Алматы – мәдениеттің ордасы. Мәдени ошақтардың алаңы да осында. Театрлар, музейлер, кітапханалар… Ал адам бойына мәдениетті сіңіретін осындай орталықтарға жасөспірімдер жиі бас сұға ма? Орталықтарға хабарласып, мәлімет сұрадық. Мысалы, Қазақстан бойынша жасөспірімдерге арналған театр біреу ғана. Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры осы Алматы қаласында.

«Қазір мектептерден театрға келу туралы ешқандай ұсыныс жоқ. Театрдың әкімшілігі Алматы қаласындағы аудандармен тығыз қарым-қатынас жасайды. Мектептің тәрбие ісі жөніндегі бөлімі арқылы оқушылар келіп тұрады. Қазір «Жусан иісі» қойылымына келуші көп. Былтырдан бастап министрлік тарапынан жасөспірімдерге арналған жылына екі қойылым болу керек деген тапсырма берілді. Мектептер балаларды театрға әкелу үшін автобус жалдауға мәжбүр. Көп мектепте ондай жағдай жасалмаған. Ал өз бетінше баласын театрға жетектеп әкелетін ата-ана аз. Баласын өз бетінше жібере алмайтыны тағы бар», – дейді театр қызметкері Майя Әділхан.

Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайының да өзіне баурап алар сиқыры бар. Қылқалам шеберлерінің құнды туындыларының түпнұсқасы осында сақтаулы. «Музей тек көрмелер ғана өткізбейді, балаларға арналған білім беру, әлеуметтік, мәдени-ағарту шараларын жиі ұйымдастырып тұрады. Мектеп демалысы кезінде оқушыларға музейге кіру тегін. Жазғы демалыс кезінде, 1 маусым балаларды қорғау күнінде, тағы басқа да шараларға балалар жиі келеді. Шамамен, күніне 20-дан 200-ге дейін бала келеді. Балалар үйінен, мектептен сынып болып та келіп жатады. Балалардың келу көрсеткіші музейде ұйымдастырылатын іс-шараға да байланысты», – дейді музейдің қоғаммен байланыс бөлімінің маманы Гүлзат Мамытова.

Мемлекеттік орталық музейдің де жасөспірімдерге арнаған сыйы көп. Биыл қала әкімшілігі мен музей ұжымы бірігіп, балаларға арнап бірнеше жоба жасапты. Сол жобаларға мектеп оқушылары жиі шақырылады екен.

Ал Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасы заманға сай жабдықталды. «Күніне 300-ден 1000-ға дейін оқырман келеді. Ал күн сайын жоқ дегенде 50 адам жаңадан жазылады. Жоспар бойынша 15 мың оқырман тіркелу керек. Бірақ бізде қазірге дейін 29 928 оқырман тіркелді. Айына 23000-25000 оқырман бас сұғады. Соның 99 пайызы – оқушылар мен студенттер. Ал оның ішінде 90 пайызы – қазақ балалары», – дейді кітапхана меңгерушісі Ғазиза Құдайбергенова.

Ал кинотеатрларға баратын жасөспірімдердің саны айтпаса да түсінікті шығар. Алматы қаласында 23 кинотеатр бар екен, соның қай-қайсысы да келушілерге зәру емес. Баласын кинотеатрға жіберуге қорықпайтын ата-ана неге театрға жібере алмайды?!

«Ақ желкен» журналы, №1
Қаңтар, 2020

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз