Сабина Қасымовамен кездейсоқ таныстым. «Азамат әлеуеті» жеке қайырымдылық қорының ұйымдастырушысы Азамат Тәжімұратов таныстырған. Әлеуметтік желіде дос болдық. Бірақ Сабинаның кәсіби биші екенін кейін
білдім. «Ұлы дала ханшайымы» сайысының Гран-при иегері екенін білгенде тіптен таңғалдым. Біраз уақыт бұрын Мәлика Мұқтаровамен сұқбат құрғанбыз. Мәлика сияқты Сабина да «өнеріме қоларба кедергі емес» дейді. Өнерлі бойжеткеннің негізгі мамандығы – есепші. Қазір де мамандығы бойынша жұмыс істейді.

– Әкем, анам, екі бауырым бар. Тоғызыншы сыныптан бері үйден білім аламын. Екі жыл бұрын Орталық Азия университетінің экономика факультетін бітірдім. Қазір Синергия Мәскеу университетінің есеп және несие мамандығын оқып жатырмын, – деп бастады әңгімесін Сабина. – 15 жасымда үшінші қабаттан құлап, жарақаттандым. Үш ота да дұрыс болмады. Қытай мен Новосібір мамандары ота жасаудан бас тартты. Сегіз жыл бойы омыртқаға жаттығу жасап, жан бітірдім. 2011 жылы тоғыз сағат бойы ота жасалып, башпайымды сезе бастадым. Алдымен қозғалуды үйреніп, кейін балдақпен жүріп үйрендім. Тынымсыз жаттығудың кесірінен аяғымды сындырып алдым. Сол жамбасыма эндропротез жасалды. Буынды қалыпқа келтіру үшін көп жаттығу істеу керек болды. Біздің елде медициналық оңалту орталығында емделу өте қымбат. Содан жұмысқа шығып кеттім. Қазір үйде ғана жаттығу жасаймын.

«Ота жасаған соң аяққа тұрып кетесің» деген ой миымда жатталып қалған. Ауыр оталардан кейін тұрамын деген сенім пайда болды. Болашаққа жоспар құрдым. Екі жыл үйде бос отырмадым. Кітап оқып, тоқыма тоқыдым. Кейін «Шырақ» мүгедектігі бар әйелдердің ассоциациясы бар екенін естідім. Өзім секілді қыз-келіншектермен таныса бастадым. Барған сайын көмектесіп, сол жерге қызметке тұрдым. Жұмыстың арқасында шетелге шықтым.

Әлеуметтік желідегі Сабинаның парақшасы позитивке толы. Есепшіден гөрі, өнерлі болған жарасатын секілді. Кәсіби бишілер-ден кем түспейді. Алғаш сахнаға шыққан сәті де есінде:

– Мектепте оқып жүргенде белсенді болдым. Гимнастика, шахмат, вокал үйірмелеріне қатыстым. Бір-ақ сәтте өмірім өзгерді. «Шыраққа» келгеннен кейін, түрлі флешмоб ұйымдастырдық. Жарақаттан кейін мүгедек болып қалғандарға қолайлы спорт түрін іздей бастадым. Бар ойым уақытымды бос өткізбеу болды. Ерекшелігім еш кедергі келтірмеді. Адамның жасағанын адам жасайды емес пе?! 2009 жылы Аруна Жақсығұлованың жетекшілігімен Қостанай қаласында параби өнері пайда болды. Содан бері еліміздің барлық өңірінде қоларбамен билеу түрі дамыды. Өзім де осы өнердің насихаттаушысымын. Жүрегің-мен қаласаң, жағдайыңа қарамастан жетесің. Арасында тенниспен де, керлингпен де айналыстым. Үстел теннисінен чемпионмын. Қазақстандағы параби спорт түрінен чемпион атанып, кубок жеңіп алдым. Параби түрін қолға алып, кәсіби түрде айналысамын. Былтыр тамыз айында Финляндияда өткен халықаралық би жарысында жүлдегер атандым.

Маған танымалдық әкелген сүйікті ісімді жақсы көремін. Осыдан екі жыл бұрын «Ұлы дала ханшайымы» сұлулық байқауын өткізді. Байқауды «Алматы әйелдер клубы»
қоғамдық бірлестігі ұйымдас-тырды. Кілең мүгедектігі бар қыз-келіншектер қатысты. Кастинг екі ай жүрді. Ақтық бәсекеге ірік­­теуден өткен он бойжеткен қатысты. Құрбым екеуміз жұмыста отырып, анықтаманы толтырып жібере салдық. Сөйтіп, екеуміз де финалға шықтық. Мен Гран-приге тігілген автокөлікті иелендім. Құрбым Меруерт үшінші орын алып, плазма теледидар ұтты. Жеңіске жету оңай болмады. Психологиялық сұрақтардан да сынға түстік. «Сіз не айтсаңыз, соны істеуге дайынмын» деген жауабым сәтті шығып, екінші кезеңге жолдама алдым. Бәрінің жеке психологы мен бишісі, дизайнері мен бет әрлеушісі жүрді. Өнер көрсетуге келгенде, ойланбастан биді таңдадым. Әртүрлі дизайнердің жұмысынан сән үлгісін көр-сеттік. Жеңістен кейін түрлі жобаға ұсыныс түсті. Қазақстан Медиа академиясына Гүлбахор Хасанованың шақыруымен барып, курсқа қатыстым.

Біздің елде ерекше қажеттілігі бар тұлғалардың мәселесі де аз емес. Қазір командада бес адам ғана спорт биімен айналысады. Тағы үш адам қатарға қосылғысы келеді. Бірақ билеуге ыңғайлы қоларба тапшы. Олар өте қымбат тұрады. Бізде екі-ақ қоларба
жұмыс істеуге жарамды. Болашақта осы олқылықтың орнын толтырып, би студиясын ашқым келеді, – дейді арманшыл қыз.

Әңгімелескен
Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

Ұлан» газеті, №1
7 қаңтар 2020 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз