Сәлем, бойжеткен арулар! Көптен бері өздеріңе арналған «Гүлдәурен» беті шықпай, тағатсыздана күтіп жүрген боларсыңдар… Осы жолы жас тілшіміз Ақерке Қасымбекқызы бет күтімін насихаттап жүрген бьюти-блогерді таныстырады. Әрине, қазір сендердің мектепке «ұрланып» боянып баратындарыңды білеміз. Бірақ сала мамандары қатты бояну беттің қартаюымен қатар, қазіргі сәнге үйлеспейтінін айтады. Иә, табиғи сұлулық әрқашан әдемі көрінеді. Ендеше, маманның әңгімесін ден қойып оқып шығыңдаршы. Айтпақшы, «Гүлдәурен» бетіне өздеріңді толғандырып жүрген сұрақтар болса, хат жазып
тұрыңдар!

Бьюти-блогтар Батыста ғана емес, Қазақстанда да үлкен танымалдыққа ие болып жатыр. YouTube-қа «бьюти-блогер» деп жазсаңыз, 41 000-нан астам ақпарат шығады, ал егер ағылшын тілінде іздесеңіз, көз алдыңызда шамамен 1 700 000 нұсқа ашылады. Мұндай блогтарды Инстаграмнан және басқа да әлеуметтік желілерден табуға болады. Бьюти-индустрияның блогосферасымен айналысатын адамдарды зерттеу мүмкін емес, олардың саны күн санап өсіп жатыр.

Сұлулыққа арналған блогтардың ерекшелігі – көпқырлы болуында. Кәсіби визажист және бьюти әлеміне қызығушылар косметикалық құралдарға шолу, өзін-өзі күту бойынша кеңестер, сонымен қатар макияж сабақтарын үйрететін жеке блогтар жүргізеді.

Біздің кейіпкеріміз – жас қыздар арасында белгілі бьюти-блогер Алика Байбачинова. Алика – Алматы қаласының тумасы. Алматы Менеджмент университетінің «Мейрамхана ісі және қонақүй бизнесі» мамандығын тәмамдаған. Бьюти-блогердің 140 000-нан астам жазылушысы бар. Алика парақшасында бетке күтім жасау, макияж құпиялары, бьюти-гаджеттер мен пайдалы лайфхактар туралы айтады. Сатып алған косметикаларының артықшылықтары мен кемшіліктерін жазып жүреді.

«18 жасыма дейін мүлде боянбағанмын. Университетке түскеннен кейін ғана косметика-ға қызығушылығым пайда болды. YouTube-та көптеген бьюти-блогердің белсенді жазылушысы болдым. Олардың қызықты әрі пайдалы блогтарын көріп, мен де білгенімді, тәжірибелерімді бөлісетін блог ашқым келді. Бір күні барлық бет күтіміне арналған косметикамды жинап, телефонымды алып, видео түсірдім. Ол видеода «күнделікті өмірде қандай макияж жасаймын, қандай косметика қолданамын, оны қайдан аламын» деген қарапайым сұрақтарға жауап бердім. Айтпақшы, мен ол видеоны әлі өшірмедім. Алғашқы бейнем жүрегіме ыстық. Бәрі де содан басталды. Ол кезде оқырманым тек туысқандарым мен достарым болатын. Аудиториям үшін жұмыс істегеннен кейін маған әрбір жазылушы маңызды болды. Менің ойымша, кез келген блогердің міндеті – халыққа пайдалы болу. Егер оқырмандарына ешқандай керек ақпарат немесе үндеу бермесе, ондай адамды қалай блогер деп атаймыз? Сондықтан бұл қызығушылығыма үлкен жауапкершілікпен қараймын. Бьюти-блог жүргізу мен үшін жай хобби емес», – дейді Алика.

Бүгінде сұлулық индустриясында бәсеке өте жоғары. Бірақ блогердің сөзіне сүйенсек, осы саладағы әр блогердің өз фишкасы, техникасы және аудиториясы болады.

«Бәсекелестерім жоқ деп санаймын. Себебі басқалармен жарыспаймын, өз стилім бар. Ол – табиғилық. Қатты боянған ұнамайды. Менің күнделікті бет күтімім: бет терісін тазалап жуамын, тоникпен бетімді тазалап сүртемін, бетке ылғалдандырғыш крем жағып, бірнеше минут кремнің сіңуін күтемін, содан кейін BB крем, жеңіл бет далабы және ерінге арналған май жағамын. BB-дің құрамында күнделікті қолданатын ылғалдандырушы крем мен реңк беруші кремнің қасиеттері бар. Қыздардың негізгі бет күтімі 3 кезеңнен тұрады: бет тазарту, ылғалдандыру және реңк беру. Ұйықтар алдында міндетті түрде макияжды сүрту керек. Теріңіз жақсы болса, кез келген макияж әдемі көрінеді. Сондықтан бет күтіміне ерекше мән беріңіз-дер», – дейді блогер қыз.

Аликаны әдемі, өзіне сенімді, табысқа үлкен еңбектің арқасында жеткен әйелдер шабыттандырады. Мысалы, Лиза Элдридж, Мишель Фан, Елена Крыгина, Шарлотт Тилбери және Гоар Аветисян. Олардың кейбіреуі, тіпті, сұлулық индустриясы ардагерлерінің қатарына енді.

«Қазір қазақстандық қыздар табиғи сұлулыққа ұмтылып жатыр. Бұрынғыдай қатты бояу жоқ. Табиғи сұлулық пен baby glow стиліндегі макияж трендке айналды. Осы жылдың ең басты тенденциялары – пластикадан бас тартып, органикалық, экологиялық тұрғыдан таза өнімдер шығару; табиғи макияж және сәндік косметиканың құрамына пайдалы дәрумендер қосу. Жаңа видеолар түсіруге оқырмандарым көмектеседі. Қызық идеялар тастайды. Бірақ блог жүргізу – табыс көзі емес. Қыздарға курс өткізуден ғана табыс табамын. Бьюти-блогер болу үшін еңбекқор, әсемдікке жаны құштар және өз ісіне адал болу керек. Қалғаны тәжірибемен келеді. «Әлемде сұлу емес әйел болмайды, жалқау әйелдер болады» деген Софи Лореннің сөзі сұлулық әлемінің ұраны секілді. Күнде айна алдында кемінде 15-20 минут уақытыңызды өзіңізге бөліп, бет күтімін жасаңыз. Небәрі бір аптаның ішінде керемет нәтижеге жетесіз», – дейді Алика.

Аликаның бьюти кеңестерін Инстаграм парақшасынан көруге болады.

Ақерке ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ

«Ұлан» газеті, №2
14 қаңтар 2020 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз