Достар, маңызды жұмысты кейінге қалдырып, әбден уақыт таяғанда жанталасу сезімі жақсы таныс па? Маңызды кездесу, есеп беру немесе шұғыл
дәрігерге қаралу секілді шаруаларымыз бар болса да, қажет емес майда
істерге көңіл бөліп жатамыз. Тіпті кейде шұғыл орындалу керек ісімізді
қойып, әлеуметтік желілерді мақсатсыз шоламыз, поштамызды тексеріп,
шай ішіп, өзімізді маңызды жұмыстан алыстатуға тырысамыз. Біз мұны
жалқаулық деп жүрсек, ғылымда прокрастинация дейді екен. Бұл дертпен қалай күресеміз?

Бүгінде адамдардың қалжырап, үнемі бірдеңені уайымдап жүретінін жиі байқайтын шығарсыз. Күнделікті өмірде бітпейтін қарбалас пен түрлі ақпараттық шудың әсері адам баласын күйзеліске түсірмей қоймайды. Белгіленген уақытта орындалмай, әбден ең соңында асығыс жасалған іс шикі боп шығуы мүмкін. Соның кесірінен басшыңыздан сөгіс естисіз немесе «неге уақытында орындамадым» деп өзіңізді жегідей жейсіз. Егер бойыңыздан осындай қасиетті байқасаңыз, дереу онымен күресуді бастауыңыз керек. Бұл туралы методист маман не дейді?

Назерке ҚҰЛЖАБАЙ, методист:

– Бір істі үнемі кейінге қалдыра беру – көп адамға тән қасиет. Неге біз дедлайнды біле тұра, жоспар құрсақ та бәрін ең соңында істейміз? Бұл жайтты ең алғаш С.Н.Паркинсон есімді ғалым байқаған. Паркинсон заңы бойынша, адам жұмысқа қанша уақыт бөлсе, оған сонша уақыт жұмсайды. Ешқашан одан ерте бітірмейді. Мысалы, бір мақаланы жазуға үш сағат уақыт бөлсеңіз, оны үш сағаттан ерте аяқтамайсыз. Себебі, ең басында миыңызды «үш сағат уақыт жұмсаймын» деп сендірдіңіз. Яғни адам өзі белгілеген уақытқа қарай бейімделеді. Тағы бір мысал. Егер маңызды бір жобаны үш күнде бітірем десеңіз, «әлі уақыт бар, жүре тұрайын» деп өзіңізді алдарқатасыз. Енді отырам дегенде басқа нәрселер еске түсіп, назарыңыз шашырайды. Нәтижесінде ол жұмысты ұзақ әрі қиналып істейсіз. Не істеу керек? Паркинсон заңы бойынша, бір істі орындауға кететін уақыттан артық уақыт бермеуіңіз керек. Паркинсон ережесін түсінген соң «үш сағат жасаймын» деген іске бір жарым сағат арнап, әрқашан берілген уақытты екі есе қысқартып көріңіз.

Айта берсек, бұған бірнеше мысал келтіруге болады. Студенттердің семестр бойы жүріп, бір түнде жүз билетке дайындалатынын ешкім жоққа шығара алмайды. Алайда уақыттан ұтылмаймын деп, жұмысты шала істеуге болмайды. Сауалымызды психоаналитик маман Жанар Оспановаға да қойып көрдік. «Қазір көп адам бұл дертке шалдыққанын мойындай бермейді», – дейді ол.

Жанар ОСПАНОВА, психоаналитик:

– Істі кейінге қалдыру көбіне перфекционист адамдарға тән. Психоанализ тілімен айтсақ, «шынымен мүмкіндігім жете ме, жауапкершілігі көп жұмысты істесем, маған басқалар қызғанышпен қарайды» деген ішкі сыннан қорқады. Кез келген адамның ішінде кішкене бала және ата-ана бар. Егер дұрыс болмаса, ата-ана қоштамайды деген ішкі қорқыныш жеңеді. «Мен лайықты емеспін, істей алмаймын» деген бала қорқынышы ары қарай өзіне ызалануға ұласады. Себебі ата- анаға ызалануға болмайды деген ұғым бар. Көп жағдайда адам өзіне ұнамайтын істі кейінге қалдырады. Сүйіп істеген іс, әрине, көңіл-күйді жақсартады немесе кез келген жұмысқа келісіп, кейін мансап жолында өссе, адам ол жұмысты істегісі келмей қалады. Сондай-ақ
істейін деп тұрған тапсырманы түсінбесе, ертеңге қалдыра береді және сол үшін мазасызданады.

Бұл өте терең әрі күрделі нәрсе дер едім. Адамдар екіге бөлінеді. Бірі мұны қалыпты жағдай деп қабылдаса, бірі дерт деп таниды. Кімнің қалай қабылдайтынына байланысты. «Менде бірдеңе дұрыс емес, мұның алдын алуым керек» деп ойлаған адам міндетті түрде мамандардың көмегіне жүгінеді. Себебі мұны жалғыз шеше алмайды. Адам өзінде бірдеңе дұрыс емес екенін саналы түрде мойындап, маманға келсе, кез келген психологиялық дертті жеңе алады.

Кей психологтар мұны «эмоциялық таусылудың» көрінісі дейді. Адам көп жұмыс істеп, өзіне көп уәде берген сайын оның бейнесі әлеумет үшін жағымды бейнеге айналады. Яғни адам үнемі елдің назарында болу үшін, бәлкім жұртқа ұнау үшін көп жұмыс істеуге және бәрін мінсіз орындауға тырысып бағады. Бұл эмоциялық таусылуға әкеп соғады. Ел күткен нәтиже көрсете алмаса, өзін жиі жазғырады. «Перфекционистер кемшілікті қабылдай алмайды. Идеал болу адамды құртады» дейді олар. Көп жағдайда мұның салдарынан ойда тұрған нәрсені ұмытып қалады, зейінін бір затқа ұзақ аудара
алмайды, он минут кітап оқыса, демалғысы кеп тұрады. Тіпті кейде не ұйқы жоғалады, не көп ұйықтайтын болады.

Қалай күресеміз?

Мұны шешудің ең тиімді жолы – жоспармен жүру. Істі жоспарлау жүйесіздіктен сақтайды. Сондай-ақ істерді маңызды және шұғыл, маңызды, бірақ шұғыл емес, маңызсыз, бірақ шұғыл, маңызсыз және шұғыл емес деп топқа бөлу керек. Тапсырмаларды осылай бөлгенде ғана белгілі бір жүйе пайда болады. Үлкен тапсырмаларды кішкене бөлшектерге бөлу істі жеңілдетеді әрі оңай орындалуына сеп болады.

Есіңізде болсын, бұларды ойша орындау көпке апармайды. Барлығын қойындәптерге жазу керек. Қағазға түспеген нәрсенің орындала қоюы екіталай. Ми жазылған нәрсеге ғана сенеді. Осылайша жұмыс өнімділігін арттыруға болады. Табыскер тұлғалар әрдайым жоспармен жүретінін ұмытпаңыз.

Тағы бір айта кетер жайт, іске кірісер уақытта ойды бөлетін нәрселерді алып тастаңыз. Зейініңізді бір ғана нәрсеге аударыңыз. Сонымен бірге жұмыс үстеліңіздің тазалығына да мән берген жөн. Әрине, мұндағы ең басты нәрсе – адамның ерік-жігері екені айдан анық. Ерік-жігеріңізді қалай басқарасыз, ісіңіз де солай жүреді.

Жандарбек Жұмағұлов

«Ақ желкен» журналы, №1
Қаңтар, 2020

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз