Абай – біздің данамыз

Қымбатты оқырман! «Балдырғанның» балғын достары!
Биыл ұлтымыздың ұлы мақтанышы Абай Құнанбайұлы бабамыздың туғанына 175 жыл толады. Бұл – еліміз үшін үлкен мереке. Осы мерекені жан-жақты, данышпан ойшылдың биік деңгейіне лайық дәрежеде атап өтуіміз қажет. Оған дайындық еліміз Президентінің тапсырмасымен былтыр басталған. Бұл орайда «той» деген тек шартты ұғым екенін ұмытпайық. Тойдың аясында еліміздің рухани әлемінде көптеген игі шаралар өтетін болады. Соның ең бастысы – біздің Абай әлемін таныған үстіне тани түсуіміз. Яғни Абайдың әрбір өлеңін, әрбір қара сөзін тамырына дейін тереңдеп оқып, санамызға сіңіруіміз керек. Ондағы өсиетті, тағлымды, тәлімді, ғибратты бойымызға дарыта білгеніміз абзал. Осы мақсатта «Балдырған» журналы «Абай – біздің данамыз» атты жаңа айдар ашып отыр. Айдар аясында біз оқырманды Абай әлеміне жақындата түсетін, оның тамыры терең тағлымды ойларын жан-жақты аша түсетін дүниелер жариялауды жөн санап отырмыз. Бүгін соның алғашқысын қабыл алыңыздар!

Асхат ӨМІРБАЕВ. «АБАЙ ҒИБРАТЫ»

«Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ 
Бес дұшпаның білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рахым, ойлап қой 
Бес асыл іс көнсеңіз».
(Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінен үзінді)

ӨСЕК

Жамандасам досымды,
Қайтіп жақсы боламын.
Атам айтқан асылды,
Ойға түйер баламын.

Өсек емес қалауым,
Жала жабу маған жат.
Өсек айтсаң сауабың
Кемиді екен, адамзат!

ӨТІРІК

«Жалған сөйлеп лепіріп,
Жаман болма, әй балам!
Өрге баспас өтірік» –
Дейді әжем аймалап.

Алдай берсең басқа мін,
Қадіріңді кетіріп.
Сырт айналар достарың,
Қалмағайсың өкініп.

МАҚТАНШАҚ

Болсаң досым мақтаншақ,
Мазақтайды балалар.
Атанбайсың жасқаншақ,
Айтпаса мақтау ағалар.

«Менен күшті кім бар, ей?» –
Десең тауың шағылар.
Жеңіске жетер үндемей,
Сенен мықты табылар.

ЕРІНШЕК

Ұйқыдан кеш тұратын,
Сабаққа бармай қырсығып.
Бетін әрең жуатын,
Еріншектің сырын ұқ.

Салынбаймын селтеңге,
Ата-анамды ойлаймын.
Қалдырар ісін ертеңге,
Жалқау бала болмаймын.

МАЛ ШАШПАҚ

Қуантарсың баршаны,
Суды төгіп, шашпасаң.
Бір тістеп тәтті алманы,
Рәсуә болар тастасаң.

Үзіліп қалған түймені,
Көтеріп ал, балақай!
Ысырап болар дүниені,
«Мал шашпақ» депті ұлы Абай.

ТАЛАП

«Әліппемен» танысып,
Білімге артты құштарым.
Достарыммен жарысып,
Талабымды ұштадым.

Талап қылсам жетермін,
Еңбек етіп арманға!
Ғажап болар ертеңім,
Нұрын шашып бар маңға.

ЕҢБЕК

Бақыт басын иеді,
Еңбек етсең тынымсыз.
Адам үшін киелі,
Адал еңбек біліңіз.

Еңбек – рахат көкесі,
Қуанышқа бөлейді.
Еріншек – үйдің еркесі,
Ешбір ісі өнбейді.

ТЕРЕҢ ОЙ

Таңданудан басталған,
Терең ойға сапарым.
Халыққа адал ас болған,
Бидайдан қалай тартар ұн?

Күн шығады шығыстан,
Батысқа неге батады?
Көрінбей күндіз айлы аспан,
Түнде ойланып жатамын.

ҚАНАҒАТ

Қармаққа түссе аз балық,
Ренжімеймін мен мүлде.
Атамнан алсам базарлық,
Көбісін берем ініме.

Қомағай бала емеспің,
Асты ішер асығып.
Қанағатшыл демес кім,
Жасаймын көп жақсылық.

РАХЫМ

Көршінің тиіссе баласы,
Кешіре салам ренжімей.
Допқа да қалсам таласып,
Достасып кетем үндемей.

Беретін көмек кәріге,
Ниеті ізгі баламын.
Мейірімді болсақ бәріне,
Рахымы жауар Алланың.

Суретін салған Елана ЛЫСЕНКО

«Балдырған» журналы, №1
Қаңтар, 2020

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз