Тәуелсіздік күні қарсаңында балабақшада өткен ертеңгілік әлеуметтік желінің «көзайымына» айналды. «Колбин, долой» деп айғайлап, басына қан жағылған баланы полицияның желкелеп жүруі жүректі шым еткізді. Балабақшаның баласы ойнап жатқан рөлін түсіне ме? Желідегі көпшілік балабақша тәрбиешілерін жазғырды. Бірақ оған қолына қалам ұстаған қауымның да кінәсі бар ғой… Қазір балалар әдебиетінде скетч жанры кенже қалды. Осы жанрдың кенжелеуі жоғарыдағыдай жағдайға әкеп соқтырып жатқан жоқ па?!

Жақында Жазушылар одағында балалар әдебиеті секциясының отырысы болды. Бардық. Көтерілген мәселелер біз күткендей болмады. Жыл сайын балалар тақырыбына жазатын қаламгерлерді Одаққа қабылдау жағы айтылатындай көрінді. Одаққа қабылданумен балалар әдебиетінің мәселесі шешілмейді. Тіпті, аға буын өздерінен кейін шығып келе жатқан жас буынды танымайтындай көрінді.
Осы себептен де балалар тақырыбына жазып жүрген қаламгерлердің бірнешеуіне төмендегідей сұрақтарды қойып көрдік:

1. Балалар әдебиетінде не нәрсе ескерілмей жүр (бүгінгі бала психологиясына не керек)?
2. Қай жанрлар қалып барады?
3. Балалар тақырыбына жазатын елеусіз жүрген таланттарды білесіз бе?

Ділдар МАМЫРБАЕВА, жазушы:

Балаларға «Мстители» секілді анимелер ұнайды

1. Өзімізден кейінгі ұрпақтан не күтеміз? Қолымыз жетпеген, қолымызды жеткізе алмағанның бәрін. Бас амандығымен қатар ойлы, еңселі азамат болуын, жүрегінің, жанының терең болуын Құдайдан сұраймыз. Сұрай, тілей жүріп айналамызға үрке қараймыз. Себебі іші жүдеу, жұтаң, жан жүйесі жабық ұрпақ та аралас-құралас өсіп келеді. Мүмкін дәл осындай сипаттағы үлкендер де көп шығармыз. Мүлт кету үлкендерден басталмады деп кім кепілдік береді? Оны түзетудің жолы бар ма дегенде әдебиетке, мәдениетке, өнерге жүгінетініміз шындық. Сондықтан да «Балалар әдебиетінде не нәрсе ескерілмей жүр?» деген сұрақ қойып отырған боларсың. Алдымен уақытты тиімді пайдалану керектігін санаға сіңіру керек деп ойлаймын. Уақыттың қайтымы жоқ. Ол қарапайым біз тұрмақ, тақта отырған ханға да, топта жүрген биге де қарамай өте береді. Уақыттан тыс оқиға да, құбылыс та болмайды. Уақыттан тысқары шығып та кете алмаймыз. Сол себепті бала ұғымына уақыт туралы білім құю керек. Ол мультик бола ма, аниме бола ма, фильм бола ма, әңгіме бола ма, жолын тауып істеу керек.

Содан кейін біз, егде жастағылар, бір кезде өзіміз оқыған дүниелерді компьютер заманында туған балаларға тықпалай береміз. Осы қылығымызбен олардың жүрегін шайлықтырамыз, бетін қағамыз. Таңертең жаңалық екен деп қараған дүниеміздің кешкісін ескіріп жатқанына мән бермейміз. Бұл – басы-көзі жоқ ілесіп кет дегендік емес. Ұлттық негізді, тамырды сақтай отырып, дамыған заманға бейімделуіміз керек. Қазіргі балаларға «Тетрадь смерти», «Мстители» секілді анимелер ұнайды. Роботтар әлеміне қызығады. Шындығында бұларда шексіз қиял елесі, сезім еркіндігі бар. Оқушылармен кездесуге барғанда осылар туралы айтсаң, көздері жанып, бей-жай қалыптарынан арылып, әңгімеге араласып кетеді.

2. Балалар арасында жұмбақ, жаңылтпаш айту, логогрифтер (шарада, метограмма деп те атайды), қарама-қарсы сөздер ұйқасы, мысал өлеңдер Мұзафар Әлімбаев, Әбдірахман Асылбеков, Өтепберген Ақыпбеков, Ермек Өтетілеуовпен бірге кеткендей әсердемін. Басы тек бір ғана әріптен басталатын альфавиттік сәтті өлеңдерді де сағынасың. Қысқа да нұсқа ғибратты әңгімелер де тасада қалғандай.
«Шимайбектің портфелі
Жуан екен, нән екен.
Достары айтты, ойпырмай,
Ішінде не бар екен?
Қарап еді ақтарып,
Іші толы нан екен».
Психологтар осындай мазақтама өлеңдерді «керек емес, балалар бір-бірін сол кейіпкерге ұқсатып мазақтайды, жандарын жаралайды» дейді ғой. Біреудің жанын күйдіретіндер мазақтама өлеңсіз де күйдіре береді ғой. Бұл жанр да ұмытылмауы керек. Мұрат Сыздықовтың, Шоқан Әлімбаевтың фантастикалық әңгімелерінің орны ойсырап тұр. Балалардың жасын ескере отырып жасалатын танымдық ойындар мен комикстерді де қолға алатындар көп емес.

3. Балалар тақырыбына жазатын елеусіз жүрген таланттарды білеміз бе?

Бейбіт Сарыбайды, Есей Жеңісұлын, Мейіржан Жылқыбайды, Ернұр Сейдахметті, Серікбол Хасанды балалар да, үлкендер де таниды. Ал әдемі ертек жазатын Әдина Жүсіпті, Мира Сембайқызын, ғибратты әңгіме жазатын Гүлмекен Қасенқызын ескере бермейміз. Бұлар шынайы образдар жасайды. Жеке адам шешетін мәселе болады, мемлекеттің ұстанымымен атқарылатын істер болады. Оған мынадай бір мысал бар. Баяғыда бір патша өтіпті. Жалғанда жаны сүйетін шаруасы – ертегі тыңдау екен. Қолы қалт етсе-ақ патшалығының ертекшілерін шақырып алып, ертегі тыңдаудан жалықпапты. Күндердің күнінде қоластындағы ертегішілердің айтар ертегісі түгесіліпті. Ол естімеген ертегі, хикая, аңыз қалмапты. Ақыр аяғында: «Егер кімде-кім бұрын-соңды мен естімеген тың ертегі бастап, сол ертегісін «Жетті! Доғар!» дегенімше үзіп алмай айтар болса, әмірші атағын, шұрайлы алқапты, сұлу қызымды беремін», – деп жар салыпты.

Мотивация ғой. Елдің, биліктің идеологиясы. Мемлекеттің қамқорлығы «Маша мен аюдан» байқалады. Мультфильмі шықты, іле-шала оны насихаттайтын қуыршақтар, күнделік, дәптер бетіне салынған суреттері қаптап кетті. Осы аттас журнал да ай сайын оқырманымен табысып жатады. «Тетрадь смерти» мен «Мстители» де солай болды. Кешегі «Мұзды өлкенің» жанашырлары да лезде жұмысқа кірісіп жатыр.

Бізде жазған дүние жазылған қалпында қалып жатыр. «Мынау керек» деп бас-аяғын жинақтайтын адам жоқ. Идеология жоқ. Осы орайда мемлекет балалар әдебиетін қамқорлығына алу керек секілді. Бізде баспалар жоқ емес, баршылық. Шығарған кітаптары бірінен бірі өтеді. Безендірілуінде мін жоқ. Көздің жауын алады. Соған орай бағасы да қымбат. Кез келген отбасының оны алуға мүмкіндігі жете бермейді. Содан ол дүкен сөрелерінде бірнеше жыл шаң басып тұрады. Міне, осындай кітапты мемлекет жарты бағасын төлеп, оны ауылдық жерлердегі арнайы кітап дүкендерінде сатса, құба-құп болар еді.

Жасыратыны жоқ, қазіргі кезде жазушылар шығармаларын ақылы конкурстарға қатысу үшін жазады. Оларды да түсінуге болады. Міне, осы орайда тек балалар шығармаларына арналған мемлекеттік конкурс ұйымдастырылса, қаншама дүние жазылар еді.

Серікбол Хасан, ақын:

Балалар жазушысы бала психологиясын білмейді…

1. Шыны керек, қазір балаларға арнап әңгіме, ертегі, өлең жазатын қаламгерлер тым азайып кетті. Балалар әдебиетінің қазанында «қайнап» жатқандар – қария жазушылар. Ал жастар бұл салаға жуымайды. Алайда балалар әдебиетінің күні бітті деп қарамау керек. Өзінің төл әдебиетін қорғап қалатын – жұрты, мемлекеті. 2006 жылы «Музей түні» деген фильм шықты. Осы фильмнен кейін жұрт музейге ағылатын болды. Фильм авторлары музейдің не екенін білмейтін жұрттың жүрегіне сәуле салды, қызықтырды. Қазір музей қызметкерлері күні қарсаңында еліміздің барлық музейінде «Музей түні» акциясы өтеді. Бұл не деген сөз? Қазақ балалар әдебиетін біреу сырттан келіп дамытып бермейді. Оны дамытудың түрлі жолын іздеуіміз керек. Жазушылар Одағы осы бағытта ізденуі қажет. Жаһандану дәуірінде өзін сақтап қалуға тырысқан мәдениеттер түрлі жолмен жанталасып жатыр. Соның арқасында әлемдегі кітап өндірісі жаңа биікке көтерілді. Еуропаның, тіпті іргедегі Ресейдің балаларға арналған кітаптарын алып көрсеңіз, көңіл тояды. Түрлі тәсіл, жанр, форма… Балаға кітап оқытудың бар амалын жасаған. Бізде неге осы бағытта ізденіп көрмеске?!

Бір жаманы, бізде балаға не керегін басқа түгілі, балалар жазушыларының өзі білмейді. Балалар әдебиетін талқылаған жиындарда аға қаламгерлер өздерінің кітаптары туралы айтып, бағытты бұрып жібереді. Нақты ұсыныс жоқ, бағдар жоқ. Жастардың пікірі ескерілмейді. Қазіргі жастарда идея көп, неге соларға мүмкіндік бермеске?!

2. Қазір балабақша жасындағы, мектепке дейінгі, бастауыштағы балалардың әрқайсысына әртүрлі шығарма керек. Өкінішке қарай, бізде осы жастағы бүлдіршіндерге арналған шығармалар жоқ. Балалар жазушысымыз дегендердің бәрі 5-сыныптан жоғары балаларға арнап жазады. Ал сәбилеріміз ше? Үлкен балалар жазушылары сәбилермен сөйлесе алмайды. Психологиясын мүлдем меңгер-меген. Бастауыш сынып бала-ларының психологиясын жақсы меңгерген жазушы ретінде Мейіржан Жылқыбайды ғана атар едім. «Тауға саяхат» деген керемет кітабын шығарып, жан-жануарларға тіл бітірді. Кітабы да жаңа заманға сай шықты.

Ал біздегі үлкен жазушылардың көбі өздерінің балалық шағы жайлы жазады. Қазіргі бала мүлдем басқа. Бүгінгі балалардың психологиясы бөлек. Оларды қызықтыру өте қиын. Жаңа заман балаларына жаңа шығарма керек. Мысалы, Бердібек Соқпақбаевтың «Компас» деген әдемі әңгімесі бар. Бірақ сол әңгімені қазіргі балалар қабылдамайды. Неге? Себебі қолына планшет ұстап өскен балаға компас қызық емес. Сондықтан балалар авторлары бүгінгі заманның талабына, сұранысына қарай бейімделуі қажет. Бүгінгінің балаларына қазіргі заманның құндылықтарын, жаңа технологияны, жаһанданудың кереметтерін арқау еткен әдебиет керек.

3. Бүгінгі балалардың сұранысын дөп басқан автор ретінде Қуат Адисті атауға болады. «Кемпірқосақ» деген кітабы шықты. Шалғайда жүрсе де, осы саладағы індете жазып жүрген негізгі адам сол. Сосын Ақтаудағы Еділбек Дүйсенов деген жас жігіт жоғалып бара жатқан жұм-бақтар жанрын тірілтіп жүр. Олжас Қасым балаларға арнап жиі жаза бастады. Егер қолдау болмаса, ешкім қолға алмаса, бізде көптеген балалар жанры жоғалу алдында тұр. Әсіресе сахналық қойылымдар (скетч) жазатын жастар жоқ.

Өткенде Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай Парламент мінберінде депутаттық сауал жолдады. Депутат сауалында балалар кітаптарының азайып бара жатқанын айта келіп, «Осы орайда, балалар мерзімдік басылымдарына алғыстан басқа айтарымыз жоқ, оларды да Үкіметтің жарылқап жатқаны шамалы», – деген пікір айтты. Шынында, қазір балалар әдебиетін сақтап отырған «Балдырған», «Ақ желкен» журналдары, «Ұлан» газеті секілді басылымдар. Алайда сол «Балдырғанның» өзіне мемлекет көңіл бөлді ме? Былтыр 60 жылдығы атаусыз қалды.

Балалар тәрбиесі туралы қазір көп айтылады. Ұстазын беттен алып жатқан балалар бар. Мұның бәрі неден? Балаларымыз кітап бетін ашпайды, балалар басылымына жазылмайды. Оларды қазір интернет тәрбиелеп жатыр. Осы-лай кете берсе, жағдай ушыға береді.

Дархан Қамзабекұлы жоғарыдағы сауалында былтыр елімізде балалар әдебиеті бойынша бар болғаны 8 кітап жарық көргенін айтты. Оның өзінде кейбірі бұрын жарық көрген авторлар екен. Демек, бізде жаңа авторлар жоқ деген сөз. Авторлар неге балаларға арнап жазбайды? Бұл да үлкен мәселе. Қазір әлемдегі кітап саудасында өтімді төрт тақырып болса, соның бірі – балаларға арналған кітаптар. Өкінішке қарай, Қазақстанда осы саланы қолға алып, дөңгелетіп әкететін автор да, баспа да, ұйым да табылмай отыр.

Қуат Адис, ақын:

Балалар әдебиетін тек балалар оқиды десек қателесеміз

1. Кеңес кезеңінде идеология-ны негізінен ақын-жазушылар қалыптастырды десек болады. Иә, біз және біздің алдымыздағы екі-үш буын аға ұрпақтың өкілдері оқулықтардағы әңгімелер мен тақпақтар, мысалдар және балалар журналдары арқылы тәрбиеленіп шықты. Бала күнімізде «Балдырған», «Ақ желкен» журналдарының ай аралатып келетін әр нөмірін асыға күтіп, жата-жастанып оқушы едік. Журнал бетіндегі қысқа-қысқа әңгімелер мен тақпақтар тіліңе тигенде балмұздақтай еріп сала беретін. Оқыған сайын құныға, құшырлана түсесің. Қыл аяғы сол оқып отырған дүниелеріңнің кейіпкерлерін бейнелеген түрлі-түсті суреттердің өзінің сүйкімі бар еді және олар «сөйлеп» тұратын. Сол балалар басылымдарында Мұзафар Әлімбаев, Өтебай Тұрманжанов, Бердібек Соқпақбаев, Оспанхан Әубәкіров, Шона Смаханұлы, Мұқағали Мақатаев, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев және тағы да басқа балалар әдебиетінің көрнекті өкілдері қызмет істеді және сол ағаларымыздың қаламынан туған дүниелер ұрпақ тәрбиесіне ықпал етті. Соның бір ғана мысалы Өтебай Тұрманжанов ағамыздың:
Нан қоқымын шашпаңдар,
Жерде жатса баспаңдар.
Теріп алып қастерлеп,
Торғайларға тастаңдар, – деген бір шумақ өлеңі.

Небәрі төрт-ақ қатар өлеңнің баланы қызықтырып, елітіп алып кететін ойнақылау ұйқасын айтпағанда, бір артық әріп, не бір артық буын жоқ. Бір-екі оқығанда-ақ жаттап алып, тақылдап айтуына оңай, тілге де жеңіл. Тақпақтың тұла бойында тәлім тұнып тұр. Осы күні қоғам болып арнайы үндеу жариялап жүрген ысырапшылдықтың алдын алу, асты, соның ішінде нанды қастерлеу, қоршаған ортаны қорғау, табиғатты аялау, құстарға қамқорлық жасау, жасөспірім ұрпақты еңбекке, әдептілікке, үнемшілдікке үйрету, оларға адамзаттың түп тамыры табиғаттан нәр алып жатқанын ұғындыру мәселесі осы төрт жолда тұр. Ақын балаға құрғақ ақыл айтып, ділмәрсымайды. Баланың өз тілін жас ерекшеліктеріне қарай ұғымына сай етіп өлеңге айналдырады да, өздеріне тәрбие құралы ретінде пайдаланады. Бұл бір ғана мысал. Ал бұдан басқа бүлдіршіндер үшін тіл сындыруға арналған «тілашар» тақпақтар мен жаңылтпаштардан бастап, баланың ақыл-ойын жетілдіріп, тез шешім қабылдауға қалыптастыратын «Санамақтар» мен «Жұмбақтар», одан соң оларға күш-жігер беріп, бойына рух құятын ерлікке толы ертегі-дастандар бар еді. Мектеп қабырғасында жүрген төменгі сынып оқушыларының жайбасарлығын, жалқаулығын, еріншектігін, салақтығын, олақтығын, сабақ үлгерімінің нашарлығын сынау арқылы оларды ұялта отырып, қамшылап қатарға қосатын «Мазақтамалардың» өзі кез келген ата-ана бере алмайтын тәлім-тәрбиенің бастау бұлағы болатын.

Ал негізгі сауалыңызға нақты жауап бере алмаймын. Себебі мен әдеби ортадан шалғай жүрмін. Ара-тұра қазіргі қазақ әдебиетінің, бүгінгі қазақ қаламгерлерінің жай-күйі сөз болғанда, қазақ балалар әдебиетінің кенжелеп қалуының себебін сол жерде отырған қалам ұстаған қауым қазір балалар жазушылары қоғам назарынан, Жазушылар одағының қамқорлығынан тысқары қалып отырғанымен, қоғамда, тіпті әдеби ортаның өзінде оларға деген дұрыс көзқарастың қалыптаспай отырғанымен түсіндіреді. Яғни, олардың сөзі «арзан» әңгімелер, «тақпақ» өлеңдер жазатын балалар қаламгерлерінің әдеби ортада салмағы жоқ дегенге саяды. Алайда, осы балалар әдебиетіне шама-шарқымызша қалам тартып жүрген соң білеміз, балаларға арнап жазу оңай емес. Бүлдіршіндердің «тілінде» бір шумақ өлең жазудың жауапкершілігі зіл-батпан. Ол үшін жазушы бір сәт балалар әлеміне кіріп, өзі де балаға айналуы тиіс. Балалар әлемі – мөлдір әлем, олардың жаны кірпияз, талғампаз. Сондықтан олардың кіршіксіз әлемін кірлетуге, күншуақты көңіліне көлеңке түсіруге болмайды.

2. Балалар әдебиеті тек балаларға ғана арналған, оны балалар ғана оқуы керек десек қателесеміз. Балалар жазушыларының туындылары ең алдымен ұрпақ тәрбиесіне қызмет етуі керек деп ойлаймын. Ұрпақ тәрбиесі түзу болса, соның нәтижесінде жастарымыз «толық адам» болып қалыптасса, еліміз тыныш, мемлекетіміз де қуатты болмақ. «Тәрбие басы – тал бесік» дегенімізбен, Төле би бабамыз бала тәрбиесін бесіктен бастасақ та кешігіп қалатынымызды, құрсақтан бастау алуы керек екенін айтыпты. Бұрынғы аналарымыз құрсағына бала біткеннен оңашада отырғанда әлі жарық дүниеге шықпаған сәбиімен сөйлесіп, ыңылдап рухты жырлар айтып, іштегі шаранаға ана тілін сіңіре береді екен. Ал бүгінгі балалар «Бесік жырын» бесікте жатып естімей өсіп келеді. Қазіргі қалада асфальтта өскен баланы айтпағанда, ауылда туып-өскен қарадомалақтардың болмысының өзі табиғаттан ажырап бара жатыр. Табиғат тынысын сезіне алмайтын баланың бойынан ең алдымен шынайылық жоғалады, жасандылыққа ұрынады. Табиғи шынайылық жоқ, халқының тұрмыс-салтынан бейхабар, тарихи танымы таяз, ұлттық құндылықтардың қадір-қасиетін бойына сіңірмей өскен баланың бойында рух, көзінде оты болмайды. Сондықтан да қазір балаларға жазып жүрген қаламгерлер қауымы жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелейтін тақырыптарға көп мән беруі керек секілді. Мәселен, Әбділдә Тәжібаевтың «Толағай» ертегі-дастаны қанша буын ұрпақты ерлікке, батырлыққа, батылдыққа баулып өсірді. Қазіргі балалар әдебиеті осындай шымыр шығармаларға зәру. Кейбір ата-аналар мен ұстаздар тарапынан айтылып жүрген «Балалар әдебиеті соны соқпаққа түсіп, заман талабына сай жаңаша бағыт түзеуі керек» деген секілді ұсыныс-пікірлерді, әрине, ескеруіміз керек. Иә, рас, өркениетпен бірге адамзаттың да таным-түсінігі кеңейіп, ақыл-ойы кемелдене береді. Жаңа заман әдебиетті де жаңартады. Алайда, өзгермейтін бір ғана нәрсе бар. Ол – адам бойындағы ең ізгі қасиет мейірім. Бүгінде бесіктен белі шықпаған баланың өзі смартфоннан ән тыңдап ұйықтайды. Мектеп жасындағы балалардың барлығы сол телефон мен теледидарға тәуелді. Бұл ұлт келешегі үшін өте қауіпті, ұрпақ келешегі үшін қасірет. Балаларымыз вундеркинд болып туып, ғылым жолында жаңалық ашып, технологиялық төңкеріс жасағанымен ол баланың бойында өзінің елін, жерін сүйетін, соны жанын салып қорғай алатын рух болмаса, өз ұлтының басындағы қуанышы мен қайғысына елжірей қалатын жан жылуы, жүрек мейірімі болмаса, ондай «темір адамның» біздің қоғам үшін, тіпті жалпы адамзат үшін қандай пайдасы бар?..

3. «Жоқ дей берсең, жоғаласың» дейді қазақ. «Балалар әде-биеті құрдымға кетті, тамыры қурап қалды» деп байбалам сала беруге болмайды. Жоғарыда аттарын атап өткен қазақ балалар әдебиеті өкілдерінің ізбасарлары болмауы мүмкін емес қой. Бүгінде алпыстың асқарына шықса да, қолынан қаламын тастамай, балалар әдебиетіне қызмет етіп келе жатқан қазақтың көрнекті ақындары Байбота Қошым-Ноғай, Құл-Керім Елемес, Ақылбек Шаяхмет, Болат Үсенбаев, Нұрдәулет Ақыш, Толымбек Әбдірайымұлы, одан беріде Бағдат Батықұлы сынды ағаларымыздың әлі де балалар әдебиетіне берері көп. Ал қазіргі жас ақындардан Алмат Исаділ, Есей Жеңісұлы, Серікбол Хасан, Қанағат Әбілқайыр, Олжас Қасым, Әдина Жүсіп және тағы басқа жас қаламгерлерді айтар едім…

Жадыра НАРМАХАНОВА

Ұлан» газеті, №1
7 қаңтар 2020 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз