Еліміздің алты дүркін чемпионы «Астана» командасы Португалиядағы оқу-жаттығу жиындары кезінде екі футболшымен толықты. Бір қызығы, бұл екеуі де шетелдік болғанымен, алдағы маусымда легионер болып саналмайды.

Өздеріңізге белгілі, Қазақстан футбол федерациясының атқару кеңесі 2020 жылғы маусымда Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің ойыншылары легионер болып саналмайды дегенге келіскен болатын. Бұл одаққа Қазақстан, Ресей, Армения, Беларусь пен Қырғызстан кіреді.

«Астананың» қатарына қосылған екі футболшы – Армения және Беларусь құрамасының өкілдері.

Былтыр Қызылорданың «Қайсар» клубының жанкүйерлерінің сүйікті ойыншысына айналған армениялық Тигран Барсегян енді «Астананың» намысын қорғайды. 26 жастағы футболшы «Қайсардан» бөлек, отанында «Бананц», «Гандзасара», «Мика» және Македонияның «Вардар» командасының намысын қорғаған.

Тигран былтырғы маусымда «Қайсар» сапында Қазақстан кубогында топ жарып, ел біріншілігінде сұрмергендер тізімінде алғашқы бестікте болған. Армения құрамасы сапында 28 ойын өткізіп, 5 гол соққан.

Тигранмен келісімшарт 2 жыл мерзімге жасалған. Футболшы қос қапталда да ойнай береді. Әсіресе, оң жақпен шабуылдағанды жақсы көреді.

«Былтырғы маусымды Қызылорданың «Қайсар» командасы қатарында өткіздім. Менің көрсеткен ойыным «Астана» футбол клубының басшылығына ұнаған болуы керек. Сөйтіп, ұсыныс жасады. Отбасыммен ақылдасып, көп ойланбастан келісім бердім. Енді команда алдына жүктелген барлық міндетті орындауға көмектесу үшін қолымнан келгенді аянып қалмаймын. Чемпиондар лигасы немесе Еуропа лигасының топтық кезеңінде доп тепкім келеді. Бұл мен үшін де, команда үшін де өте маңызды. Соққан голдарым елорда командасының жеңіске жетуіне пайдасын тигізеді деп үміттенемін», – дейді Барсегян.

Ал Беларусь құрамасының жартылай қорғаушысы Макс Эбонг Португалияда толық медициналық тексеруден өткеннен кейін келісімшартқа қол қойды.

Бұл футболшыға толығырақ тоқталып өтсек. Оның әкесі Камерун астанасы Яундеден Беларусьтың Витебск қаласында медициналық университетіне оқуға келіп түседі. Сосын жергілікті Наталья деген студентпен танысып, отбасын құрған.

Макс футболмен Витебскіде айналысқан, алайда жасөспірім шағында Солигорскінің «Шахтер» командасынан шақырту алған. 2016 жылдың қараша айында алғашқы кәсіби келісімшартқа қол қойды. «Шахтердің» негізгі құрамындағы алғашқы ойынын 2018 жылдың 11 наурызында өткізген. Содан бері «Шахтер» сапындағы екі маусымда барлық турнирде 49 ойынға қатысып, гол+пас жүйесі бойынша 8 ұпай жинаған. Ол жартылай қорғаныстың кез келген шебінде ойнай алады. Сол үшін «кеншілердің» бұрынғы бас бапкері Сергей Ташуевке рақметін айтатын болар. Екі жылдағы жалғыз жетістігі Беларусь кубогының иегері атануы.

Ол Беларусь жастар құрамасының көшбасшыларының бірі. Осыған дейін 9 ойын өткізіп, 1 гол соққан. Ал ұлттық құрама сапында жиі шақырту алып, Уэльс және Нидерланды құрамаларымен матчта алаңға шыққан.

Жартылай қорғаушы «Астанамен» төрт жылдық келісімшартқа қол қойды.

«Астана» сапынан өзімді сынап көру туралы ұсыныс түсті. Сосын ойланып көрдім. Жақын адамдарымен ақылдасып, жақсы мүмкіндік екенін түсіндім. Осылайша, команда сапына қосылдым. Ендігі мақсатым – «Астанамен» Қазақстанның ішіндегі барлық титулды ұтып, Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ойнау. Осы мақсаттарға жету жолында жасыл алаңда бар күш-жігерімді салуға дайынмын», – дейді футболшы.

Сергей ТАШУЕВ, «Шахтер» (Солигорск) командасының бұрынғы бас бапкері:

Эбонг – заманауи стильдегі плеймейкер

Кезінде солигорскінің (Украина) «Шахтер» командасын жаттықтырған Сергей Ташуев жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне Макс Эбонгтің «Астана» командасына ауысуына байланысты пікір білдірді.

– Макске ұсыныс жасағанда ол маған хабарласып, кеңес сұрады. Оған не айтқаным құпия болып қалсын, – дейді С.Ташуев.

– Неліктен Эбонгке «Астанаға» ауысу керек болды?

– Қазір Қазақстан клубының деңгейі Солигорск командасынан жоғары. «Астана» инфрақұрылым және қаржы жағынан озық тұр. Одан бөлек, команда еурокубокта тұрақты ойнап жүр. Егер рейтингті алып қарасақ, «Астана» ойыншыларының құны жоғары болады. Ал спорттық принцип жағынан сұрақ туындауы мүмкін. Бірақ футболшы таңдауды өзі жасады. Егер дамуын жалғастыратын болса, барлығы жақсы болады.

– 2018 жылы «Шахтерге» келе салып, бірден 18 жастағы футболшыға сенім артуыңыздың қандай сыры бар?

– Мен команда тізгінін ұстаған тұста «Шахтерда» сол қапталдағы инсайд болмады. Жолдастық кездесулердің бірінде осы позицияға Эбонгты ойнатып көрдік. Маған ұнады. Айтқан тапсырманы мүлтіксіз орындады. Қапталдан ортаға ауысу, прессинг жасау – барлығын дұрыс істеді. Осы ойыннан кейін Максті келесі ресми ойынға шығарамын деп шештім. Әрине, керемет жарқылдап кеткен жоқ, бірақ өзіне бейтаныс позицияда барлық тапсырманы сауатты орындап жүрді.

– Эбонг кейін жартылай қорғаныстың кез келген шебінде ойнады…

– Бұл оның қағылездігін, айтқаныңды тез қағып алатынын білдіреді. Максқа қалай ойнау керегін айтсаң болды, соны орындайды. Оң жамбасына келетіні – орталық жартылай қорғаушының міндеті. Бұл тіреуіш жартылай қорғаушылардан жоғары орналасқан. Былтырғы жылы бізде тіреуіштің міндетін Селява атқарса, Макс сәл жоғары ойнады. Селявадан басты артықшылығы – шабуылға қалай қосылу керегін жақсы біледі және өзі де аяқтай алады. Валерий Громько («Шахтердың» бұрынғы ойыншысы) секілді қорғаныс пен шабуылға бірдей үлгереді. Эбонг – заманауи стильдегі плеймейкер, яғни тек шабуылда ғана емес, қорғаныста пайдасы зор.

– Былтыр Эбонг чемпионатта 17 матчқа қатысты, орташа есеппен алаңда 57 минуттан ойнады. Бұл аз емес пе?

– Аз емес. Өйткені жарақаты болды. Оның үстіне Громькоға бәсекелес болу қиынға соқты. Бірақ мен Эбонгты негізгі құрамның ойыншысы деп есептедім. Мысалы, «Манчестер Ситиде» бүгін Сане ертең Марез ойнап жүре береді. Бұл қалыпты жағдай. Ол маңызды матчтарда алаңға шықты. Оның ішінде Беларусь кубогының финалы бар. Сонымен қатар, Макстың әлі жас екенін ұмытпау керек.

– Макс Эбонгтың басқалардан ерекшелеп тұратын күшті тұстары мен әлсіз жақтарын айтып өтсеңіз…

– Оның ең басты қасиеті – мінезі. Макс нағыз еңбекқор жігіт, үйренуден және соны жүзеге асырудан ешқашан жалыққан емес. Маған онымен жұмыс істеу оңай болды. Айтқаныңды тыңдайды. Оның үстіне, денсаулығы өте мықты. Жүрек соғысы, антропометрия бәрі-бәрі қалыпты. Ал кемшілігіне келетін болсақ, оған әлі де соққы жұмсау, шабуылды аяқтау және допты тоқтату бойынша жұмыс істеу керек. Бұлшық еттерін шынықтыру қажет. Оның болашағы алда деп ойлаймын.

P.S. Эбонг Беларусьтың «Шахтер» командасынан «Астанаға» ауысқан алғашқы футболшы емес. Былтыр ақпан айында хорватиялық қорғаушы Лука Шимунович келіп қосылған.

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №5
4 ақпан 2020 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз