«Өзіңді дамытпай тұрып әлемді жақсартудан үміттене алмайсың. Сол үшін әрқайсымыз өзімізді жеке тұлға ретінде қалыптастыруға еңбектенуіміз қажет». Бұл – Нобель сыйлығын алған алғашқы әйел және екі рет осы сыйлықтың лауреаты ретінде тарихта қалған Мария Кюридің (Marie Curie) сөзі. Кезекті кейіпкеріміз «радиоактив» терминінің авторы, күйеуімен бірге радий, полоний химиялық элементтерін ашқан ғалым М.Кюриді үлгі тұтады екен. Екі жыл бұрын берген сұқбатынан сол сөзін оқып отырып, «12-ге толмаған біздің балалар әлемде мұндай ғалымның барын біле ме екен?» деген ой келді.

Білсе де үлгі тұта ма? «Менің қаһарманым» дей ала ма? Зор талғамына қарап-ақ кейіп-керіміздің болашағын бағамдауға болатындай. Десе де, 12 жасында өнертабысымен жас ғалымдарға арналған байқауда 25 мың АҚШ долларын (сол уақыттағы курспен есептегенде 8 миллион 250 мың теңге) жеңіп алған жанның осылай ойлауы, тереңге бойлауы, биікті барлауы заңды да шығар.

Жаңалықтан жаңалыққа жол

Гитанджали бір күні әдеттегідей теледидардан жаңалық көріп отыр еді. Онда АҚШ-тың Мичиган штатындағы Флинт қаласындағы ауыз су дағдарысы туралы репортаж көрсетіліп жатты. www.rookiemag. com сайтына берген сұхбатында: «Анам маған әрдайым қарапайым адамдардың өміріне әсер ететін жаңалықтарды көрсетеді. Сонымен бірге күнделікті проблемалар мен оларды шешу жолын табу туралы түрлі ойынды бауырым екеумізбен бірге ойнайды», – деген ол кезекті жаңалықтан қоғамдық мәселені көріп, біразға дейін сол хабарды ойынан шығара алмай жүрді. Флинт оқиғасы жайлы қандай да бір жаңалық немесе ақпаратты көзі шалып, яки ести қалса, тапжылмай тыңдайтынды, оқып отыратынды шығарды.

Қаладағы ауыз су проблемасы тұрғындардың денсаулығына көп нұқсан келтірген, тіпті, 12 адам өлген. Бұл жайт 2014 жылы жергілікті әкімдік өзеннен су тартатын жаңа құбыр салғаннан кейін басталды. Осыдан соң тұрғындар судағы жағымсыз иіс пен дәмге шағымданды. Ауыз судың зардабы бірнеше жылға созылды. 2015 жылғы Қоршаған ортаны қорғау агенттігінің зерттеу нәтижесі тұрғын үйлерге тартылған судың құрамында адамның жүрегіне, бүйрегі мен жүйке жүйесіне зиянды қорғасынның мөлшері көп екенін анықтады. Кейін келе балалар белгісіз дертпен ауыра бастады. Қоғам біраз шу көтеріп, қаладағы судың сапасына жауапты біршама қызметкер жұмыстан қуылды. 2016 жылы сол кездегі АҚШ президенті Барак Обама қала тұрғындарының жағдайын көзімен көру үшін арнайы келді. Бүлінген істі қайта қалпына келтіру үшін миллиондаған доллар қаржы бөлінді. Бірақ проблеманың әлі күнге түбегейлі шешімі табылған жоқ.

«Флинт туралы көп оқыдым. Осы мәселеге қатысты зерделеуді екі жылға дейін жалғастырдым. Бірде ата-анамның су құрамындағы қорғасынды тексеріп жатқанын көріп, бір идея келді. Әке-шешемнің нақты нәтижеге қол жеткізу үшін бірнеше қайтара тест жүргізетінін түсіндім. Содан соң қайта-қайта тест жүргізіп қиналмай, бірден дәл көрсеткіш беретін бірдеңе жасағым келді. Әлбетте тек ата-анама ғана емес, Флинттің және әлемдегі сол секілді жерлердің тұрғындарына көмектескім келді», – дейді Гитанджали. Иә, қарапайым теледидардағы күнделікті жаңалықтан ғылыми жаңалық ашу жолына түсті.

Кереметтің кілті – адамдарға көмектессем деген құштарлық

Шындығында, адамдар нақты жұмысқа келгенде ойындағыны істейтіндер мен істемейтіндер болып екі топқа жіктелетін секілді. Өйткені өмірде бір деңгейлі немесе бір қоғам мен заманда өмір сүрген адамдардың бәріне бірдей, болмаса әйтеуір ұқсас идея келеді. Бірақ оны жүзеге асыратындар аз. Кейіпкеріміздің бір ерекшелігі осы аз топтың қатарына жататынында болса керек.

Қаршадай қара қыз инженер ата-анасының бір көрсеткішті анықтауда бірнеше тест жүргізетініне қанағаттанбады. Сондықтан өз бетінше іздене бастады. Әдеттегідей үнемі өзі оқитын ғылыми сайттарды ақтарды. Әсіресе бірдеңе табармын деген үмітпен МІТ-дің (Массачусетс технология институты) материалдары мен зерттеу нәтижелерін үзбей қарады. Үміті алдамай, дәл осы МІТ-дегі бір мақаладан қауіпті заттарды анықтауға арналған жаңа технология (әдіс) жайлы оқыды. Бар зейінін салып, көңілге тоқып алғаннан кейін әлгі әдісті судағы қорғасынды анықтау үшін қолдануға болатын шығар деп ойлады. Жаңа жиған білімі мен су дағдарысынан зардап шеккен адамдарға көмектессем деген құштарлығы маза бермей, ата-анасы мен мұғалімдерінен көмек сұрап, әрекет етуге итермеледі. Ақырында жергілікті университеттің сарапшыларынан да ақыл сұрауға бекінді. Осы жолда көптеген сарапшы-ғалыммен сөйлесті. Сол сәттердегі сезімін жеткізген Гитанджали: «Білімді әрі тәжірибелі зерттеушілермен Skype арқылы сөйлескенде қобалжитынмын. Бірақ доктор Шафермен (Dr. Kathleen Schafer – ғылым докторы Кэтлин Шафер) байланысқан кезде өзімді сондай еркін сезіндім, қандай да бір жайсыздық болмады», – деп еске алыпты.

Осы жолдарды оқыған сәтте «12 жасар баланың ойын, сөзін, талабын тыңдайтын ғалымның өресі қандай жоғары еді!» деген ойға келдім. Міне, дәл сол озық ойлы К.Шафермен кішкентай зерттеуші жазғы демалыста бірге жұмыс істеді. Гитанджали К.Шаферден ғылыми зерттеудің қалай жүргізілетінін ғана емес, табанды әрі талапшыл болуды үйренді. «Ол менің сәтсіздіктерім туралы сөзімді әрқашан тыңдады және алға жылжудың жолын көрсетті. Шафер мені көмек сұрауға және қол соза білуге баулыды. Оған дейін танымайтын адамға сұрақ қоймайтынмын. Ал ол маған жоғары мектеп пен колледждердегі оқытушылардан зерттеуіме қатысты білгім келген нәрселерді сұрай беруге кеңес берді», – дейтіні осыдан. Талапшыл да табанды зерттеуші екі жылдан аса жұмысының нәтижесінде ойындағы құрылғыны өмірге әкелді.

Гитанджали Рао (Gitanjali RАО):
– 11 жасында судың құрамындағы қорғасынның бар-жоғын жылдам анықтайтын құрылғы ойлап тапқан;
– 12 жасында The Young Scientist Challenge байқауының жеңімпазы болған;
– АҚШ қоршаған ортаны қорғау агенттігінің жүлдесін жеңіп алған жас ғалым, өнертапқыш.

Ғажайыпты жасайтын өзіміз

Әйгілі ВВС арнасы екі жыл бұрын «12 жасар өнертапқыш сіздің ауыз суды қорғайды» деген видеоматериал жариялады. Сол сюжетте Гитанджали осыған дейінгі әрекеттерін айта келе: «Құрылғым «Тетис» деп аталады. Оны Су Құдайының құрметіне солай атадым. Судағы қорғасынды анықтау тестінің алғашқы қадамы – құрылғыға бір рет қолданылатын картриджді (сызғыш формасындағы мате-риал) қыстыру. Содан соң оны тексергіңіз келетін суға батыру керек. Смартфоныңызда блютуз (Bluetooth) арқылы байланысатын Tethys қосымша-сының жүктелгені қажет. Тесттің қорытындысын сол қосымшадан көре аласыз. Ұзын жасыл сызықтың шыққаны судың қауіпсіз екенін білдіреді. Бұл құрылғы – су тұтынатын кез келген адамға қалаған жерде тест жүргізуге мүмкіндік беретінімен ғажап», – дейді. Оның ғажап дегені «Ғажайыпты жасайтын өзіміз ғой» деп естілді.

Иә, расымен де ғажап, себебі The American Bazaar порталының мәліметінше, АҚШ-та 5300-ден аса су жүйесінде қорғасын бар екені анықталған. Тұрғындар үйіне келетін судың лас немесе таза екенін тек екі-ақ жолмен анықтай алатын. Бірі Қоршаған ортаны қорғау агенттігінің зертханасына тапсырады. Екінші жолы – тест таяқшасын қолдану. Біріншісі ұзақ уақыт алса, екінші әдіс нақты нәтиже бермейді. Ал 12 жасар өнертапқыш үшінші, ең жеңіл және жылдам жолын тапты. Керемет емес пе!

«Ғылым үлкен өзгерістерді жасай алады және мына әлемді сақтай алады» дейтін АҚШ-та туған үнді қызы Гитанджали 10 жылдан кейін не істейтінін сұрағанда: «МІТ-де генетика мен эпидемиологияны оқимын», – деп жауап береді. Ал «20 жылдан кейін немен айналысасың?» деген сұраққа: «Қалайда осы әлемді жақсартуға зор ықпал етемін және ізімді қалдырамын», – дейді. Қазір ол 15 жаста. Жас ғалымдар байқауынан жеңіп алған 8 миллион долларды құрылғысын жақсартуға жұмсап жүр.

Өнертапқыш үздік идеялар айтылатын TEDx Talks (АҚШ-тың Нашвилл қаласында өтті) сахнасында сөйлеген сөзін: «Егер біз адамзаттың алдындағы проблемаларды біліп, анықтап, оларды шешсек, әлемді жақсарта аламыз», – деп аяқтайды. Ал Үндістандағы TEDx Talks-қа арнайы шақырту алып, өнертабысы туралы баяндаған Гитанджали-ге атақты актер Шахрук Хан: «Біздің болашағымыз сенің алақаныңда сақтаулы», – деді.

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз