Жақында Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарынан Ресей құрамасының төрт жылға шеттетілгені әлемге белгілі. Бүкіләлемдік допингке қарсы агенттіктің (WADA) Ресей құрамасына қолданған қатаң жазасынан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев допингпен ұсталған спортшыларға жазаны күшейтетін заңды енгізді. Допингке қарсы ережелерді бұзған, допинг пайдаланған спортшылар үшін қолданылатын жазаны да бекітті. Заңды бұзған спортшы дисквалификацияға ұшырайды, спорттағы нәтижесі жойылып, біліктілік ұпайын алып тастайды. Спортшылар мен жаттықтырушыларға ай сайын төленетін айлықты тоқтатып, спорттық атағынан айырады. Сондай-ақ, Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада чемпиондары мен жүлдегерлеріне баспананы 10 жылға тек жалға береді, яғни 10 жыл бойы баспанаға иелік ете алмайды. Егер осы кезеңде сынамаларда допинг анықталмаса, тұрғын үй спортшының меншігіне беріледі.

Расында мұндай заңды қабылдауға не түрткі болды? Өйткені 9 жылда 307 қазақстандық спортшы тыйым салынған препарат пайдаланған. Тіпті соңғы 10 айдың ішінде 40-қа жуық спортшы допингке қарсы ережелерді бұзған. Ал 2018 жылы әлемдік жарыстарға шығып жүрген 36 спортшымыз допингпен ұсталған. Осы жерде «спортшылар допингке неге құмар?» деген сұрақ туады. Кейбіреулер айласын асырғысы келіп, енді біреулер білместікпен пайдаланып қойып жатқан допинг олардың «жеңіске жетуіне» қаншалықты көмектеседі?

ХХ ғасырда пайда болған допинг спортқа кенедей жабысып, оның ажырамас бөлігіне айналды. Тіпті, соңғы жылдары допингтің 10 мыңға жуық түрі пайда болып, спорт әлемін жаулап алды. Қазақстандық спортшылардан ең алғаш болып Ольга Шишигина допинг дауына ұшырағаны мәлім. Атланта Олимпиадасының қарсаңында «стонозолол деген тыйым салынған препаратты пайдаланды» деген айып тағылып, екі жылға спорттан шеттетілген еді. Дегенмен Сиднейде топ жарған жеңіл атлетіміз допингке еш қатысы жоқ екенін дәлелдеді. Анаболик-андрогендiк стероидтердің қатарына кіретін стонозолол спортшылар көп қолданатын үздік 5 препарат қатарына кіреді.

Станозолол ағзадағы зат алмасу процесiн жиiлетіп, салмақ арттырмай, бұлшықеттердің шыдамдылығы мен күшін көбейтеді. Спортшылардың төзiмдiлігін арттырып, шаршап-шалдығуға жол бермейтін станозололдың зияны да көп. Олимпиадада атой салған Илья Илин, Зүлфия Чиншанло, Мая Манеза мен Светлана Подобедова сынды спортшылардың допинг сынамасынан дәл осы станозолол препараты шыққан. Станозололдан бөлек, фуросемид, мельдоний, кленбутерол, оралтуринабол, тестестерон, хлорталидон, амилорид, ацетазоламид сынды препараттарды да спортшылар көп пайдаланады. Допингті ең көп қолданатын спортшылардың ішінде
ауыр атлеттер көш бастап тұрғандай. Мысалы, 40-тан астам ауыр атлетіміз
допинг дауына ілікті. Соның ішінде 13-і 2013 жылы допингпен ұсталса, дәл сол жылы Әзербайжан құрамасында 17 ауыр атлеттен допинг шыққан. 2006 жылғы әлем чемпионатына 11 атлетi допинг сынақтан өте алмаған, әлемдегi ең күштi ұжымның бірі саналатын Иран құрамасы қатыстырылған жоқ. Ал 2008 жылғы Бейжiң Олимпиадасына допинг қолданған Болгарияның ауыр атлетика құрамасы жiберiлмеген еді. Айтпақшы, допинг дауына байланысты Токио Олимпиадасына Қазақстанның атынан тек екі ауыр атлет ғана қатысады.

Ауыр атлетикадан бөлек, аралас жекпе-жек өкілері де тыйым салынған препараттарды көп қолданатындардың қатарында. Атақты UFC тұжырымы ғана спортшыларды әр жекпе-жектің алдында және жекпе-жектен кейін допинг-тесттен өткізеді. Ресейлік тұжырымдардың ешқайсысы допингке тексермейді. Яғни кез келген спортшы атақ, жеңіс, рекорд, ақша үшін белді бекем буып, допинг қолдана береді. M-1 Global тұжырымының уақытша чемпионы атағына қол жеткізген Арман Әшімов те аралас жекпе-жек өкілдерінің допинг қолданатынын жасырмады. «Біздің спорт олимпиадалық
болмағандықтан, ММА-да көпшілігі допинг пайдаланады. Қазақстанда да допинг қолданатын спортшылар бар. Ұйымдарда көп тексермейді. Тексергенде де белгілі бір мөлшерден аспаса болғаны. Ал өзім оған қарсымын. Допингпен дүниені мойындата алмайсың», – дейді Арман. Жалпы спортта жоғары жетістіктерге тек әділетті жолмен қол жеткізуді көздейтін Бүкіләлемдік допингке қарсы агенттік (WADA) осы кеселмен қызу күрес жүргізуде. Дүниежүзілік допингке қарсы Кодексте тыйым салынған препараттар тізімі нақты көрсетілген. Одан бөлек, спортшылар үшін арнайы семинарлар өткізіліп, дәріс оқылады. Осыған орай, Ұлттық Олимпиада комитетінің (ҰОК) медициналық-ғылыми тобының жетекшісі Азамат Нұрматовтан қай спортта қай дәрілер жиі қолданылатыны жайлы сұраған едік.

«Допинг қатарына енгізілген дәрілер жыл сайын жарияланады. Ұлттық құрама сапындағы әр спортшы тыйым салынған препараттардан хабары бар. Әр спорт түріне қарай допингтің де қолдану түрі өзгеріп отырады. Мысалы, жекпе-жек спортына қатысатындар салмағын азайтып, денесіндегі артық суды сыртқа шығару үшін фурасемид препаратын, күш-қуатын арттыру үшін анаболикалық стероидтерді пайдаланады. Ал нысана көздеу және стенд ату спортшыларына фурасемид, станозолол сынды препараттардың дым қажеті жоқ. Олар пульсті төмендететін, жан-жаққа алаңдатпай, назарды бір бағытқа бұратын препараттарды пайдаланады. Мотоспортта алкогольді сусындар допингқа жатады. Дегенмен ҰОК президентінің бастамасымен түрлі өңірлердегі спорт ұйымдарының бәріне тыйым салынған дәрілердің салдары туралы қосымша семинарлар өтті. Сол сияқты Қазақстан біріншілігіндегі
жарыс алдында қан тапсырып, сынамалар алынады. Сол арқылы спортшының теріс әрекетке барғанын анықтап, проблеманың алдын алады», – деді Азамат Нұрматов. Рас, кейде спортшылар бiлмей, медицинадан аса хабары болмағандықтан допинг дауына ұрынады. Ауырып-сырқаттанғанда тезірек емделу үшін қолданған дәрі-дәрмектердің құрамында тыйым салынған препараттар шықты деп ақталғандар да жоқ емес. 2017 жылы «Қазақстан барысы» турнирінде қарсыластарын қоғадай жапырып, айды аспанға шығарған Еламан Ерғалиев араға бір жыл салып, допингпен ұсталды. Бірақ спортшы дәрігерлер тағайындаған дәрі-дәрмекті пайдаланғанын айтып ақталған еді. 2018 жылы балық аулау спортынан Қарағанды маңындағы Самарқан су қоймасында өткен әлем чемпионатында Ержан Уахитов жеңімпаз атанды. Бір тур ішінде 10 келі балық ұстап, әлемдік рекорд орнатқан отандасымыздың қанынан тыйым салынған зат – мельдоний
табылған. Спортшы мельдонийдің емделіп жүрген кезде дәрі-дәрмекпен бірге қанға сіңуі мүмкін екендігін айтты. Алайда Бүкіләлемдік антидопинг агенттігіне қажетті анықтамаларды жолдамағандықтан төрт жылға спорттан шеттетілді. Спорттық тағамдарды пайдаланып, допинг дауына іліккен спортшылар да болды. UFC тұжырымындағы атақты спортшы Йоэль Ромероның да қанынан тыйым салынған зат табылып, алты айға дисквалификация берілді. Бірақ спортшы тыйым салынған заттың ағзасына. спорттық тағам арқылы түскенін дәлелдеп, өзін ақтап шықты. Нәтижесінде Ромеро спорттық тағам шығаратын Gold Star компаниясын сотқа беріп, 27 миллион доллар өндіріп алады.

Қорыта келе айтарымыз, атақ үшін абыройын құрбандыққа шалатын спортшылар ұзаққа шаппайтыны белгілі. Әлемдік ареналарда допингсіз-ақ даралануға болатынын дәлелдеп жүрген спортшыларымыз жетерлік. Бастысы, допинг арқылы шыңға шығу мен құлаудың арасы бір сәт екенін
ұмытпаған абзал. Осы орайда, бұлшықет өсіру үшін әлде қызық көріп, әлде мақтан көріп, спорттық тағамдарды пайдаланып жүрген жасөспірімдер қаперсіз болмаса дегіміз келеді.

Дәурен Түлкібай

«Ақ желкен» журналы, №1
Қаңтар, 2020

5 ПІКІРЛЕР

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз