2012 жыл. Жатақхана.
Бұл қалаға ол алғаш келгенде ақын боламын деп ойламаған еді. Қарапайым мектеп бітірушілер секілді оқуға тапсыруға келді. Арманы ақындық емес, әкімдік жаққа көбірек ауып тұратын. Бірақ сөз құрастырары және сол құрастырған сөзін ерекше оқу мәнері болатын. Сондықтан болса керек, ол өзі түскен филология факультетінде ерте танылды. Өзге ақындардай қағаз бетінен емес, сахнадан  танылған. Нашар өлеңін жалындатып оқып жүріп тіпті бірді-екілі мүшәйрадан орын да алды. Бірақ одан бәрібір шын рахаттана алмайтын. Өз-өзіне тұшынбаушы еді. Сахнада қолын сермеп өлең оқуын, кештерді жүргізуін – мансап жолындағы баспалдақтай көретін. Ең болмады дегенде тележүргізуші болуды армандайтын. Жалпы алғанда Айтжанның бойында танымалдыққа деген орасан зор ынтызарлық бар еді. Ол қандай жолмен, қалай екені маңызсыз, танымал  болғысы келді.

Бұл оқуға түскен шақта филфакта ақындар азайып қалған кез еді. Жыл сайын лек-легімен түсетін қаламгерлердің саябыр-сығанына 2 жылдан асып кеткен. Соңғы лек Айтжан бірінші курсқа түскенде төртіншіде оқитын. Бұлар оқуға түсіп, жатақханадағы өмірлері басталған шақта үшке бөлінді. Бірінші топтағыларды бұл өзінше «қиялилар» деп атайтын. Ақындар мен жазушылар, әншілер мен сазгерлер бар еді бұл топта. Қашан көрсең отырыстары ащы сумен, әңгімелері қошқыл түтіндермен жалғасып отырады.
Екінші топтағыларды «діндарлар» деп таниды бұл. Олар жиналып алып уағыз тыңдап,
топтасып намаз оқып жататын. Үшінші топ – әзілкештердің тобы болды. Турасын айтқанда КВН-щиктер. Ашығын айтқанда Айтжан бұл үш топты да ұнатпайтын. Бірақ танымал болуға мүмкіндігі жоғары үшінші топпен көбірек жүруге тырысушы еді.
Алматыдағы алғашқы жылы осылай өте берді. Бірақ жарытып ештеңе тындырмады. Сабағынан қалмады. Тапсырмасын тақылдатып орындап баратын.
Жыл соңына қарай жатақханадағы «қиялилардың» тобы құтырына бастады. Олардың көбі биыл бітіреді. Оның үстіне бәрі бір ауыздан «Есенин» деген киноны көріп алып, сол ақындарша «ішеміз» деп құдайдың құтты күні жатақхананың артқы жағындағы терезе түбіне ауызынан ақ көбігі аға ықылық атып келіп тұрар еді. Ал оларды екінші қабатқа тартып шығарып алу бірінші курстардың мойнында. Күндердің күні бір топ «қиялилар» келді.  Қолдарында сақырлаған бірдеңелері бар. Соған қарағанда жатақханаға келіп те отырыстарын жалғастыратын секілді. Оның үстіне қастарында бұларға таныс емес адамдар да бар екен. Бұл олардың шаш қойыстарына қарап тұрып, ішінен бәрін «қиялиларға» теліді.

Ұзын-ырғасы он бес қаралы адамды көтеріп алды бірінші курстар. Ең соңғы болып шыққан «қияли» бұған қарады да:
– О, эстрадник, – деп күліп жіберді.
– А? – деп бұл оның не айтқанын алғашында аңдамай, қайталап айтқанында түпкі мәнін түсінбей аңтарылып тұрып қалған еді. Мұны әжуалап тұрған «қияли» жүзіндегі
жымиысын жиып алды да:
– Жүр! Қонаққа ақындар келіп жатыр. Мен саған көрсетейін ақынның қандай боларын, – деп бөлмесіне ерте кетті.
Бөлме іші осы уақытта-ақ тұманданып тұр екен. Бұл елеусіздеу бір бұрышқа отыра салды да, дабырлап сөйлеп жатқандарға қарағыштап біршама отырды. Бірінен соң бірі өлең оқып жатты. Әлден уақытта мұның іші пысайын деген. Өзін ертіп келген «қиялиға» қарап еді, оның мұнымен ісі жоқ, таныс емес бір «қиялимен» беріле сөйлесіп отыр. Бұл орнынан тұрып, есікке беттеген сәтінде ол да мұны көре қалды:
– Айтжан! Қайда барасың?
– Мен, жәй… Су ішейін деп…
– Осы дастарханнан-ақ іше бар, – деп иегімен үстелді нұсқады да жанындағы үлкен «қиялиға» бұрылып: – Аға, ақын азайып бара жатыр. Биыл тіптен аз. Ішіндегі жазады-ау деген жігіт мынау алдыңызда тұр, – деп мұны нұсқаған. Алғашында аңтарылып қалған Айтжан жылдам ес жиды. Үлкен «қиялиға» қарап еді, бұған тесіле қарап отыр екен:
– Оқысын… Көрейік… – деп үстелге иегін таянып отыра кетті.
Қапелімде не істерін білмей қалған Айтжан бірден қалтасындағы телефонына жармасты. Қай өлеңін оқиды? Мұның жазатынының бәрі арнау мен мүшайралық өлеңдер емес пе? Ол өз өлеңдері үшін тұңғыш осы тұста ұялған еді. Бес жүз адам қадалып отырған сахнада емес, дәл осы, мына үлкен «қиялидың» алдында беті дуылдады. Бірақ үлкендер қинап бара жатты. Алғаш болып телефонынан көзіне түскенін оқи ала жөнелді. Бірақ сахнада тұрғандай дауысы жарқын шықпады. Қайта-қайта тамағы кеуіп, өзі жазғанынан өзі жаңыла берген. Қара терге түсіп, өлеңін оқып бітісімен ешкімнің көзіне тіктеп қарай алмай, жер шұқып тұрып қалды:
– Жақсы. Ең маңыздысы баланың көзінде ұшқын, өлең үшін ұялу бар. Мен сендерге айтайын, мына баладан бәріңнен мықты ақын шығады, – деп үлкен «қияли» орнынан тұрып, мұның қолын алып, бауырына тарта құшақтады да, құлағына сыбырлап: – Ей сен, Ұлы Қазақсың! – деген еді.

2019 жыл. Жазушылар одағы. 18 қараша.
Айтжан баяғы үлкен «қиялидың» сөзінен кейін де ақын боламын деп аса ойлана қоймап еді. Бірақ осы күннен кейін оның кітапқұмарлығы ашылды. Оқып отырып, көзінен кітап бетіне жас тамып кететін де әдет шығарған. Бұрынғыдай қолын сермеп өлең оқып, өрекпіп сөйлеуді де қаламайтын болды. Ол өз ішінен өзіне жаңалық ашқандай еді. Және сол күннен кейін жатақханадағы қиялидың бәрі мұны ертіп жүретін, ақын деп төрден орын ұсынып, құрмет көрсететін әдет шығарды. Әсіресе баяғы ақындар ортасына алғаш ертіп барған Әділ ерекше жақсы көруші еді. Бұл оны «аға» деді. Ол мұны «інім» деп мейірленді.

Бірінші курсты бітірген жылы жазда болса керек, Айтжан тұңғыш рет ешбір мүшәйрасыз, ешкімнің мерейтойынсыз-ақ жазуға отырды. Сөз құраудың мұнша қиын боларын ол білмеген еді. …Міне, бүгін де ол тағы қара терге түсіп отыр. Өзі жұмыс істейтін Жазушылар одағының үшінші қабатындағы терезенің алдына…
Алғаш «өлең» жазған күнінен бастап 6 жыл-дай уақыт өтсе де, асыра мақтау естімеді. Расына келгенде ол мақтауды өзі жазып жүрген өлеңдермен есту де мүмкін емес болатын. Оның өзіне талабы күшейіп, жазғандарын қорашсына берді.
Айтжан жақсы өлең жазу үшін не істемеді дейсіз?! Оқыған қаласын тастап, өзге қалаға жұмысқа кетті.

Ауылдағы жеңгесі үш рет босанып, бала тұрақтамағанда жер ауыстырып еді. Бұл да өлеңді нәрестеге теңеп, жер ауыстырып көрген. Ол да көмектеспеді. Қайтып келіп, Жазушылар одағына жұмысқа кірді. Қаншама «дүрдің» табаны тиген, иісі қалған жер ғой. Бірақ міне, төрт айдан асып барады. Өлең түгілі бір шумақ жаза алмады. Күнде жұмыстан кейін қалып, осы бір ескі ғимараттың сықырлауық еденін басып, мүлгіген тыныштықтың мазасын алып жүргені сол.

Бүгін де одақтың «Әдебиетшілер үйінің» есігіне арқасын сүйеп отырғаны осы. Сағат түнгі он екіден асып кеткен. Қараңғы түнекте телефонынан Сүгір күйлерінің қобыздағы орындауын қосып қойған. Ол ыңыранып, жанын жеп барады. Өзінің қуыс кеуделігін бүкіл әлем бетіне басып тұрған секілді күй кешті. Әлден уақытта өзі отырған есікке қарсы қабырға ішінен кітап беттерінің сыбдырындай дыбыстар естіле бастады. Алғашында елемей отырған еді. Уақыт өте келе күшейе берді. Екінші қабатқа баспалдақпен біреу көтеріліп келе жатқан секілді. Әне, ескі еденді сықырлатып бұған жақындап келеді. Күзетші шығар деп ойлаған. Бұрылып қарап еді, ешкім жоқ. Бірақ еденнің сықырлауы тоқтар емес. Және ол сықыр өзіне қарай жақындап келеді. Дерексіз дүние жүріп келеді. Көрінбейді.

Бұ не? Ғимараттың да мазағы ма? Жоқ өзі күнде мазасын алатын тыныштық енді мұның өзіне тыныштық бермеуге айналды ма? Орнынан лезде көтерілді де қобыз үні сарнап тұрған телефонын қарсы қабырға бар күшімен лақтырып жіберді. Ол телефоны қолынан шығып бара жатып-ақ онымен қош айтысып үлгерді. Қазір талқаны шыққан телефоны ғана қалады. Көз алдынан оны сатып алған несиенің әлі төленіп бетпегені мен банктегі менеджер қыз өте шықты. Бірақ бәрі кеш. Телефон қабырғаға жақындап қалған. Айтжан көз ілеспес жылдамдықпен өткен осы оқиғаның барлығын баяулатылған кадрда көріп отырғандай күй кешті.

Тарс етіп телефон қабырғаға соғылысымен бұл бұрылып баспалдаққа беттей берді де кілт тоқтады. Мұның арқасынан бір суық қол сипап өткендей болды да, «Қосбасар» күйінің қобыздағы әуені күңірене сарнай жөнелді. Дәл өзінің артындағы еденнің сықырлағанын, біреудің өзінен алыстай бастағанын анық сезді. Сезді де тізесінің дірілдегенін, буыны кетіп, жүрелей отыра кеткенін аңдады. Есін жиған кезінде ол қобыз үнінің әлі де сарнап тұрғанын естіп таңғалды. Бойындағы барын жиып тыңдап еді, манағы сыбыр естілген қабырға артынан шығып жатыр екен. Жер сипап қараңғыда телефонын іздеп еді. Жоқ екен. Ол тұманданған санасында телефонының мына қабырғаны тесіп өтіп, арғы жағында жатқанын анық білді.

Қабырғаны бар күшімен теуіп қалып еді, аяғы қабырғаның арғы бетіне бірақ өтті. Сол ішке кіріп шыққан аяғы арқылы ауыр салқындық сезді де, ол салқын бүкіл денесін ала жөнелген. Бірақ қабырға тебісін тоқтатпады. Гипстен жасалған қабырғаны адам сиятындай етіп сындырды да, түнек ішімен қобыз дауысына қарай жүре берді. Бұл шақта «Аққу» орындалып жатты да, қобыз қайта-қайта қаңқылдай берді. Кімнің орындағаны белгісіз, бірақ дүниені күңірентіп алып барады. Ол жер сипап жүріп телефонын тапты да, күйдің екінші құлағы басталмай тұрып өшіріп үлгерді. Жүрегі атқақтап, телефон жарығын қосқан. Беймәлім бөлме ішін қарай бастады. Бірінші болып көзіне қаздай тізілген төрт пюпитр түсті. Анықтап қарап еді, әрқайсысының жанында бір-бір орындық бар екен. Біреуінің үстінде сүйеніп қобыз тұр. Оның екі бүйірі Модиляни салған картинадай болбырап, ағып бара жатқан секілді. Айтжан санасын бірден сергітіп алды да, қайта қараған. Түгі де жоқ. Қарапайым қобыз. Еденде шашылған кітаптар. Бәрі ноталар жинағы.

Бұл бөлменің музыканттарға арналған грим бөлмесі екенін енді аңдады. Өйткені еденде бет бояуға арналған дүниелер жатыр еді. Яғни бұл бөлмеде музыканттар сахнаға шығар алдын жасанып, әрі репетиция жүргізетін болған. «Ал егер бұл грим бөлмесі болса, бөлмеде айна болуы керек қой» деп ойлағаны сол еді, манағы суық қол мұның арқасын қайта сипап өткендей болды, едендегі кітаптарды тағы сыбдырлатып өзінен алыстай берді. Оның бойы қалтыраған қалпында телефон жарығымен қосылып кері бұрылып еді, қарсы алдынан өзіне етене таныс ақынның сұлбасы ағараңдап жарқ етті де ғайып болды. Ол ақынды жұрт жоғалған дейтін. Не өзі, не мүрдесі табылмаған…
Қорыққанынан қолындағы телефоны түсіп кеткен екен, жер сипап жүріп қайта тауып алды. Анықтап байқап еді, қарсы бетте айна тұр. Күлкісі келді. Күлкісі емес. Өз-өзін қинап, өз қорқақтығына өзі күлкісі келді. Бірақ өтірік езу тартқаннан ары аса алмаған. Шаң мен өрмекші торы басқан айнаға жақындап келіп, өз-өзіне қарады да әжуалап тұрған бейне көрді. Әлден уақытта айнадағы өз бейнесі бұған қарап ашықтан-ашық қарқылдай күле бастады. Қанша қорықса да танып тұр. Өзінің өзіне жағымсыз күлкісі бұл. Қорқынышын ашуы басып, үлкен айнаны жерге алып бір-ақ ұрды. Бірақ күлкі басылған жоқ. Ол жерде жатқан айна сынықтарының бәрінен өзін көрді. Барлығы мұның үстінен хормен күліп тұрғандай.

Ол үстел үстінде жатқан бірнеше кітапты құшақтаған қалпы сыртқа ұмтылды. Жүгіріп бара жатып та сезді. Сол баяғы суық қол мұның алқымын сипап келе жатты. Демі жиілей берді, жиілей берді…

2019 жыл. Жазушылар одағы. 20 қараша.
Журналист: Кешіріңіз, Жазушылар одағының ғимаратынан бұрын белгісіз болып келген бөлменің табылғаны рас па?
Одақ қызметкері: Рас. Қазір ол жерде тексеріс жүргізіп жатырмыз.
Журналист: Ол жерден нендей дүниелер табылды?
Одақ қызметкері: Көбіне ноталық кітаптар. Бұл ескіліктегі музыканттардың грим бөлмесі болған екен. Әрі репетицияны олар концерт алдын осы бөлмеде жасағанға ұқсайды. Бірақ бұл бөлменің қашан, қалай жабылғаны белгісіз.
Журналист: Қызықты ешқандай дүние табылмады ма?
Одақ қызметкері: Бір нәрсе бар. Ол осыдан 20 жылдай бұрын жоғалып кеткен ақынның күнделігі мен өлең жазылған қойын дәптері. Қазір бұл қолжазбаларды біздің қаламгерлер тексеріп жатыр.
Журналист: Бұл бөлме қалай табылды.
Одақ қызметкері: Біздің бір қызметкеріміз, жас ақын…

2019 жыл.20 қараша. Аурухана.
– Жағдайыңыз жақсы. Тек қатты қорқып қалғансыз. Біраз уақыт тыныштықта демалсаңыз жетіп жатыр. Бәрі қалпына келеді. Ауыр дүниелер ойламаңыз. Ұйқыңыз келмесе де, ұйықтататын дәрі салдырып ұйықтағаныңыз жөн.
– Рақмет, дәрігер.
Айтжан палатада жалғыз қалды. Қас қарайып қалған шақ еді. Ол достары әкеп берген жеке заттарының ішін ақтарып отырып, ең алғаш өлең жазған қойындәптерін тауып алған. Езу тарта отырып парақтап шықты да, кешкі серуенді сылтауратып сыртқа шығып кеткен. Қаланы қақ жарып ағатын өзенді бойлай серуендеп жүріп, адам қарасы аздау тұсқа келгенде алғашқы өлең жазған қойындәптерінің беттерін мыжғылай бастады. Сіріңке жағып, өртеді де қарамастан кері бұрылып жүре берді.
Күнделік жанып жатты. Жүрегім қоса өртенер деп ойлап еді. Өз бойынан өлеңге деген ондай құрмет таба алған жоқ бірақ. Палатасына сілесі қатып шаршап келді де, құлай кетті төсегіне. Арқасын біреу сипап жатқан секілді. Танып тұр. Дәл сол суық қолдар бұл. Бірақ бүгін ол алақан ерекше ыстық болатын…

Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №12
Желтоқсан, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз