Достар, жасөспірім шақта адамды сан сұрақ мазалайтыны белгілі. «Не істеп жүрмін? Адамдық борышым қандай? Өмірдің мәні неде?» деген секілді сұрақтар күні-түні ойыңнан шықпайды. Бәлкім бұл сұрақты сендер де күнде өздеріңе қоятын шығарсыңдар. Кейде осы бір өмірлік сұрақтарға жауап таппай шарқ ұрамыз. Өмірден мән таппай, өзін құрбан қылғандар қаншама. Осы секілді сұрақтарға логотерапия дейтін ғылым саласынан жауап табуға болады. XX ғасырдың бірінші жартысында Виктор Франкл негізін қалаған бұл ғылым аз уақытта әлемге таралып, адамзат проблемасын шеше білді. Логотерапияны қазақшалап «хикмет ілімі» десек те болады. Бұл туралы кеңірек білу үшін логотерапевт Амангелді Мейрамбекұлымен аз-кем әңгімелестік.

Тәуелділік

«Адам үнемі қозғалыста болуы керек, бір іспен айналысу керек. Оның қиындығына шыдау керек. Бұлт артынан күн шығады. Әр қиындықтың артынан жақсылық міндетті түрде келеді. Тек қана тоқтамау керек. Қозғалыс болмаса, адам бұзылып кетеді», – деген сыңайда мотивацияларды көп естіп жатамыз. Бір қарағанда таптырмас кеңес боп көрінеді. Сол мотивация бойынша жүре бастасаң, онда тышқаннан айырмашылығың жоқ боп қалады. Себебі тышқанның қозғалысында мән жоқ. Ол «не үшін қозғалып жатырмын?» деп ойланбайды.

Әр қозғалыстың мәні болуы керек. Егер мәні болмаса, уақыт өте шаршап-шалдығып, «мен не істеп жүрмін? мұның бәрі не үшін? не үшін үнемі қозғалыста болуым керек?» деген сұраққа тірелесіз. Экзистенциалистер осыны алға тартып былай дейді:
«Адамның өмірде тура жол тауып, бақытты болуы оның өмірлік ең маңызды сұрақтарға жауап беруіне байланысты. Өмірдің мәні не? Өмірге не үшін келдім? Не істеуім керек? Өлім деген не? Осы сұрақтарға жауап берген соң ғана адам қозғалысын тоқтатпау керек. Яғни алдымен не үшін қозғалу керек екенін біліп, содан кейін ғана қозғалуыңа болады.

Мұндай маңызды сұрақтардың жауабын таба алмаған адам әр нәрсеге алаңдап, мазасызданып, ештеңеге зауқы соқпай, үнемі күйзелісте жүреді. Нейробиология жағынан қарасақ, күйзеліс адам миына өте зиян. Жалпақ тілмен айтқанда «ми қызып» кетеді. Мұның алдын алу үшін ми өзін аман сақтайтын функциясын іске қосылады. Ол қандай функция? Әрине, ол – тәуелділік. Адам өмірлік маңызы бар сұрақтарға жауап таппай, күйзеліске түскенде автоматты түрде бірдеңеге тәуелді боп қалады. Олар: ішімдік, наша, құмар ойындар, ашынаға бару, аңшылық секілді баянсыз істер. Адамның ойы басқаға ауғанда күйзеліс күйі басылады. демек, тәуелділіктен құтылудың жалғыз жолы – өмірлік маңызды сұрақтарға жауап беріп, күйзелістен арылу. Олай болса, айналамыздағы ішімдікке салынған, әйелін, бала-шағасын тастап кетіп қалған, казинодан шықпайтын, нашаға отырып алған адамдарды сөкпес бұрын, оларға түсінікпен қарап, сұраққа дұрыс жауап беруіне көмектесуіміз керек. Сұраққа дұрыс жауап берсек, тәуелділік өзінен өзі жойылады.

Мән

Өмірдің мәні объективті болады. Жеті жарым миллиард адам бір-ақ іспен айналысуы тиіс. Ол – адамзатқа мейірім мен махабат тарату. Кім қалай таратады, оны өзі шешеді. Негізі өмірде мән жоқ, керісінше, адам өмірге мән бітіреді. Жер бетінде адамдар болмаса да табиғат өз алдына өмір сүре береді. Мысалы, мен домбыра тарта алам. Үйде ескі, сынған домбыра бар делік. Домбыра тарта алмайтын адам, түк пайдасы жоқ деп лақтырып тастайды. Ал мен тарта алатын болғасын, оны жөндеп, қайта пайдаланам. Демек, мен домбыраға мән бітірдім. Қоғамда іске аспай жатқан мәндерді іске асырса, мән пайда болады. «Бәрін Құдай шешеді» деп қол қусырып қарап отыруға болмайды, керісінше, бәрі адамға тәуелді.

Мамандық

Мамандық пен жар таңдаудан қателеспеу керек деп жатамыз. Бірақ мұның бәрі шартты нәрсе. Себебі адамның қолынан келмейтіні жоқ. Ықыласпен айналыссаң, кез келген істі дөң-гелетуге болады. Мамандықты «қай іс оң жамбасыма келеді?» деп емес, «қоғамға қандай мамандық керек?» деп таңдау керек. Виктор Франкл не үшін әйгілі болды? Себебі ол суицид мәселесін шешті. Жоғарыда айтқанымыздай, іске аспай тұрған мәнді жүзеге асырып, қоғамға мән бітірді. Мұны Ницше «Адам маңызды іспен айналысқанда өзі де маңызды тұлғаға айналады» – деп түйіндейді. Сондықтан мамандық таңдарда ең бірінші осы нәрсені ойлаған жөн.

Махаббат

Қазір «Өз адамыңды қалай табуға болады?» деген сұрақ көп адамды мазалайды. Құранның «Нәбә» сүресі, сегізінші аятында: «Біз сендерді жұп-жұп етіп жараттық» деген сөзді басшылыққа алып, сол ойдан шыға алмай қалады. «Менің жұбым бар. Оны қалай да іздеп табуым керек. Оны таппасам, бақытсыз болам» деп ойлайды. Осы шеңберге салып, жақсы немесе жаман болсын, жолында кездескен адамдарға күмәнмен қарайды. Жоғарыда айтқан Құрандағы аят негізі «үйленбей, тұрмыс құрмай-ақ өмір сүре алам» дейтіндерге қатысты айтылған. Яғни жалғыз жүруге болмайды. Ал мұны тура мағынасында түсінгендер қателеседі. Махаббатпен қосылу керек пе, жоқ па? Экзистенциалистер маңызды емес дейді. Бір-бірімен сүйіп қосылған. Махаббат та, пәтер де, ақша да бар делік. Бірақ статистиканы қарасаңыз, ажырасу біз ойлағаннан да көп. Неге? Әке-шешеге, Отанға, сүйген адамға деген махаббаттың бәрі бір махаббат. Оның бір-бірінен еш айырмашылығы жоқ. Махаббаттың түбінде жақсылық жатыр. Адамның махаббаты бойындағы ұстанымдарға (әділдік, мейірім, адамгершілік) тәуелді. Егер үйленгенде осы ұстанымдарды берік ұстанбасаң, серігің сенен жериді. Адам маxаббатына немесе сүйіктісіне берік болмайды, ұстанымына берік болады. Маxаббат пен ғашықтық сезімді тудыратын осы ұстаным. Ұстаным адам өмірінің барлық саласын қамтиды. Соның ішінде отбасы мәселесін де. Тіпті отбасынан бұрын жар таңдау кезеңінде де көбі осы ұстанымға байланысты болмақ. Отбасында проблема туындаса, оның шешімін отбасынан емес, ұстанымның беріктігінен іздеу керек. Отбасының саулығы ұстанымға байланған. Осы құдайлық ұстанымдарға адал болғанда ғана махаббат болады.

Қабілет

Адам қандай жағдайда да мәнге ұмтылады. Мәселен, әкесіне көмектесіп жатқан кішкентай баланы алайық. Мәнге ұмтылу туралы әлі түсінігі қалыптаспаған бала оны қайдан біледі? Мұның түбінде не жатыр? Сөйтсек, ол адам деген атқа лайық болу екен. Яғни біреудің керегіне жарау – «адам деген атқа лайық болдым» дегенді білдіреді. Мұндай сезім адамды сөзсіз бақытқа кенелтеді. Осы альтруистік қасиет адамның өмір сүруіне дем беретін ең негізгі мотиві еді. Бірақ мұны түрлі себеп пен принцип ысырып тастады. Мысалы, бала кішкентайынан осылай елге көмектесіп жүреді. Мұнысын алғашында туыстары қызық көреді. Кейін өсе келе біртіндеп тыя бастайды. «Неге оның шашбауын көтеріп жүрсің?», «Ел сенің аңқаулығыңды біліп алған» деген сөздерден кейін бала «бұлай өмір сүру қате екен» – дейді де, бұдан былай әр қадамын есеппен басатын болады. Ал мұны адамның ең алғашқы қате басқан қадамы десек те болады. Табиғи жолмен келетін бақыттан тыйылған бала немесе ересек адам оны ақыры қолдан жасауға кіріседі. Ол бақыт кішкентай балалар үшін түрлі ойыншық (компьютер, sega, play station) ересектер үшін ішімдіктер, диско-клубтар мен құмар ойынханалар. Әлбетте, ішімдік ішпейтін, ойын ойнамайтын адамдар да бар. Олар бар уақытын тиімді пайдаланып, ілім-білімге, шахмат, бассейн, бокс деген секілді адамның қабілетін ашатын түрлі секцияға қатысады әрі бұдан ләззат алады. Бірақ ғылым мұны да қатты сынға алады.

Неге десеңіз, адамның бойындағы барлық қабілет өзіне емес, өзгеге пайдалы болу үшін ғана қажет. Егер адам қабілетін ашып алғасын біреудің игілігіне жұмсамаса, онда ол жай ғана қабілетін ашқаннан басқа түк білмейтін адам боп қала береді. Оны ғылымда «потенциалистер» немесе «калейдоскопистер» дейді. Міне, осы потенциалистік көзқарас жоғарыда айтылған «альтруистік» көзқарасты ысырып тастайды. Бұл – үлкен проблема. Неге потенциалист деп атады десеңіз, біріншісінде адам «біреудің керегіне жарадым» деп қуанады, ал екіншісінде «бойымдағы қабілетті аша білдім» деп қуанады. «Потенциалистер» айтады: «Адам бойындағы бар қабілетін ашумен айналысу керек», – дейді. Ал логотерапевтер: «Егер адам бойындағы барлық қабілетін оятса, өмірде кім болар еді?», – дейді.  Бұл сұрақ түсінікті болу үшін Сократтың мысалын келтіреміз. Сократ: «Менің ішімде екі Сократ бар, біріншісі – қылмыскер, екіншісі – альтруист. Қоғамға қай Сократ керек?» – деп сұрағанда барлығы: «Альтруист Сократ керек» – депті. Егер адам бойындағы барлық қабілетті оятуы керек дейтін болсақ, онда альтруистпен бірге қылмыскерлік «қабілетті» де оятуға тура келеді. Сондықтан қабілетті ашарда адам өзіне екі сұрақты қоюы тиіс: «Қолымнан келетін қабілеттің барлығын ашайын ба, әлде қоғам талап етіп тұрғанын ашайын ба?». Тағы бір мысал. Жас жігіт спортпен айналысып, денсаулығын күтеді делік. Денсаулғында мін жоқ. Көшеде бір әжей дорбасын қинала көтеріп бара жатыр. Егер жігіт потенциалист болса түрлі сылтау айтар еді. Сөйтеді де өзінің ішіндегісін ғана көрсететін калейдоскоп тәрізді затқа қалай айналғанын өзі де білмей қалады. Қазіргі ата-аналар баласын түрлі секцияға апарудан алдына жан салмайды. Сөйтіп жыл сайын түрлі оқу орындарын бітіріп, «қызыл дипломмен» келіп жатқан қаншама потенциалы мықты студенттерді көресің. Бірақ ешбірін қоғамдық істен көре алмайсың. Ата-аналар сондай әділетсіз қоғамда өмір сүреді, қоғамнан жапа шегеді, сынағанда алдына жан салмайды. Сөйте тұра баласын барлық секцияға береді де, ең негізгі міндетті салаға, яғни әділетті қоғам құруға икемдеуге құлықсыз. Бізде «Балам, болашақта еліңе қызмет ет» – деген сөз көп айтылмайды. Сол себепті біздің қоғамда потенциалистер шаш-етектен…

Тағдыр

Туу, өлу секілді факторлар біздің еркімізден тыс болатын дүние. Демек, мұны тағдыр дейміз. «Пешенеге жазылғанды көреміз» деп айтып жатамыз. Мысалы біреу жол апатынан қайтыс болды делік. Тым жас алып кетті деп бұған Құдайды кінәлаймыз ба? Жоқ, әрине. Бұған көлігіне дұрыс қарамаған немесе дұрыс жүргізе алмаған адам кінәлі. Егер Құдай кінәлі болса, апатқа себепкер болған адамды соттау әділетсіздік болар еді. «Маңдайға жазылған» дегенді дұрыс дейтін болсақ, онда қиянат жасағандарды жазаға тартудың қажеті болмас еді. Қоғамда зорлық-зомбылық көріп жатқан адам көп. Олар да еркінен тыс зорланып жатыр ма? Сұрақты осылай қоямыз. Мұның барлығы Құдайдың принциптеріне қайшы. Алла Құранда «Ұрлық жасама, қиянат қылма, адам өлтірме» дейді емес пе? Міне, қайшылық. «Тағдырдың жазғаны, Құдайға да жақсы адам керек» деген де жай әншейін жұбату сөздер. Көп нәрсе адамның өз қолында. Адам өз тағдырын өзгерте алады, бақытты һәм бақытсыз болуы да өзіне байланысты.

Жазып алған
Жандарбек БОЛАТБЕКҰЛЫ

«Ақ желкен» журналы, №12
Желтоқсан, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз