Күнтізбеде тағы бір жыл ауысты. 2020 жылы спорт жанкүйерлерін Олимпиада ойындары күтіп тұр. Біз тышқан жылындағы басты спорт жарыстарына бір шолу жасауды жөн көрдік.

Жасөспірімдер Олимпиадасы

Биылғы жылды бозбалалар мен бойжеткен қыздар бастайды. 9-22 қаңтар аралығында Швейцарияның Лозанна қаласында жасөспірімдердің үшінші қысқы Олимпиадасы өтеді. Үшінші қысқы жасөспірімдер Олимпиадасында жалпы есебі 27 қазақстандық спортшы бақ сынайды. Олардың қатарында ең көп жолдамаға иелік еткен – биатлоншылар. Бұл спорт түрінен Қазақстан командасы сапынан 3 ұл, 3 қызымыз ел намысын қорғайды. Олар: Арсений Безгинов, Вадим Куралес, Данил Червенко, Ульяна Ардалионова, Влада Васильченко, Арина Куприянова. Биатлоншыларды Михаил Дудченко бастап апарады. Жарыс 11-15 қаңтар аралығында өтеді.

Ал өзге спорт түрлерінен мына спортшылар барады:

Коньки (12-16 қаңтар):Алина Дауранова, Инесса Шумекова, Никита Важенин, Евгений Кошкин;

Шаңғымен жарысу (18-21 қаңтар). Дидар Қасенов, Ілияс Исабек, Айша Рақышева, Валерия Батченко;

Тау шаңғысы (10-15 қаңтар): Владислав Шлемов, Александра Троицкая;

Шаңғымен тұғырдан секіру (19-20 қаңтар): Данил Васильев, Нұршат Тұрсынжанов, Вероника Шишкина, Амина Тухтаева;

Шаңғы қоссайысы (18-22 қаңтар): Святослав Назаренко;

Шорт-трек (18-22 қаңтар):  Санжар Жеңісов, Мария Горбунова;

Фристайл (19-22 қаңтар): Анель Суфашева, Алексей Банников.

Хоккейден әлем чемпионаты

Шайбалы хоккейден әлем чемпионаты біз үшін маңызды болғалы тұр. Өйткені соңғы үш жыл қатарынан бірінші дивизионда ойнадық. Элиталық раундқа өткен жылы өз елімізде жолдама алдық. Былтыр мамыр айында бірінші дивизионның ойындары өтіп, Қазақстан өз тобында топ жарды. Сөйтіп, 2020 жылдың 8-24 мамыр аралығында өтетін элиталық дивизон құрамалары арасындағы әлем біріншілігіне қатыспақ.

Әлем чемпионатын Швейцарияның Лозанна мен Цюрих қалалары қабылдайды.

2020 жылғы әлем чемпионатында Беларусь және Латвия құрамалары сәтсіз ойнаса да, элиталық топта қалады. Себебі 2021 жылғы әлем чемпионаты осы екі елде өтеді. Қазақстан Азия құрлығы елдерінен жалғыз өзі әлем чемпионатына қатысады.

Шайбалы хоккейден әлем чемпионатында өнер көрсететін құрамалар:  Беларусь, Ұлыбритания, Германия, Дания, Италия, Қазақстан, Латвия, Норвегия, Ресей, Словакия, Финляндия, Чехия, Швеция.

Токиодағы Олимпиада ойындары

2020 жылы Жапония астанасында төртжылдықтың басты додасы ХХХII жазғы Олимпиада ойындары өтеді. Күншығыс еліндегі Олимпиада ойындары 24 шілдеде ашылады. Ал жабылу салтанаты 9 тамызға жоспарланған. Токиодағы XXII жазғы Олимпиада ойындарының бағдарламасына 33 спорт түрі енді. Арасында жаңадан қосылған бейсбол, каратэ, серфинг, құзға шығу және скейтбординг сынды спорт түрлері бар.

2020 жылғы Олимпиада ойындарына бірнеше спорт түрінен қосымша сайыстар енгізілді. Олар: жеңіл атлетикадан 4х100 метр қашықтықта сайыс, дзюдодан командалық сайыс, садақпен ату және триатлоннан аралас командалық сайыс, баскетболдан 3х3 сайысы (ерлер, әйелдер), үстел теннисінен аралас жұптық сайыс, семсерлесуден командалық сайыс, жүзуде 800 метр (ерлер) және 1500 метр (әйелдер) қашықтықта сайыс, велоспортта «мэдисон» (ерлер, әйелдер) сайысы.

Қазақстан әзірге 4 жылдықтың басты додасына 14 спорт түрінен 27 жолдама жеңіп алды. Олар: Ришат Хайбуллин (спорттық құзға өрмелеу), Дмитрий Баландин (100,200 метрге брасс әдісімен жүзу), Ольга Рыпакова, Георгий Шейко (жеңіл атлетика), Евгений Гидич (велоспорт), классикалық түрде садақ атудан Қазақстан ерлер командасы (Денис Ганькин, Ильфа Абдуллин, Санжар Мұсаев) және Виталий Худяков (ашық суда жүзу), Юрий Юрков (нысана көздеу), Сәрсенкүл Рысбекова (стенд ату), Екатерина және Александра Немич (синхронды жүзу), Милад Карими (спорттық гимнастика), Валентина Исламова, Элмира Сыздықова (әйелдер күресі), Асхат Ділмұхамедов, Мейрамбек Айнағұлов (грек-рим күресі), Нұрислам Санаев, Дәулет Ниязбеков, Данияр Қайсанов, Әлішер Ерғали (еркін күрес), Елена Потапенко мен Павел Ильяшенко (қазіргі бессайыс).

Мәдениет және спорт министрлігі спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиевтің айтуынша, Қазақстан Токио Олимпиадасында 100 жолдамадан асыруға үмітті.

Футзалдан әлем чемпионаты

Қазіргі кезде Қазақстан үлкен футболға қарағанда мини футболдан үміт күтеді. Соңғы жылдары ұлттық құрама Еуропа чемпионатында қола жүлде еншіледі, «Қайрат» кубогы екі рет УЕФА Чемпиондар лигасында топ жарды.

Енді биыл Литвада өтетін әлем чемпионатынан үміт көп. Ол үшін соңғы іріктеу кезеңін сәтті аяқтау қажет.

Қазақстан әлем чемпионатына екі рет қатысқан. Ең алғаш 2000 жылы жарысты топтық кезеңде аяқтаса, 2016 жылы 1/8 финалға дейін жетті.

Соңғы іріктеу кезеңі 2020 жылдың 28 қаңтар мен 2 ақпан аралығында Чехияда өтеді. Қазақстан құрамасы D тобына түсті. Пауло Рикардо Кака шәкірттері Словения, Румыния және Чехия құрамаларымен кездеседі.

2020 жылғы әлем чемпионатының элиталық раундының жеребесінің қорытындысы:

А: Португалия, Италия, Беларусь, Финляндия;

B: Испания, Сербия, Украина, Франция;

С: Ресей, Әзербайжан, Словакия, Хорватия;

D: Чехия, Словения, Румыния, Қазақстан.

Төрт топтың жеңімпаздары әлем чемпионатына тікелей шықса, ал екінші орын алғандар қосымша өзара кездесу өткізеді.

Әлем чемпионаты 2020 жылдың 12 қыркүйегі мен 4 қазан аралығында Литвада өтеді. Еуропадан 7 құрама қатысады, Азиядан – 5, Африкадан – 3, Солтүстік және Оңтүстік Америкадан – 4 және Мұхит аймағынан – 1 құрама қатысады.

Футболдан Еуропа чемпионаты

Еуропа чемпионатына Қазақстан құрамасы қатыспайды. Бірақ сонда да әлем көз тігіп отырған, миллиондардың спорты екенін ескергеніміз дұрыс болар. 2020 жылғы Еуропа чемпионаты 12 маусым мен 12 шілдеде Еуропаның 12 елінің 12 қаласында өтеді. Бірінші рет осындай форматта ұйымдастырылып отыр. Оған себеп – келесі жылы Еуропа чемпионатының өткізіле бастағанына 60 жыл толады. Соған орай бір реттік осындай мерейтойлық формат ойластырылған. Ал 2024 жылы бұрынғыдай жалғаса бермек.

2020 жылғы Еуропа чемпионатын Лондон (Англия), Баку (Әзербайжан), Мюнхен (Германия), Рим (Италия), Санкт-Петербург (Ресей), Амстердам (Голландия), Бильбао (Испания), Бухарест (Румыния), Будапешт (Венгрия), Копенгаген (Дания), Дублин (Ирландия) және Глазго (Шотландия) қалалары қабылдайды.

Қараша айының соңында Румынияның Бухарест қаласында жеребесі тартылды. Әзірге құрлық біріншілігіне қатысатын 24 құраманың 20-сы белгілі.

Жеребе қорытындысы:

A тобы: Түркия, Италия, Уэльс, Швейцария.

B тобы: Дания, Финляндия , Бельгия, Ресей.

C тобы: Голландия, Украина, Австрия (Ұлттар лигасы арқылы Грузия/Беларусь/Македония/Косово құрамасының бірі).

D тобы: Англия, Хорватия, Шотландия/Израиль/Норвегия/Сербия, Чехия.

E тобы: Испания, Швеция, Польша, Босния және Герцеговина/Солтүстік Ирландия, Словакия, Ирландия.

F тобы: Венгрия/Болгария/Исландия/Румыния, Португалия, Франция, Германия.

Бек ТӨЛЕУОВ

Ұлан» газеті, №1
7 қаңтар 2020 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз