Бір жыл бұрын Селимжан Чалышкан туралы жаздық. Газетті редакциядан өзі келіп алып кетті. Сүйкімді баламен әңгімеміз жараса қалды. Шетелге оқуға тапсырып жатқанын да айтқан-ды.

Селимжан – Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі. Тегерандағы International Biology Olympiad-2018 сайысының қола медалі, сондай-ақ республикалық олимпиададан алтын және қола медаль иеленген. Ғылыми жетістіктерінен бөлек инновациялық жоба жасады. 2017 жылдың аяғында Любовь Дудченкомен бірге «Әлеуметтік маңызды инновациялар» жобасымен республикалық NURINTECH республикалық жастар конкурсында бірінші орынға ие болғаны да күні кеше еді. Олардың «Оqyp kоr» өнертабысы мәтіндерді Брайль қарпінде камера арқылы көрсететін құрылғысы зағип жандардың ақпаратқа қол жеткізуіне мүмкіндік берді.

Селимжанның марапаттары қатарында «ТОМ:АLMATY» және Kazrobotics – 2018-дің дипломдары бар. Оқушы күнінде ерікті болып, «Қаланың эко батыры» атанған. ASU жасыл ел қозғалысына қолдау көрсеткен. Халықаралық IT-стартап Astana Hub технопаркіндегі балалар робототехникасының дамуына үлес қосты.

Көктемде «Селимжан Гарвард университетіне оқуға түсіпті» деген жаңалықты естіп, қатты қуандық. Кеше ғана бір семестрін аяқтап, елге оралыпты. Өзі оқыған мектептің оқушылармен жүздесуіне бізді де шақырды. Сөзбасы «Гарвард маған не берді?» сұрақтан басталды.

– Шетел мені жатырқамады. Бірақ елден жырақта жүріп, еліміздің бауырмашыл халық екенін түсіндім. Қонақжайлығымыз тіптен бөлек әңгіме. Бұл біздегі өзгермейтін, қанымызға сіңіп кеткен менталитет екеніне көзім жетті. Ол жақта эгоизм басым. Ата-анаңнан алыста тұрғандықтан, аздап үйренісу қиын болды. Төрт ай бойы өзімді дамытып, сабаққа көңіл бөлдім. Гарвардта оқу екінің біріне бұйыра бермейтіні анық. Бірақ бұл – мүмкіндіктер алаңы. Барлық студентке жағдай жасалған. Өзіңді басқару мен тәрбиелеуге, қоғаммен байланыс жасауға, тұлға болып қалыптасуға көмектеседі.

Мен екі бірдей оқу орнына бірден түскен едім. Бірі Әбу-Дабидегі Нью-Йорк университеті болса, екіншісі – Гарвард университеті. Бірден Гарвардты таңдадым. Бұл – әлемдегі ең көп профессоры бар университет. Тарихы да тым тереңде. Маған шәкіртақысы бар толық грант ұсынды. Оқу мен өмір сүру, тамақ, медициналық сақтандыру мен жеке шығынның  барлығын өтейді. 2000-нан астам пән мен 50 мамандық  бар. Жоғары оқу орнында мықты түлектер қауымдастығы жұмыс істейді. Мен жетінші сыныптан бастап Гарвардқа  түсуді армандадым, дейді Селимжан.

Еңбектенген адам ғана арманына жететіннің дәлелі дестік. Селимжан оқушылардың  қалай дайындалғаны және тайм-менеджмент туралы сұрағына жауап берді.

– Алматыдағы тұңғыш қазақ мектебі – №12 гимназияда 6-сыныпқа дейін оқыдым. 7-сыныпты БИЛ-да жалғастырдым. Назарбаев мектебіне 8-сыныпта қабылдандым. БИЛ-да оқып жүргенде Назарбаев университетіне түсуді армандадым. Назарбаев мектебіне түскеннен кейін Гарвардқа түсуді мақсат еттім. Көрдіңіз бе, адам берілген мүмкіндікті құр жібермеуі керек. Америкадғы оқу орындарының бәрінің талабы бірдей. Барлық мәлімет сайтқа салынады. Ең бірінші талап  SAT тестілеуі. Біздегі ҰБТ жүйесіне ұқсайды. Оның екі түрі бар: жалпы және бейінді пәндер бойынша. Ағылшын тілі мен математика міндетті жалпы бөлімге кіреді. Қалған пәнді қызығатын сала бойынша таңдайсыз. 800 ұпайдан кем жинамауың керек. Мен математика мен биологиядан 800, химиядан 770 ұпай жинадым. Халықаралық студенттерге IELTS немесе TOEFL тестілеуі де міндетті. IELTS-тан 7,0 жинадым. Оқылымнан ең жоғары 8,5 алдым. Ең төмені сөйлеуден 6,0 алдым.  TOEFL-дан 103 балл жинадым. Екінші қадам  – эссе жазу. Түсетін университетіңнің талабына сай жазылады. Бірінші өмірбаяндық эссе сұратады. Екіншісінде осы университетті не үшін таңдағаныңды түсіндіріп жазасаң. Одан кейін ұсынымхат талап етіледі. Маған биология мен ағылшын тілінен сабақ берген апайларым жазып берді. Жеке дерек пен қызығушылық туралы да сауалнама толтырасың. Өтінімді қарастыру үшін 75 доллар көлемінде жарна төлейсің. Егер отбасы жағдайы ол жарнаны төлеуге жетпесе, университет тегін қарайды. Бірақ отбасының қаржылық жағдайын растайтын қағаз құжатқа қоса тіркеледі. Өтінім жіберген бес университет менің құжатымды тегін қарап берді. Гарвардтың қабылдау комиссиясының өкілдері үміткердің «кешенді» білім алу саясатын ұстанады. Гарвардтта оқуға ниетті 43 000 үміткердің тек 2 000-ы ғана сынақтан сүрінбей өтіп, шақырту алған, дейді Селимжан.

Назарбаев мектебіндегі оқушылардың бір-бірін іздеп, бағалап жүретініне сүйсіндік. 2018 жылдың соңында осы мектептің түлегі Ақназар Қажымұрат та Гарвард университетіне шақырту алған еді. Ақназар да толық грант иегері. Ол SAT Subject Tests халықаралық емтихандарында ең жоғарғы ұпайды жинады. Балалар Ақназардың да жағдайын сұрап, дұғай сәлем айтты.

Селимжан әңгімесін әзілмен бастады. «Әлі күнге дейін телефон ұстамайды. Екеуміздің жатақханамыз екі жақта. Оның жағдайын білу үшін жатақханасына іздеп барамын. Өте алыста тұрады. Ол сабаққа бармайды, лекция жазбайды. Бірақ үздік студенттің бірі. Сабағының бәрін «5-ке» оқиды. Қазір жоғары математика бөлімінде оқып жатыр. Билл Гейтстің лекциясында оның атын атап, мақтапты. Оны естіп мен қатты қуандым», –  деді жымиып.

Р.S. Гарвард университетінің студентімен жолығатынымызды жас тілшілерге айтқанбыз. «Шетелдік университетті қалай таңдау керек?» деген сұрақты сөз соңында қойған едік: «Әлемдік атағына емес, беретін біліміне қарап таңдау керек. Азия еліндегі университеттер математика саласын жақсы үйретеді. Осы сала бойынша бай кітапханасы да бар. Америка елдері  техника саласына көп көңіл бөледі. Олардың беретін мүмкіндіктері де жоғары. Ең маңыздысы – берген білімді өмірге азық ету. Осыны естен шығармаңдар!, – деп кеңес айтты Селимжан.

Дайындаған Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

Фото авторы Сәрсенбек ҚЫЗАЙБЕКҰЛЫ

«Ұлан» газеті, №3
21 қаңтар 2020 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз