде де скрипка, домбыра тартып отырған оқушыларды көрдік. Жүгіріп, алысып жүрген ешкім жоқ. Әркім өз аспабымен әуре. Әркім өз әлемінде жүр.
Қазақ мектебі болғандықтан балалардың бойынан ұяңдық байқалады. Қаладағы кейбір мектепке барғанда осындай қазақы болмысты, ұяңдықты іздеп, аңсап кетесің ғой. Ал бұл мектепте бәрі басқаша. Оның себебін тереңде жатқан тарихынан іздеп көріп, себебін адаспай табуға болады.

МУЗЫКА МЕКТЕБІНІҢ ТАРИХЫ

Ахмет Жұбанов қазақ елінің түпкір-түпкірін аралап жүріп, қарапайым қазақ отбасында өсіп келе жатқан өнерге құштар, бірақ музыкалық білімі мен оны үйренуге мүмкіндігі жоқ жас таланттарды жиі кез-дестіреді. Ойлана келе талабы таудай ауыл балаларын кәсіби тұрғыда оқытатын музыкалық мектеп ашу керегін түсінеді.

Ахмет Жұбанов Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының ректоры болып жұмыс істеген кезде де мектеп ашу туралы ойының дұрыстығына көз жеткізеді. Себебі бұл кезде ұлттық кадр тапшылығы байқалатын. Сондықтан жаңа заманға лайық халық өнерін дамытатын жас буын тәрбиелеу қажет еді.

Ахмет Жұбанов табанды еңбек етіп, 1964 жылы Алматы қаласында Республикалық қазақ музыкалық мектеп-интернатын ашуға рұқсат алған. Осылайша көптен күткен дарынды балаларға арналған республикалық қазақ музыкалық мектеп-интернатының алғашқы қазығы қағылған еді. Мектеп ашылған кезде оның басшылығына Өзбеков Түркістан Мақсұтұлы келіп, А.Жұбанов құрған жоспарды жүзеге асырады. Ол кәсіби музыканттармен бірге жалпы білім беретін білікті мамандарды оқу жүйесіне шақырып, арнайы топ құрып, рес-публиканың түпкір-түпкірін аралап, талантты балаларды іздейді. 1968 жылы Түркістан Мақсұтұлының бастамасымен мектепке Ахмет Жұбановтың есімі беріледі.

МУЗЫКА МЕКТЕБІНДЕ БӘСЕКЕ ЖОҒАРЫ

Биыл оқу ордасының ашылғанына 56 жыл. 2016 жылы мектеп түлектері мен шәкірттері 55 жылдық мерейтойға орай жеке концерт берген болатын. Газетіміздегі «Жұбанов мектебі – таланттар мекені» атты мақаланы оқыған оқырманымызға Жұбанов мектебі шәкірттерінің қандай таланты мен өнері бар екені мәлім. Осыдан кейін бізден музыка мектебіне қалай оқуға түсуге болатынын сұрайтындар көбейді. Оқырманымыздың өнерге қызығатыны бізді қуантады. Олардың өтінішін жерге тастамай, мектеп директоры Әшіров Нұркен Нұрғалиұлына арнайы барып, мектепке қабылдау тәртібі мен мерзімі, шәкірттерінің жетістігі туралы сұраған едік. Музыка мектебіне оқуға қабылдаудың өзі бірнеше кезеңнен, қатаң талаптан тұрады екен.

Нұркен Әшіров: Мектеп 480 оқушыға арналған. Интернатта 220 орын бар. Бұрын мектепте тек алыс ауылдардан келген оқушылар оқыса, қазір қалада тұратын балалар саны басым. Оқушылар мектепке қабылдану үшін жыл сайын іріктеуден өтеді. Құжат қабылдау оқу жылы аяқталған соң, мамыр айының соңында басталады. Қабылдау маусым айының 3-іне дейін жалғасады.

Мектепке қабылданатын оқушыларды іріктеу үш кезеңнен тұрады. Мұнда талапкерлердің есту қабілеті, ырғақты сезу қабілеті, есте сақтау қабілеті, даму және қабылдау деңгейі бағаланады. Баланың физиономиялық ерекшеліктеріне де назар аударамыз. Саусақтарының ұзын, аспапқа икемді болуы маңызды.

Баланың денсаулығына да көп көңіл бөлінеді. Музыка тек өнер емес, спорттың бір түрі. Көп жаттығуды қажет етеді. Сондықтан оқушының ағзасы соған дайын болуы керек.

Бұдан бөлек, баланың академиялық қабілеті де бағаланады. Ол үшін арнайы педагог, психолог мамандар жұмыс істейді. Оқушының жаза білу, санай білу, ақпаратты қабылдай білу қабілетіне ерекше назар аударамыз.

Дарынды балаларға арнал-ған мектеп болғандықтан, мектепте оқу үлгерімі нашар оқушы болмауы керек. Сондықтан іріктеу кезінде барлығын жан-жақты зерттеп барып шешім қабылдаймыз.

Ұлан: Балалар мектепке неше жастан бастап қабылданады? Жыл сайын қанша орын бөлінеді?

Нұркен Әшіров: Негізі мектепке 6-7 жастан бастап қабылдаймыз. Жалпы орынның 80 пайызы, кей жылы 100 пайызы дерлік 1-сыныпқа қабылдауға бөлінеді. Қабылда-натын оқушы саны бітіріп кеткен түлектердің санына байланысты.
Жоғары сынып оқушыларынан да жиі өтініш түседі. Олардың өтінішін орын артық қалып жатса немесе музыкадан базалық білімі және осы салада үлкен жетістігі болса ғана қабылдаймыз.

Егер оқушыны 6-сыныпқа қабылдайтын болсақ, сол сыныптың барлық бағдарламасын меңгеріп кете алатын деңгейде болуы керек. Қатып қалған қағида жоқ. Бәрі баланың қабілетіне байланысты.

Мен оқуға тапсырған кезде музыка мектебінде бәсеке жоғары деңгейде болды деп айта алмаймын. Тіпті музыкадан хабары жоқ оқушыларды да қабылдап, бастан-аяқ музыкалық сауатын ашып, оқытатын. Ал қазір музыкаға деген сұраныс өскен. Соған сай кәсіби музыка мектебінде оқығысы келетіндер баршылық. Бәсекелестік жоғары болатыны да содан.

Ұлан: Осында оқыған түлектер қазір өнер саласында қызмет етіп жүр ме? Оқушы мектеп бітірген соң осы салада білімін жалғастыруға міндетті ме?

Нұркен Әшіров: Қазіргі мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы және Толқын Забирова, Мақпал Жүнісова сияқты өнер адамдары Ахмет Жұбанов мектебінде тәлім алған деп мақтанышпен айта аламыз.

Мектептің аты айтып тұрғандай, мұнда болашақ кәсіби музыка мамандары оқиды. «Осы мектепке оқуға түсірейік, кейін қызығушылығы оянып, бірте-бірте өнер адамы болып кетер» деген түсінікке қарсымын.

Мектеп бітірген соң қай саланы таңдайтынын, әрине, әркім өзі біледі. Бірақ көбі өнер жолын таңдайды. Заңгер, журналист, қаржыгер боп кететіндер де бар. Жасырып керегі не, нарықтық экономика заманында табысты болғысы келетіндер жанының қалауын емес, заманның талабын орындап жатады. Бірақ біздің мектептегі оқушының тағдыры музыкамен байланысты деген сенімдемін.

МЕКТЕП ЖАРҒЫСЫ БОЙЫНША «ҮШТІК» АЛУҒА БОЛМАЙДЫ

Ұлан: Музыкалық аспапқа қай сыныптан бастап маманданады?

Нұркен Әшіров: 1-сынып-тан бастап таңдайды. Кейін икеміне қарай таңдайды деген болмайды. Баланы мектепке қабылдамас бұрын оның қандай аспапқа икемі барын, қандай аспапты ұнататынын белгілеп аламыз. 1-сыныптан бастап музыкалық сауат ашудан бастап, міндетті мектеп бағдарламасын және тиісті аспабында ойнауды үйретеміз.

Ұлан: Оқушыны музыкалық аспаппен кім қамтамасыз етеді?

Нұркен Әшіров: Әр баланың жеке аспабы болғаны дұрыс. Әрине, мемлекеттік мектеп болғандықтан аспап береміз. Әр кабинетте қажет аспап бар, кез келген уақытта қолжетімді. Бірақ әліппесін өз аспабымен үйренгені жақсы. Әр аспаптың ерекшелігі болады. Байқауға барса да, үйінде жаттықса да жеке аспабы ыңғайлы болады. Сондықтан баласын музыка мектебіне әкелген ата-анаға алдын ала аспап әперу керектігін ескертеміз.

Тағы бір ескеретін нәрсе, бала жеке мүлкіне мұқият болады. Мемлекеттің меншігіне немқұрайды қарайтындар бар. Дегенмен әлеуметтік жағдайы төмен, оқу көрсеткіштері жоғары, музыкаға қабілетті оқушыға жеке аспап әперуге, демеушілік жасауға тырысамыз.

Ұлан: Тәртіп қатал сияқты. Мектептегі талапты орындай алмаған оқушыға қандай шаралар қолданылады?

Нұркен Әшіров: Бізде «Мектеп жарғысы» бар. Ар-намыс кодексі, жеке ережелер сонда жазылған. Егер оқушы мектеп бағдарламасын, музыка сыныбындағы тапсырмаларды дұрыс меңгере алмаса, оқудан шығарылады. Үш пәннен қорытынды бағасы «үш» болса, мәселесі педагогикалық кеңесте талқыланады. Кеңесте кейбір оқушыға түзелуге мүмкіндік береміз. Әрине, музыкалық білімі мен қабілетіне, тәртібіне де қараймыз. Мектеп адам-ды жазалау үшін емес, жақсылыққа бағыттау үшін, үйрету үшін керек.

А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыкалық мектеп-интернаты талапкердің құжаттарын жыл сайын 21-30 мамыр аралығында қабылдайды. Қабылдау емтихандары 1-3 маусым күндері өтеді.
Емтихан үш кезеңнен тұрады:
– І кезеңде талапкер екі-үш ән орындайды. Музыкалық есту және есте сақтау қабілетін тексеру үшін қысқа жаттығулар жасайды. Мелодиялық, гармониялық есту қабілеті тексеріледі. Баланың координациялық қимылдарын, ритмін байқау үшін тапсырмалар беріледі.
– ІІ кезеңде де ән орындайды. ІІ кезеңде І кезеңнің барлық тапсырмасы күрделі түрде беріледі.
– ІІІ кезеңде баланың жалпы даму деңгейін тексеретін тапсырмалар беріледі. Әр баланың икеміне және талғамына қарай аспаптарға бөлу осы кезеңде жүзеге асырылады.
Қажетті құжаттар:
– Туу туралы куәлік көшірмесі, ЖСН (2 дана);
– 3*4 см екі фотосурет;
– Баланың және ата-анасының тұрғылықты мекенжайы туралы анықтама;
– Ата-анасының жұмыс орнынан анықтама;
– №26 формадағы мектепке арналған медициналық анықтама;
– №63 формадағы алдын ала егу құжаты;
– Бала денсаулығы паспорты.

МУЗЫКА – ҚЫМБАТ КӘСІП

Ұлан: Балалардың ұлттық өнерге қызығушылығы қалай?

Нұркен Әшіров: Қызығушылық та, қолдау да бар. Ұлттық өнерді, балалар өнерін қолдау үшін түрлі байқау, шара өтеді.

Ұлан: Оқушының байқауға қатысу, жол құнын, басқа да шығындарын кім өтейді?

Нұркен Әшіров: Мынау өтеуге міндетті деген ереже жоқ. Халықаралық байқауға қатысқанда қолдан келгенше мектеп тарапынан, ұжым атынан көмектесуге тырысамыз. Кейде ата-аналар өздері ықылас білдіріп жатады. Өнер деген оңай сала емес. Аспап, сахна киімі, дайындық еңбек пен қаражатты талап етеді. Барлық қиындықты жеңуге өнерге деген сүйіспеншілік пен құрмет көмектеседі деп ойлаймын.
Мемлекет тарапынан ұлттық өнерді қолдауға көңіл де, қаражат та бөлінеді. Тек соны дұрыс пайдаланып, орынды жұмсай білу керек. Мысалы, біздің мектепте сонау мектеп ашылған заманнан келе жатқан, тозығы жеткен құралдар бар. Жақында ғана осы мәселе бойынша министрлікке есеп беріп, жаңа құралдар алуға өтініш жасадық. Ұсыныс қолдау тауып, мақұлданды. Өнерімізді дамыту арқылы біз халықтың мәдениетін көтереміз.

Ұлан: Жастар арасында тез танымал болуға ұмтылу, кәсіби білімсіз-ақ «жұлдыз» болу үрдісі қалыптасып келе жатқан сияқты. Бұл неден пайда болады және өнерге қандай зияны бар?

Нұркен Әшіров: Өкініштісі, сіздің айтып отырғаныңыз рас. Балалар мен жасөспірімдерде мұндай түсініктің қалыптасуы оның ата-анасына, қоршаған ортасына тікелей байланысты. Сондықтан алдымен халықтың мәдениетін, тәрбиесін көтеру керек деп ойлаймын. Әр адам үшін басты құндылық әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ ұлттық құндылық ортақ болуы керек.

Қазір той тойлайтын заман емес, ой ойлайтын заман. Жас-тарды білімге, ғылымға, өнерге баулу керек. Себебі олар – Қазақстанның болашағы.

P.S. Мектепте ата-ана, мұғалім, басшылық пен оқушы төрттігі тығыз байланыста екені байқалады. Оқушылар дәлізде директорды, мұғалімді көрсе амандасып, көзбен түсініседі екен. Мектеп қабырғасында әр жерден «Телефон, қымбат гаджет ұстауға тыйым салынады», «Шулауға болмайды» деген жазуды көрдік. Мектеп директоры да оқушылармен кез келген тақырыпта еркін сөйлесеміз дейді. Ата-аналар жиналысына да өзі қатысады екен. Мұны жазып отырғандағы мақсат – біреуді мақтау емес, осындай білім беру және тәрбиелеу жүйесінен үлгі алу.

Дана МАРАТОВА
Фотолар А.Жұбанов мектебінің баспасөз қызметінен алынды

«Ұлан» газеті, №5
4 ақпан 2020 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз