Ертеде бір патшаның жалғыз қызы болыпты.  Кішкене ханша өте сұлу, ақылды, инабатты екен. Солай бола тұра, оның кейде қолының тырнағын кеміретін жаман әдеті бар екен. Қанша ескерту жасалғанмен ол оғаш дағдысын қоя алмапты.

Бір күні оның осы ұнамсыз қылығын тағы байқаған патша қызына:

– Қыз баланың тырнағын кеміруі – ең жаман әдет. Бүйте берсең, тышқанға айналып кетуің мүмкін, – дейді.

Ханша үндемейді.

Күндердің бір күнінде патша серуенге шығады. Сарайда қалған ханша қуыршақтарымен ойнап отырады. Кенет жаман дағдысы есіне түсіп, тырнағын кеміре бастайды. Сәлден соң ол өзінің тез кішірейіп, төңірегіндегі заттардың жылдам үлкейіп бара жатқанын байқайды. Саусағын аузынан суырып алады. Қараса, қолын жүн басып, тырнақтары ұзарып барады екен.

Жүгіріп айнаның алдына барады. Өзінің сұр тышқанға айналып кеткенін көреді. Жан дауысы шыға айғайлап, кызметшілерді шақырады. Бірақ, аузынан шиқылдаған дыбыс қана шығады. Бұл дыбысты естіген  үйдегі ала мысық айбарлана атылады. Зәресі ұшқан қыз қаша жөнеледі.

Ала мысық артынан қалмайды. Одан қалай құтыларын білмеген қыз ақыры бір тамның түбіндегі тесікті көріп, соған кіріп кетеді. Аздан соң қайта шығып, қойлардың арасында отырып, өзінің бұл жағдайға қалай душар болғанын ойлайды. Әкесінің сөзі есіне түседі. Оны бекер тыңдамағанына өкінеді. Енді не істеу керек?

Дәл осы кезде сарай аспазы сыртқа шығып, мысыққа сүт құяды. Мысықты көрген тышқан қыз тағы да қаша жөнеледі. Оны байқаған мысық сүтті тастай салып, тұра қуады. Тышқан ұзақ қашады. Бір кезде ол жартасқа келіп, соның тасасына жасырынады. Әбден шаршаған ол сол жерде  ұйықтап кетеді. Бір кезде көзін ашса, тастың үстінде өзіне қарап отырған қарлығашты көреді. Тышқан жылап жібереді. Қасиетті құсқа өзінің бастан кешкендерін айтып береді. Қарлығаш оны аяп кетеді.

– Мен сені сиқыршы кемпірге апарайын, – дейді.

Олар таудың етегінде тұрған лашыққа келеді. Алдыларнан бір кемпір шығып:

– Сендердің не үшін келгендеріңді білем, – дейді. Қыз:

– Әжетай, мен әкемді тыңдамағандықтан осы халге түстім, маған көмектесе көріңіз! – дейді ағыл-тегіл жылап. Кемпір:

– Жарайды, өз қатеңді түсінген екенсің. Маған жақын кел, – дейді. Сиқыршы тышқанның денесін қолындағы орамалмен жауып, қайта ашқанда, қыз өзінің бұрыңғы қалпына келе қалады. Қуанғаннан қатты алақайлап жіберген қыз кемпір мен қарлығашқа кезек-кезек бас иеді.– Енді мен ешқашан тырнағымды кемірмеймін, – дейді ол.

Қыз үйіне келсе, әкесі оны таба алмай, уайымдап отыр екен. Есіктен кіріп келген қызын көргенде төбесі көкке жеткендей болады. Қызы оған басынан кешкендерін баяндап береді. Енді жаман әдетін ешқашан қайталамайтынын айтып, сөз береді.
Ертесі әкесі екеуі келіп сиқыршы кемпірге көп сыйлық береді. Қасиетті қарлығаш болса, патша сарайының төбесіне ұя салып, жыл сайын балапандарын ұшырады.
Қыз кейін әкесінің билігін қолына алып, әдемілігі мен ақылдылығының арқасында еліне сүйікті патшайым болыпты дейді.
Алматы қаласы

«Балдырған» журналы, №12
Желтоқсан, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз