Бірнеше ай бұрын «Тазабеков таза емес екен» деген тақырыпта қаншама мақала жарияланды. Мазмұны дұрыс болса да, тақырыбы жұртты тарту үшін қойылған деп білемін. Қанша кінәлі болса да, күнәлі болса да, Мұхамеджан атасының атының «Тазабек» болғанына кінәлі емес шығар.

2019 жылдың соңында Олжас Сүлейменовті жерден алып жерге салып жатты мына жұрт. Мәселені ушықтырып алмас үшін көп жерде үнсіз қалуға тура келеді… Шынында да қаламаған нәрсені болдырмау үшін оған үн қатудың қажеті жоқ. Оған қатысты бір сөз айттың екен, ол ушығып кете береді.

Негізгі мәселеге көшейін. Өткен жылдың соңында ақын Олжас Сүлейменовтің Алматы қаласының атауын «Алма-Ата» деп өзгерту туралы мәлімдемесі жарияланды. Артынша бұл бастаманы президент қолдапты деген ақпарат та тараған. Осы мәселеге байланысты Балғынбек Имашевтың әлеуметтік парақшасынан алса керек, gu-gu.kz сайты атауын жарқыратып «Олжас аға, орысша Алжас аға, Алжаспаңыз» деп айтыскер ақынның жазбасын жариялапты.

Олжасты сонша талағанда да, ол туралы «аузына келгенін оттап» жатқандарды көргенде де бәрін жұтып отыруға болар еді. Бірақ мына сөзге шыдай алмадық.
Балғынбек ағамыз «діннен әжептеуір хабары бар» адам ғой. Ол кісі адамның туған жерін, ата-анасын және аты қандай боларын таңдай алмасын білетін шығар. «Олжас» деген есімді орыстар «Алжас» деп әдейі айта ма екен? Әлде оларда да «алжу» деген сөз бар ма екен? Дәл осы ақынның атымен ойнағанды қашан қоямыз?

Әмірхан Балқыбек орыс жазушысы Достоевскийдің түбі түркі, төлеңгіт екенін анықтап жазатын мақаласында оның атасының аты «Достай» болды дейді. Ал орыс тілінде бірінші буындағы «О» «А» болып айтылады деп түсіндіреді.

Ал енді ақынды өзге халықтың тіліндегі айтылуымен мазақ етуге бола ма? Балғынбек ағамыздың есімін бәлкім өзге халықтар басқаша, бізге ұяттылау етіп айтатын шығар, кім білсін? Меніңше, адамның азан шақырып қойған атына бұлай қадалу, оны мазақ ету ешкімге де жараспайды. Балғынбек ағаның бүкіл сөзімен келісуге болады. Еліміздің қаржысы тасып бара жатқан жоқ. Атауын өзгертеміз десек, шынында да атауын өзгерту керек қалалар толып жатыр. Айтыскер ақынның жазбасындағы бүкіл сөз дұрыс. Тек… Олжастың есімін қорлауға ешкімге құқық берілген жоқ.

Балғынбек Имашев «қазақта «Алма-Ата» деген сөз болмайды. Бұл біздің тілімізді қорлау» деген сыңайда пікір білдіріпті соңыра. Мойындаймын. Қорлау да шығар. Бірақ қорлыққа қорлаумен жауап беріп, адамның есіміне тиісу әдептен аттау ғой. Пікір айту мәдениетінің төмендігі емес пе?

Енді Олжекеңнің өзіне оралайық. Белгілі бір топтағы адамдар ақынның біз сөз етіп отырған «қатесін» билік айтқызып отыр дейді. «Олжекеңе 16 желтоқсан қарсаңында халықты алдарқату үшін тапсырма түсті» деген қауесет бар. Олар ақынды осылай ақтап алғысы келеді. Біз бұған келіспейміз және оны ақтап та алғымыз келмейді. Тек…
Тек 1975 жылы, Қызыл өкіметтің қылышынан қан тамып тұрған кезеңде «Аз и Я» кітабын жазып, бүкіл орыс тілінің 70 пайыз сөзін түркіге тәуелді екенін дәлелдеп беріп, осы ісімен орыс тілін қазақ тілінің алдында тізе бүктірген ақын ерлігін қалай ұмытуға болады?

Орыстың ең ескі жыры саналатын «Игорь жасағы туралы жырдың» түбін түркіге әкеліп тіреп, орыс әдебиетінің де тамырын түркілендірген ақынды сөз түсінер адам, тарих түсінер адам қалайша «Алжас» дейді? Тіпті жер бетіндегі ең алғашқы өркениет саналатын Шумердің тілінен, дүниедегі ең алғашқы әдеби туынды саналатын «Гильгамештен» баба түркінің іздерін аңғарған ақын еңбегін қалайша ұмыт қалдырдық?

Иә, Алматының атауын өзгертуге біз де қарсымыз! Бүкіл қазақ қарсы және ешкім мүдделі емес. Бұған қол салу мүмкін емес деп білемін. Балғынбек ағамыз сөз соңын «Тоба жасап, тыныш отырыңызшы, Аяз-Ата, ой, кешіріңіз, Олжас Ата!» деп аяқтапты. Олжас деген әжептәуір есімді «Алжас» және «Аяз-Ата» деп қорлауды мәдениеттің қай түріне жатқызамыз? Бір кезеңдерде Әбіш Кекілбаевты «қолын сүйді» деп сонша айыптадық. Біздіңше, Әбіштің түбіне осы сөз жетті. Оны осылай қолдан өлтірдік. Бірақ Әбіштің артында шығармалары қалды. Олжасқа да бүгін сондай әрекет жасап отырмыз. Ертең Олжас та өтер. Ал оның соңында бүкіл қазақтың рухын көтерген «Аз и Я» қалады.

Рух көтерілу демекші, біздіңше қазақтың бүгінгі тәуелсіздігінің бастауында кітап тұр. Ол кітап «Аз и Я» деп аталады. Авторы Балғынбек ағамыз айтып отырған Аяз-Ата немесе орысша «Алжас». Өйткені, 1986 жылғы көтеріліс қазақ жастарының рухының оянуынан басталды. Ал рухтың оянуы қазақ жастарының өз тілінің орыс тілінен, тарихының орыс тарихынан ұлы екенін сезінуден басталған. Оны сездірген осы «Аз и Я». Авторы – Олжас. Сүлейменнің баласы.

Осының бәрін Балғынбек Имашев ақындық жүрегінен қараса болатын еді?! Олжасты орыстілді дейді ғой. Бірақ ол кісімен үш рет жүздесудің сәті түскен еді. Үш ретте де бізбен қазақша сөйлесті. Халық алдында қазақша сөйледі. Сөз басын құрауға қиналатын шығар, бірақ Олжас қазақ тілін сіз бен бізден артық біледі. Өйткені ол «Игорь жасағы туралы жырды» оқып отырып немесе Шумер тілін зерттеп, ондағы түркіге, қазаққа сәйкес келетін сөздерді қолына қазақ тілінің сөздігін ұстап отырып зерттеген жоқ қой. Яғни ол қазақтың небір ескірген сөздеріне дейін біледі. Тек басын құрауы қиын.

Балғынбек аға, біріншіден, Олжастай ақынның атын өзге тілде айтылуымен мазақ еткеніңіз, оны Аяз-Ата деп атағаныңыз мәдениетке жатпайды. Екіншіден, Олжас айтты екен деп Алматының атын өзгерту мүмкін емес. Үшіншіден, Олжас қазақ тіліне, қазақ рухына, қазақ әдебиетіне сізден жүз, тіпті мыңдаған есе артық қызмет етті. Сіздің ұлт, ел, халық туралы айтқан сөздеріңіз афоризмдерге, қанатты сөзге айналып кетер. Бірақ олар ел рухын дәл «Аз и Я» кітабы секілді көтере алмайды. Сондықтан ақынды ақын ретінде сынар алдында, оны мазақ етер алдында, өтініш, өзіңізге сұрақ қойыңызшы.
Үлкен тұлғаларды ұрпақ алдында төмендетпейікші…

*Олжас Сүлейменовті ақын деп атап, тек ғылыми еңбектерін ғана сөз еттік. Өйткені ақын ғалым болуы керек. Бәлки екі сөз синоним.

Досхан Жылқыбай

«Ақ желкен» журналы, №1
Қаңтар, 2020

1 ПІКІР

  1. Досқан Жылқыбайдың сауатты, мәдениетті пікіріне 100 % қосыламын.
    Балғынбектің Олжастың етегіне жармасуы әдепсіздік

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз