Әр елдің заңы да, оқу жүйесі де әртүрлі. «Жырақтан білім іздесең…» айдарында оқырманға шетелде оқып жатқан жастар арқылы басқа елдегі білім жүйесі туралы ақпарат беріп, жоғары оқу орнына түсудің жолын көрсетуге тырысамыз. Бүгін Польшаның оқу грантын жеңіп алған қазақстандық Салтанат Төребектің кеңестерін ұсынып отырмыз. Салтанат қазір Познаньдағы бір ғасырлық тарихы бар Адам Мицкевич атындағы университеттің саяси ғылымдар және журналистика факультетінде оқып жатыр.

Салтанат Төребек: Бакалаврды әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да оқыдым. Жазда кураторымыз Польшаға барып келген соң бізге Адам Мицкевич университеті шетелдік студенттерге грант бөлетінін айтты. Соңғы курста болғандықтан, магистратураны шетелде оқуды жоспарладым. Бағымды сынап көрейін деп интернеттен университеттің сайтын тауып алып, барлық құжатты онлайн тапсырдым. Грант конкурсының нәтижесі 2019 жылдың қараша айында шықты. Ол кезде Польшадан үмітімді үзіп, ҚазҰУ-дың магистратурасына грантқа түсіп, оқып жатқан едім. Бірақ Еуропаға кетуге бел байладым. Виза жасату кезінде біраз қиындық болып, Познаньдағы сабақтарға кешігіп бардым. Жалғыз өзім басқа елге барғанда үрей басым болды. Бірақ жергілікті халық та, университеттегі ұжым да елгезек екен. Профессорлар мен студенттер өткен тақырыптарды түсіндіріп, оқуға үйренісіп кетуге көмек берді.

Ұлан: Оқу грантын жеңіп алудың шарттары қандай?

Салтанат Төребек: Магистратураға грантқа түсу үшін бакалаврдағы GPA көрсеткіші жоғары болу керек, яғни сабақты жақсы оқу керек. Екінші кезекте ағылшын тілін меңгерген болуың керек. Университет IELTS және TOEFL нәтижелерін сұрайды. Қосымша талаптар таңдаған мамандығыңа қатысты өзгеріп отырады. Әдетте уәждемелік хат сұрайды және skype арқылы сұқбат жүргізеді.

Негізі, Еуропа елдерінің бәріне ортақ бір құпия бар. Ол – өзің оқығың келетін мемлекеттің тілін білу. Мысалы, ағылшын тілін білмей, поляк тілін білсең де грантта оқи аласың. Оқу гранты поляк тілінде оқитын топқа көбірек бөлінеді. Поляк тілін білмесең, тегін 1 жылдық
тіл үйрету курсына қатыса аласың. Ақпан айынан бастап поляк тілін үйрететін курс-қа барамын. Поляк тілі ағылшынға қарағанда орыс тіліне жақын. Сондықтан үйрену оңай болады деп ойлаймын.

Ұлан: Білім грантын жеңіп алған студенттерге жатақхана мен шәкіртақы беріле ме?
Салтанат Төребек: Иә, барлық студентке жатақхана беріледі. Егер жатақханаға кешігіп келетін болсаң, алдын ала ескертіп, резерв жасау керек. Пәтерге шығам десең де, таңдау еркі өзіңде. Бірақ Познань қаласында студенттер көп болғандықтан, пәтер табу қиынға соғады.

Шәкіртақы да қарастырылған. Ол үшін семестрді үздік аяқтап, арнайы құжаттар жинап, өткізу керек. Шәкіртақының екі түрі бар. Алғашқысы спортта, оқуда, ғылым саласында үздік нәтиже көрсеткен студенттерге беріледі. Екіншісі студенттің әлеуметтік жағдайына байланысты беріледі.

Ұлан: Еуропада оқығандар ол жақтағы еркіндік, білім жүйесіндегі ерекшелік туралы жиі айтады. Саған оқу жүйесінің қай тұсы ұнады?

Салтанат Төребек: Қазақстандағы оқу жүйесінен өзгеше екені рас. Мысалы, сабақ кезінде сөйлеу үшін мұғалімге емес, студентке көп уақыт беріледі. Ой еркіндігі, пікір еркіндігі жоғары деңгейде. Кез келген студент жаңа тақырып туралы ойын ортаға салып, еркін талқылай алады. Олар балл немесе баға үшін оқымайды. Себебі бағаны күн сайын үй тапсырмасын орындап барғаның үшін қоймайды. Арнайы жобалар береді. Кейде топпен, кейде жеке орындайсың. Бағаланатын жұмыс болғандықтан бар күш-жігеріңді осыған саласың. Мұнда әркім өзі үшін оқиды. Міндеттеу, қадағалау деген жоқ. Студенттерді түгендемейді. «Неге тапсырманы уақытында орындамадың?» деп ұрыспайды да. Қорғай алмасаң, уақытында тапсырманы өткізбесең, емтиханға жібермейді. Болды. Емтиханның да форматын профессор өзі белгілейді. Кейде жоба қорғау керек, кейде профессормен әңгімелесу, зерттеу жұмысын жүргізу тапсырылады.

Сабақ кестесі апта сайын ауысып отырады. Күніне 1-2 сабақ қана болады. Қосымша басқа профессорлардың сабағына кіруге рұқсат беріледі. Қалған уақытта өзің ізденіп, өзің оқисың. Мұнда дәптер, қалам дегенді жиі қолданбаймыз. Лекция жазу, оны жаттау деген жат нәрсе. Сабақтың тақырыбы мен басқа ақпараттарды ортақ электронды поштадан алуға болады.

Мұнда студент пен оқытушының арасында барьер жоқ. Бірге қыдырып, пабқа барып, көңіл көтеріп жүре береді. Білмеген нәрсесін сұраудан ұялмайды. Жергілікті халық та сондай, ашық қарым-қатынасты қолдайды. Біздің университет үнемділікке үйретеді. Суды, электр энергиясын ысырап етпеуді үйрендім. Бір қызығы, универде ақылы окымасаң, аудиторияда телефон, ноутбук сияқты гаджеттерді зарядтауға болмайды екен.

Ұлан: Познаньда халықара-лық конкурс бойынша оқуға түскен студенттер көп пе?
Салтанат Төребек: Біздің топта әртүрлі ұлт өкілдері оқиды. Ұлты ғана емес, жасы да, саласы да әртүрлі адамдар.

37 жастағы апай бар. Бірақ әңгімесі, өмір сүру салты, әзілдері – бәрі бізбен құрдас адамдікіндей. Осыған дейін полицей болып жұмыс істепті. Орта жасқа жақындағанда жаңа нәрсе үйреніп, басқа салаға ауысқысы келген. Оқуын бітірген соң өзіміз оқып жатқан халықаралық қатынастар мамандығы бойынша жұмыс істегісі келеді.

Университетте әлі қазақтарды кездестірмедім. Қырғызстаннан келген 2-3 студент бар. Орыстар көп. Мені алғаш көргендер қытай, корей немесе жапон ұлтына ұқсатады. Бірде орыс студенттер маған қытайша амандасты. Орысша жауап беріп едім, таңғалды. Қазақстаннан екенімді айтқанда, күліп алдық.

Ұлан: Қазақстанның Еуропадағы беделі қандай? Біздің ел туралы қандай көзқарас қалыптасқан екен?

Салтанат Төребек: Бір қызығы, менің достарымның бәрі Қазақстан туралы көп нәрсе біледі екен. Тіпті, 16 желтоқсан күні мені Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, тілек айтқандар көп болды. Жақында әр студент өзінің Отаны туралы презентация жасайды. Қазақстанды таныстыру үшін қатты дайындалып жүрмін. Менің Қазақстан туралы презентациямды олар да асыға күтіп жүргеніне сенімдімін. Қазақтардың қонақжай халық екенін айтамын. Демалыста біздің елге қонаққа шақырып қойдым.

Дана МАРАТОВА

«Ұлан» газеті, №2
14 қаңтар 2020 жыл

1 ПІКІР

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз