«Ағылшын тілін меңгеру қиынға соқты. Университетте де бұл пәннен нашар баға алдым. Бірнеше курсқа барғаныммен, нәтиже болмады. Ақыры интернеттен басқа елдердегі тіл үйрететін курстарды іздей бастадым. Алдымен Венгриядағы оқу орталығына резюмемді жібердім. Ол жаққа қабылданғаныммен, неге екенін білмеймін, жүрегім дауаламады. Араға біраз уақыт салып, Малайзияны таңдадым. Талапқа сай құжаттар тапсырдым. Нақтырақ айтқанда, төлқұжаттың көшірмесі, университет дипломы және мотивациялық хат. Хатта ағылшын тілі не үшін керек екенін, не себепті Малайзияны таңдағанымды жазу керек болды. Үш айдан кейін қуанышты хабар келді де, Куала-Лумпур қаласына ұшып кеттім».

Кейіпкеріміз Арай Жеңіс әңгімені осылай бастады. Өзі өте ашық-жарқын қыз екен. Басынан өткен оқиғаларын айтқанда балаша қуанып, эмоциямен жеткізіп жатты.
Қазір Арай Малайзияда оқиды. «Ұландықтарға» айтары аз емес екен.

– Арай, шет елге жалғыз шығуға қорыққан жоқсыз ба?

– Қорқыныш сезімі болды, әрине. Шет елде оқу – жаңа өмір бастау деген сөз. Біреуден естіп, интернеттен көргеннен мүлдем басқа әлем. Ешқайда бармай-ақ Қазақстанда оқи берейін, сол білімді осы жақтан да аламын ғой деген де ой болды. Бірақ, cоңғы шешімді өзім қабылдадым. Мақсатыңды ұмытпай, өзіңе не керегін білсең, соған сай әрекет ету қиын болмайды екен, соны түсіндім.

– Малайзия қалай екен? Ұнап жатыр ма?

– Малайзия менің жоспарымда мүлдем болған жоқ еді. Іштей Еуропа елдері мен Америкаға баруды ойлайтынмын. Бәрі аяқ астынан болды. Соған қарамастан, Малайзия ұнап жатыр. Жақсы қарсы алды. Бұл жердің халқы жылы шырайлы, мейірімді келеді. Бетіңе қарап күлімсіреп тұрады. Әркез бірінші амандасуға ұмтылады. Бізде автобуста байқамай біреудің аяғын басып кетсең, ренжіп, алара қарап, жаратпай қалады ғой. Бұл жақта күлімсіреп қарайды, соның өзіне-ақ қатты ұялып қаласың. Метрода «қарт адамдарға, жүкті келіншектерге және мүгедек жандарға орын беріңіздер» деп жазылып тұрады. Жастардың көбі түрегеп тұрады. Ал Кореяда ересек кісілерге орын берсек, ренжіп қалатын. «Әр елдің салты басқа» деген осы болар.

– Халқы бос уақытын қалай өткізеді екен?

– Мұнда да біздің Арбат сияқты демалыс орны бар. Кешке қарай адамдар ашық алаңға жинала бастайды. Бір күні біз де қыздармен сол жерге бардық. Сағат түнгі 3-тен асып барады. Халық азаюдың орнына, көбейіп жатыр. Сенесіз бе, жастар емес, қарт адамдар көп. Орта жастағы кісілер балаларын алып, отбасымен келеді екен.

Олар музыканы жақсы көреді. Әрине, әркімнің бір уайымы, қиындығы бар ғой. Соған қарамастан, малайзиялықтар өмірге жеңіл қарайды. Ойнап-күліп, ән айтып, би билеп, отбасыларымен бірге көбірек уақыт өткізеді.

– Малайзия мұсылмандар көп тұратын мемлекеттердің бірі ғой. Қандай да бір діни шектеулер бар ма?

– Осы жаққа оқуға қабылдан-ғанымда, телефон арқылы «қысқа киім киіп келмеңіз, тырнағыңызды боямаңыз» деп алдын ала ескертіп еді. Барғаннан кейін де байқадым. Мұнда халық полициядан қатты қорқады. Осы жақтағы қазақ қыз да қысқа кимеуді, мұқият болуды, полицияға ұсталып қалмауды ескертті. Олардың қолына түссең, бірден ұратын көрінеді. Алматыдан жаздық, қысқа киімдерімді алып келгенмін, оның бірін де кие алмаған соң, жаңадан жабық киімдер сатып алдым.

– Шектен тыс шектеулер өмір сүруді қиындатпай ма?

– Олай ойламаймын. Елде демократия бар. Халықтың дегені, айтқаны болады. Мұнда әйел адамдар орамалды ұлттық ерекшелік ретінде тағады. Әйтпесе, бәрі бірдей намаз оқымайды. Өздері бұған үйренген. Өте талапшыл. Қазақстанда бірнәрсені дұрыс істемесең, ол қалыпты жағдай сияқты қабылданады ғой. Ал мұнда тәртіпке бәрі бағынуы керек, бірден бәрін дұрыс істеу керек. Менің ойымша, осы талапшылдығы мен ұйымшылдығының арқасында дамыған елдің біріне айналып отыр. Жапониядан келген бір досым мұндағы көліктердің Токиодан да күшті екенін айтады. Тіпті, осы жақта қалғысы келіп жүр.

Ағылшын тілін қалай үйреніп жатырмын?

– Ағылшын тілін үйренуді Сүлейман Демирел университе-тінде оқып жүргенде бастадым. Оқуға түскеннен кейін қазақ, ағылшын тобы болып екіге бөліндік. Тобымдағы ұл-қыздардың ағылшын тілі жақсы екенін білмедім. Қазақ тобында оқыдым. Бірінші курста ағылшыннан retake (сол сабақтан тиісті балды ала алмай, қайтадан оқу) алдым. Ағылшынды жек көрдім. Екінші курстан бастап түрлі курсқа қатыса бердім, бірақ ең төменгі деңгейді қайталап оқи беретінмін. Үшінші курста жүргенімізде құрбым Балжан Еxchange арқылы бір жаққа кетуді ұсынды. Ағылшын тілін білмейтінім ойда жоқ, келісе кеттім. Менің GPA көрсеткішім жоғары еді. Тест тапсырдық. Әйтеуір, әупірімдеп жазып шықтым. Өтпеймін деп ойладым. Көп кешікпей деканат Кореядан шақырту келгенін айтты. Сөйтіп ойламаған жерден Кореяға кетіп қалдық.

– Қызық болған екен. Тілді білмеген соң қиналған шығарсыздар?

– Кореяға барғанда ағылшын тілін мүлдем білмедім. Бірақ бізге профессор өте жақсы көмектесті, түсіністікпен қарады. «Елді көріңдер, мәдениетімен танысыңдар, жақсы уақыт өткізіңдер, тек сабақтан кешікпей, қалмай жүріңдер. Жоба беремін, сол жобаны жақсы жасаңдар», – деді. СДУ-дан алған білімнің арқасында аса қатты қиналмадым. Барлығы өзім білетін дүниелер болды. Ол жақта күнде лекция, семинар болмайды. Аптаның соңында ғана жоба береді. Соны жақсылап жасап, қорғап шығасың. Сабақтан мүлдем қалған жоқпын, жобаны ойдағыдай қорғадым. Ол жақта үздік оқып келдім. Кореяда ағылшын тілін өте күрделі деңгеймен оқыдық. Менде база жоқ, көбі түсініксіз болды. Бірақ сабақтар ұнайтын.

Елге келгеннен кейін білім алуға жеңіл қарауға болмайтынын түсіндім. СДУ-да сабақ беретін Молдияр ағайыма барып: «Ағай, біз университет бітіреміз, не істесек болады? Мен алған біліміме қанағаттанбаймын», – дедім. Ағай бір жыл тіл үйреніп, содан кейін магистратураға тапсыруға кеңес берді. Бәрі содан басталды. Малайзиядан бір-ақ шықтым. Әуежайдан күтіп алып, оқу орталығына апарды. 100 сұрақтан тұратын тест және speaking тапсырдым. Intermadate деңгейін берді. Бұйырса, келесі айда upper-intermadate деңгейіне шығып, IELTS-қа дайындаламын.

Арай демалыс күндері Қазақстан студенттерімен кездесіп тұрады екен. Малайзияға жастар негізінен тіл үйренуге келетін көрінеді. Олардың басым бөлігі Сауд Арабиясы, Жапония, Корея, Франция елінің студенттері.

– Курс жайлы толығырақ айтып берсең…

– Сабақ аптасына бес рет, күніне жеті сағат болады. Таңғы сағат 9-да басталады. Сабақтан 5 минут кешіксең, кіргізбейді. Ондай шартқа өзіміз қол қойдық. Міндетті түрде телефонды жинап алады. Рұқсатсыз суретке түсіруге болмайды. Екі сағат сайын үзіліс. Түстен кейін Workshop басталады. Workshop өте қызық өтеді. Топқа бөлініп, тапсырмалар орындаймыз. Белгілі бір тақырып алып, талқылаймыз. Тек дінге, адамның жеке басына, мемлекеттік мәселе-лерге байланысты сұрақтар қоймаймыз. Бір деңгейді екі ай оқытады. Арнайы кітаптары бар. Әр аптаға тапсырмаларды бөліп береді. Келесі деңгейге өту үшін шешуші емтихан тапсырып, қорытынды нәтиже бойынша оқуды жалғастырамыз.

– Прогресс бар ма?

– Кейбіреулер мұның бәрін Қазақстанда да үйренуге болады ғой деп ойлайтын шығар. Алайда, мына жақта орта бар. Әсері өте күшті. Өзімнен прогресс байқаймын. Бұл жаққа ешкім ILTES емтиханынан 5, 6 алу үшін келмейді. Максимум 8 аламын деп мақсат қояды. Тағы бір артықшылығы, егер курсты аяқтаған соң Малайзияға оқуға түсетін болсам, барлық шет елде оқытылатын тіл үйрету бағдарламасын (foundation) оқымаймын. Осы жақтан алған сертификатпен бірден магистратурада оқуға болады. Сондай-ақ, Аустралия және Канаданың оқу орындарына осы сертификатпен тапсыруға мүмкіндік бар. Өзім солай жоспарлап отырмын. Шет елде ағылшын тілін үйренудің артықшылығы көп. Дамисың. Мен күн сайын дамығым келеді. Бұл жақта мүмкіндік бар. Ортам ұнайды. Олардың мақсаты арзан дүние емес. Одан гөрі маңызды және ауқымды.

– Курс ақылы ғой?

– Оқу ақысы бір айға 400 доллар, өмір сүруіме 300 доллар жеткілікті. Жалпы 700 долларға өмір сүруге болады. Қазір бұл қаржыны ата-анам төлеп отыр.

– Әңгімеңізге рахмет! Мақсатыңызға жетуіңізге тілектеспіз.

Әңгімелескен Нарқыз ЕРЕС,
СДУ студенті.

«Ұлан» газеті, №2
14 қаңтар 2020 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз