Бүгінде сән әлемі көз ілестірмес жылдамдықпен дамып жатыр. Бұл біреулерге қатты әсер еткенімен, енді біреулер үшін бос әурешілік болып көрінуі мүмкін. Сән әлемінің жаңалықтарынан қалыс қалғысы келмейтін қауым үшін биылғы жылдың негізгі тенденциясы не? Қандай түстер сән? Бұл сұрақтарға дизайнерлер жауап берді.

Салтанат ОТЫНШИЕВА, Тұлғалық стилист, имиджмейкер:

– Дизайнерлер 2020 жылдың сән үлгісі ретінде түссіз, жеңіл матадан тігілген көйлектерді, белдемше мен жейделерді ұсынады. Бұдан бөлек, жейденің, топтың, футболканың сыртынан киетін корсеттер де сәнде. Оның үстіне түрлі-түсті тропикалық өрнектер де әлемдік подиумда жарыққа шығып үлгерді. Сондай-ақ, биыл гардеробыңыздың ажарын лиана гүлдері мен таңғажайып құстардың өрнегі аша түспек. Бұл тропикалық өрнектің танымалдығын арттыра түскендердің қатарында Versace шоуының ақтық мәресінде зүбәржат көйлекпен шыққан Джениффер Лопес те бар. 2020 жыл былғарының сән үлгісіне кірген алғашқы жылы емес екені көпке мәлім. Оның үстіне былғары арулардың қажетті киіміне айналып үлгергелі қашан? Алайда бұл маусымда былғарының тек қара немесе шарап түстілеріне ғана тоқталудың қажеті жоқ. Қысқасы, жаңа маусымда түстер палитрасының барлық реңктерін талғам таразысына салып, ұнағанын таңдай аласыздар. Мәселен, Bottega Veneta, Givenchy ұсынған түрлі-түсті нұсқаға назар аударалық. Егер сіз шығармашылыққа бейім жандардың қатарынан болсаңыз, уақытыңыз келді деген сөз.

Ал стильмен қатар киімнің денеге ыңғайлы, әрі қонымдылығын бағалайтындар үшін САФАРИ костюмдері сәнде. Оның үстіне костюмнің бұл түрі классикаға анағұрлым жақын. Кең плащтар, үлкен жеңді жакеттер мен көйлектерді сенімді түрде жылдың сән үлгілері деп атауға болады. Трендтердің бірі ретінде ақ түсті классикалық костюмдерді атап өтуге болады. Егер әппақ түсті костюмді киюді қажетсіз деп тапсаңыз, аққа жақын түстерді қолдануыңызға болады. Тағы бір айта кетерлігі, 2020 жылы дизайнерлер құс қауырсынын шалбардан бастап, пальто, тіпті жейде мен көйлекке дейін батыл түрде қолдануда. Бұдан былай қыздар қауырсын суреті бар қарындаш-белдемшелерді классикалық жакеттермен киюлеріне болады. Биыл табиғи жүнді қолданудан бас тартқан сәнгерлердің қарасы көбейген. Одан гөрі табиғи материалдарға, әсіресе өңдеуден өткізілген пластиктермен жұмыс жасауды жөн деп тауып отыр. Бұл тренд көпке дейін бізден ажырамасы анық.

2020 жылдың сәнді аксессуарлары

Кез келген аксессуарсыз образ «аяқталмаған образ» болып есептеледі. Бір қызығы, кішкентай ғана зат сіздің көркіңізді ашып, талғампаздығыңызды көрсетсе, бір жағынан бәрін бұзуы мүмкін. 2020 жыл үшін көп, жарқын әрі массивті аксессуарлар сәнде болмақ. Мәселен, түрлі-түсті көзілдіріктер, мойынға арналған ірі шынжырлар мен аспалы шам тәрізді сырғалар сәнқой аруларды алыстан менмұндалатып тұрады десек болады.

Белдіктер қай уақытта да сәннен ысырылмақ емес. Жіптен тоқылған, күрделі өрнекті белдіктер осы жылы қайтадан сәнде. Киім мен аксессуар жайлы айтып, сөмкені ұмытты демеңіз. Биыл микросөмкелер қолданыста. Бұл жылы дизайнерлер шілтерлі жағаға қайтадан назарларын аударып отыр. Тоқылған, былғарыдан жасалған, ұсақ және інжу моншақтан жасалған жағалар қайтадан сәнде. Жаңа маусымда дизайнерлер қалпақтың классикалық үлгілерін ығыстырып қойып, жарқын және ерекше аксес-­суарларға ден қойып отыр.

2020 жылдың сәнді түстері

Pantone атты америкалық түс институты 2000 жылдан бері жылдың негізгі түсін таңдап келеді. Соған сәйкес, вице-президент Лори Прессман 2020 жылдың негізгі түсі ретінде көк түсті атап өтті. Осы жылы теңіз реңктері көптеген дизайнердің негізгі шабыт көзі болмақ. Десе де, басқа түстер де назардан шет қалған жоқ.

Сондай-ақ, Marni, Coach, Valentino, Versace сән көрсетілімдерінде фуксия гүлі маңызды орын алды. Ал сәнді фуксия реңкімен киінгісі келмейтін арулар үшін нәзік лаванда реңкі ұсынылады. Бір жақсысы, лаванда қара, ақ немесе басқа да нәзік түстерімен жақсы үйлесім табады.

Жылы уақытта пісте (фисташка) түсі ерекше өзекті болмақ. Бозғылт, жасыл, ақшыл түстерді ұнатпайтындарға және фуксияны сәнді деп санай­тын­дарға өте жақсы балама болады.

Динара Досымбекова мен Дамира Хагай – стилист, Style Evolution мектебінің негізін қалаушылар:

– 2020 жылдың басты өрнектері қара және ақ түсті геометрия, тропикалық мотивтер және нәзік гүлдер. Кешкі уақытқа фуксия мен қызыл түстің, алтынның барлық реңі адамның ажарын ашады. Ал күндіз шолақ шалбар (шорты) мен сәнді костюм, жеңіл жейде немесе шамжеңді көйлек киюге болады.

Жылдың сәнді түсі классикалық көк деп танылды, бірақ сәнді реңктердің палитрасы өте кең. Мәселен, күңгірт сарғыш түс, сұр-жасыл шалфейдің асыл көлеңкесі және жалбыз, қоңыр түстер.

Өткен маусымның сән үлгілері бұл жылы өз рөлдерін барынша күшейте түскен. Мөшек сөмке, көлемді ободоктар, орта көлемді былғары белбеулер мен күннен қор­ғайтын әртүрлі пішінді көзіл­діріктер (үлкен, жіңішке) сәнде.

Ал ерлерге барынша еркіндік берілген. Өз талғамыңызға қарай қатаң түрде классика немесе кэжуалды таңдаймын десеңіз де ерік өзіңізде. Себебі, трендте бастан-аяқ былғары да, ретро стиль де, түгел дерлік ақ (тотал уайт) та болмақ.

Раушан ӘНУАРБЕКОВА, тәжірибелі тігінші, конструктор, модельер:

– 2020 жылдың тренді ретінде қыз баланың нәзіктігін көрсететін көйлек түрлерін ұсынған болар едім. Себебі, қазақ қыз-келіншектерінің ұлттық нақышта киінгенін қалаймын. Мен ұсынатын киімдер тым қысқа немесе тым кең тұратын көйлек түрлері емес. Мұндағы маңыздысы – қазақ қызының образын аша түсу. Өз басым, жылдың түсі мынау деп көрсетуді дұрыс деп есептемеймін. Себебі біреуге жарасқан түс екінші біреуге жараспауы әбден мүмкін. Әркімнің өзіне жарасымды түсі болады. Дизайнерлер соған назар аударуы керек. Бастысы, сән қазақылыққа жақын болса, нұр үстіне нұр.

Дайындаған Назерке Әсетова

«Ақ желкен» журналы, №1
Қаңтар, 2020

3 ПІКІРЛЕР

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз