Былтырғы маусымда бірнеше тур қатарынан турнир кестесінде көш бастаған Қостанай клубы ең соңында үштікке де кірмей қалған болатын. Сондықтан клуб басшылығы жаңа маусымға дайындықты ерте бастап кеткен секілді. Алдымен бас бапкерді тағайындады.

Григорий Бабаян:

«Астана» қайтып шақырмады

Бірнеше жыл «Астана» клубында бас бапкердің көмекшісі, арасында өзі де бас бапкер болған Григорий Бабаян енді Қостанай клубын жаттықтырады.

– «Тобыл» клубының басшылығы қызығушылық танытып, ұсыныс жасады. Оның үстіне келіссөз барысында ой-пікіріміз бір жерден шықты. «Тобыл» соңғы жылдары спорттық жетістіктен бөлек, инфрақұрылымды дамытуға да аса қатты көңіл бөліп отырған клубтардың бірі. Осы жұмыстардың барлығы Қостанай командасымен келісімшарт жасасуыма әсер еткені анық.

– «Астананың» соңғы жылдардағы жетістігіне өзіңіздің үлесіңіз бар. Жалпы, бұл клуб сапында 8 маусым еңбек еткен екенсіз. Елорда командасы қайтып шақырмады ма?

– Өзім бапкер ретінде тәжірибе жинақтаған «Астана» клубынан соңғы айларда ұсыныс күткенім рас. «Астана» клубының басшылығы менің кез келген уақытта қайтып келуге дайын екенімді жақсы біледі. Бірақ ондай ұсыныс болмады. Есесіне, қызықты ұсыныс «Тобыл» тарапынан жасалды. Сондықтан ендігі бар ойым – Қостанай командасымен жоғары жетістікке қол жеткізу.

– Команда алдағы маусымға қалай дайындалады? Оқу-жаттығу жиындары қайда өтеді?
­

– 7 қаңтардан бастап Дубай-да жиналдық. Мұнда алдағы маусымға дайындықтың физикалық кезеңін бастадық. Одан кейінгі оқу-жаттығу жиындары Түркияға жоспарланған. Ол кезде тактикалық жаттығуларға мән береміз.

– Команданың қай позицияларын күшейту қажет?

– Негізі барлық позицияға жаңа ойыншылар керек. Қазір селекциялық жұмыс жүріп жатыр. Әзірге жаңадан келетін ойыншылардың аты-жөнін атау ертерек. Бірақ команданы күшейтуі тиіс деген үміткерлердің тізімі бар.

– Командаға қосылып үлгергендер бар ма?

– Қазақстан ұлттық құрамасына кандидат Асланбек Кәкімов, Александр Марочкин және Оралхан Өміртаевпен келісімшартқа қол қойылды. Аталған ойын-шылардың шебер-ліктері күмән келтірмейді. Алайда алдағы уақытта алаңдағы жұмыстарына қарап саралаймыз.
Былтырғы маусым «Тобыл» клубында өнер көрсеткен Фернандер Кассай, Виктор Дмитрен-ко, Бауыржан Тұрысбек кетті.

Африкалық қорғаушы Кассай «Тобыл» сапында 2016 жылдан бері өнер көрсетті. Осы уақыт аралығында 125 матчқа қатысқан. Дмитренко да 2016 жылдан бері Қостанай клубында ойнады. Ол «Тобыл» сапында 101 ойын өткізген. Шабуылшы Бауыржан Тұрысбек екі маусым-да 71 рет алаңға шығып, 17 гол соққан.

Енді олардың орнына Қазақстанның бірнеше футболшысы келіп қосылды. Олар: Александр Марочкин (қорғаушы, «Қайсар»), Асланбек Кәкімов (жартылай қорғаушы, «Ақтөбе»), Оралхан Өміртаев (шабуылшы, «Шахтер»), Игорь Щацкий («Шахтер»), Темірлан Ерланов («Ордабасы»).

Нұрбол Жұмасқалиев:

Бапкер болуға әлі дайын емеспін

«Тобыл» сапында 500-ден астам ойын өткізген Нұрбол Жұмасқалиев 2018 жылы спорттық карьерасын аяқтады. Бірақ клубтан кеткен жоқ. Алдымен спорттық директор болып қызмет атқарды. Одан кейін бас бапкер Владимир Газзаев қызметінен босатылған соң, оның орнына осы міндетті маусым соңына дейін атқарып шықты. Енді 2020 жылы Нұрбол бұрынғы жұмысына қайта кіріспек екен. Бұл туралы өзі айтты.

– Көптеген футбол жанкүйерін келесі маусымда қайда жалғастыратыныңыз қызықтырады…

– Мен «Тобылдан» ешқайда кеткен жоқпын. Қайтадан спорттық директор қызметіне ораламын. Маусым аяқталған соң басшылықпен сөйлестік. Олар менің бас бапкердің міндетін атқарғанымды қалады. Бірақ әзірге бұл жұмысты алып кетуім қиын екенін түсіндім. Оның үстіне әзірге премьер-лига клубын жаттықтыру үшін лицензиям да жоқ. Сондық-тан спорттық директор қызметіне оралғаным дұрыс деп шештім. Өзім футболшы болдым, ал былтыр спорттық директор, одан кейін бас бапкердің міндетін атқардым. Бұл оңай жұмыс емес. Көп күш кетеді. Өзіме бапкерге тән теориялық білімнің жетіспейтінін байқадым. Бұл құрамдағы футболшылардың көбімен алаңда бірге ойнағанмын. Оларға бапкер ретінде бірден нұсқау беріп кету де оңай емес. Спорттық директор ретінде селекциялық жұмысқа араласамын, футбол орталығы бар.

– Былтырғы маусымды қалай бағалайсыз?

– Бірінші кезекте жыл бойы қолдаған жанкүйерлерге алғыс білдіремін. Көбіне маусым соңы оңай болған жоқ. Көңілдері қалғанын да түсінемін. «Тобыл» осы жылы өте көп жұмыс атқарды. Маусымды жақсы бастадық, көш басындағы командалардың қатарында жүрдік. Алайда шындыққа да қарау керек, «Тобылдың» бюджеті жүлдеге іліккен командалардан төмен болды. Жақында премьер-лига командаларының бюджеті жазылған мақала жарияланды, сол жерден байқауға болады. Әрине, бұл ақталу емес, дегенмен «Тобылдың» жүлдеге ілігуіне кедергі болған жағдай. Сол себепті жазда трансфер жасай алмадық. Команда соңына дейін таласты, медальға ілігеміз деген арманымыздан бас тартқан жоқпыз. Бірақ футболды алдай алмайсың. Қарсыластарымыз да негізгі құрамда ойнайтындар болды. Оған жарақат қосылды. Бапкерлер штабына қиын соқты.

– Жергілікті жанкүйерлер команда сапында Қостанай футболының түлектерінің көп болғанын қалайды…

– Әрине, барлығы да жергілікті футболшылардың көп болғанын қалайтынын білемін. Бірақ біз қанша қаласақ та, олай істей алмаймыз. Спорттық принцип деген бар, алаңда тек үздіктер ойнауы тиіс. Екінші жағынан биыл жергілікті жастардан Артем Шерстов мүмкіндік алды. Қазірдің өзінде жанкүйерлердің қошеметіне бөленіп жүр. Сондай-ақ Данияр Семченков, Роман Асранқұловтар ара-тұра ойнады. Жаттығу процесіне жастар құрамасының ойыншылары да қатысады. Болашақта осы ойыншылар негізгі құрамда ойнайды. Әлбетте, барлығы да өздеріне байланысты. Бастысы, бір орында тоқтап қалмау керек.

– Трансферге оралайық. Жазда командадан Александр Клещенко кетті, ал енді Дмитренко мен Кассай да қоштасты. Мұндай шешім қабылдауға не себеп болды?

– Клещенконың жарақаты ауыр болды. Медициналық штаб оған ота жасау қажет екенін және қайта қалыпқа келуі біраз уақытты қажет ететінін айтты. Ал еурокубоктың алдында бізге қорғанысқа ойыншы жетіспеді. Сондықтан осындай шешім қабылдадық. Клещенко біздің чемпионатқа легионер ретінде келді. Ол кезде қазақстандық қорғаушылардан бос ешкім болмады. Күте алмадық. Екіжақты келісіммен қош айтысуға тура келді. Оның орнына Витаутас Андрюшкявичюсты шақырдық. Клещенко «Енисей» сапында жарақатынан кейін алаңға тек күзде шықтық. Ал Виктор мен Фернандерге келер болсақ, бұл екеуінің келісімшарты аяқталды. Екеуін де жақсы танимын, бірге ойнадым. Дмитренко ұлттық құрамада да ойнады. Бұл енді футболдағы өмір. Мен өзім «Тобылдан» екі рет кетіп, қайтып оралдым. (2011, 2017 жылдары – авт). Әрине, оларды құрметтейміз, «Тобылға» қосқан үлестерін бағалаймыз. Бірақ жаңа бапкердің белгілі бір талаптары бар.

– Алғашқы жиын Дубайда өтеді екен. Себебін айтып бересіз бе?

– Дәстүрлі түрде «Тобыл» Түркияда үш оқу-жаттығу жиынын өткізетін. Осы жылы алғашқы жиында ауа райына байланысты қайта-қайта жаттығу тоқтап жатты. Сол себепті бапкерлер штабы алғашқы жиын Біріккен Араб Әмірліктерінде болғанын қалады. Ол жерде жаттығу жасауға барлық жағдай жасалған.

– Бас бапкер болып Григорий Бабаян тағайындалды. Жаңа жаттықтырушы туралы не айтасыз?

– Мен Бабаянды жақсы танимын. Екеуміз бала кезден алаңда жиі кездесетін едік. Кейіннен ұлттық құрамада жолымыз түйісіп жүрді. Сосын ол ұлттық құраманың бапкерлер штабында жұмыс істеді. Оның өзіндік көзқарасы бар. «Астанадағы» жетістіктерін бәрі жақсы біледі. Қазақстан чемпионы атанып, Еуропа лигасының топтық кезеңінде ойнаған. «Тобыл» жанкүйерлері жақсы қабылдайды деп ойлаймын.

– Соңғы сұрақ. Неліктен клубтың аңыз ойыншылары – Жұмасқалиев, Мұқанов, Петуховтардың қоштасу матчтары өтпеді?

– Маған осы сұрақ жиі қойылады. Былтырғы маусымның өзінде клуб басшылығы үш рет ұсыныс жасады. Олар қоштасу матчын өткізуге көмектескілері келді. Бірақ, шынымды айтсам, биыл футболшы ретінде қоштасу матчын өткізу қиын болды. Өйткені жаңа жұмысыма енді ғана кірістім, жан-жаққа қарауға мұршам болмады. Оның үстіне, бірге ойнаған футболшыларды шақыру керек. Кейбірі біз таңдаған уақытқа Қостанайға келе алмайтын болды. Бұл іс-шараны 2020 жылдың маусым айына ұйымдастырамыз деп отырмыз. Ойыннан бөлек, бірнеше іс-шара ұйымдастыру жоспарда бар. Футболшылардан шеберлік сабағы, концерттік бағдарлама болатын шығар. Жанкүйерлерге ұнауы тиіс. Жергілікті жанкүйерлердің сүйікті ойыншысына айналған Станимир Димитров, Александр Петухов, Ұлықбек Бақаев, Данияр Мұқанов және басқаларды шақырамын деп отырмын.

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №2
14 қаңтар 2020 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз