Қарағандылық Алдияр Рахимбеков – ветеринар-дәрігер. Қазір Алматыда тұрады. Тоғызыншы сыныптан кейін медицина колледжіне оқуға түседі. Әкесі дәнекерлеуші, ал анасы дәрігер болған екен. 24 жастағы дәрігер әңгімесін алғашқы еңбек жолынан бастады.

– Теміртау қаласындағы ветеринария емханасында көмекші болып жұмыс істедім. Жануарларды күтіп, тазалық жұмыстарымен айналыстым. Екі жыл бойы жақсы жалақы алдым. Бурабай медицина колледжіне оқуға түстім. Күнделікті өміріме ақша керек болғасын, қонақүйде жұмыс істедім. Колледжде мал дәрігерлік бөлімде оқыдым. Ресейде ветеринария саласын оқуды армандадым. Құжаттарымды дайындап, сырттай бөлімге оқуға түстім. Бірақ сол жылы әкем қайтыс болды. Ол жоспарды кейінге шегеріп, емханадағы жұмысымды жалғастыра бердім. Бір күні Қарағандыдағы үлкен емхана жұмысқа шақырды. Барлық құрал-жабдықпен қамтылған. Ол жақта өзімді көрсетуге тырыстым. Бір күнде 60-қа жуық жануарды емдедім. Тәжірибені шыңдау үшін Краснодар қаласына бардым. Ол жақ менің көңілімнен шықпады. Емханада қағазбастылық көп болды. Бір күн қағаз толтырудан қолым босамады. Бірде ағам: «Тәжірибе мен жұмыс іздеп Ресейге барғанша, Алматыға кел», – деп ақыл айтты. Бір күн ойланып, алматылық болып шыға келдім, – деп алғашқы еңбек жолын еске алды жас ветеринар.

– Ақша табу үшін төрт жыл бойы әртүрлі салада жұмыс істедім. Тамақтану саласынан да хабарым бар. Банк пен кешкі клуб, қонақүй мен демалыс ұйымдастыру орталықтарынан көп тәжірибе жинадым. Диплом алғаннан кейін мамандық бойынша жұмыс істеу керек екенін түсіндім. Тұрақты жұмысым мен табысты болсам да, мамандығымды жақсы көрдім. Алматыға келгеннен кейін ветеринария емханасын іздей бастадым. Алғашқы жұмыс орным кішкентай кеңсе болатын. Үш ай бойы үздіксіз жұмыс істеп, тұрақты тұтынушылар тауып алдым. Жаңадан ветеринария емханасы ашылып, сол жаққа жұмысқа шақырды. Содан бері жұмысыма адал қызмет етіп келемін. Мамандығымды жақсы көргенім сонша, бір күн ұйықтамай ит пен мысық емдедім. Мен үй жануарларының арасында өскен жоқпын. Бірақ олармен қарым-қатынасым жақсы. Барымды салып емдеймін. Бір күні емдеп жазған жануарларымның санынан жаңылыстым. Сонда жүйелі түрде емдейтін оңалту орталығын ашу керек екенін түсіндім. Көшеде қаңғып иесіз қалған жануарларды ақысыз емдеу туралы жоба құрастырдым. Құрылысы бітпеген ғимараттың бір бөлмесін жалға алдым. Күрделі жөндеуден өткізіп, сырладым. Жылы еден төседім. Жарық қойып, су жүргіздім. Төрт айда құрылысқа екі жарым миллион ақша кетті. Қолдағы қаражаттың барлығын салдым.

Жобамның мақсаты – үйсіз жануарларға медициналық көмек көрсету. Ерекшелігі де бар. Оңалту орталығына келген жануарға көмек көрсетіп, тексереміз. Медициналық сараптамадан өткіземіз. Ота жасап, емдейміз. Толық ем-дом алады. Одан
кейін отбасын табуға көмек-тесеміз. Іздеу саламыз. Иесі табылмаса, орталықта тұра береді. Барлық қызмет тегін. Қызмет үшін бір тиын да алмаймыз. Біздің міндетіміз –
көмек алуға мүмкіндігі жоқ үй жануарын асырайтын адамдарға көмектесу. Қазір орталықта 4 ит, 2 мысық тұрады. Отбасынан ажырап қалған 6 күшікті емдеп, иесіне табыстадық. Отызға жуық үй жануарын емдедік. Қазір отбасы болып араласамыз. Бір күні таныс отбасының иті ауырды. Олар өлдіге санап, маған хабарласты. Үйіне барсам, иті көгеріп кетіпті. Екі ай бойы жан сақтау бөліміне жатқызып, тірілтіп алдым. Ай сайын тексерілуге келіп тұрады. Бірде көлік қағып кеткен итті емдедім.

Жануардың омыртқасы бөлініп кеткен. Бір ай бойы емдедім. Кейін аяғын сезе бастады. Төрт ай бойы орталықта тегін емдеп, құлан-таза сырқатынан айықты. Үй жануарларын жақсы көретін адамдармен сағаттап әңгімелесемін, – дейді Алдияр.

– Ай сайын орталықтың қызметіне 300 мыңдай ақша жұмсаймын. Орталықта ветеринар-дәрігерден бөлек, еріктілер жұмыс істейді. Еңбегімді бағалап, ақша тастап кететіндер бар. Ол ақшаны өзімізге жаратпай, орталыққа керек құралдарды аламыз. Қалғанын қайырымдылыққа жұмсаймыз. Орталықты ашу оңай болмады. Маған көмектескен адамдарға алғыс айтамын. Осы емхананы ашу үшін ақша алған достарымнан қарызымды қайтаруым керек. Ендігі жоспарым – орталықты заңдастыру. Жануарларды қорғауға арналған қоғамдық қор ашуды да жоспарлап қойдым, – деп әңгімесін аяқтады.

P.S. Алдиярдың парақшасында ит пен мысықтың фотосы көп. Novevitevethelp хэштегі арқылы барлық мәліметті салып отырады. Алты жылдан бері ветеринария саласын дамытып жүр. «Біз түгілі итіміз де дәрігерді жақсы көреді. Жануардың барлығымен адаммен тілдескендей әңгімелеседі. Екпе салғанда қозғалмай жататынына таңғалдық. Қолы алтын дәрігерді қолдаймыз!» – деген жылы пікірлерді оқып тауыса алмадық. Келешегі бар кәсіпті дөңгелетіп отырған замандасқа сәттілік дедік.

Дайындаған Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

Ұлан» газеті, №2
14 қаңтар 2020 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз