Аттиланың аттылы жасағы салтанатқа безеніп Батысқа аттанған еді. Бұл – айбынды ғұндар дәуірі. Сол бабалар ізімен бүгінгі жастар да Еуропа жұртына білім алып, тәжірибе байытып қайтуға аттанып жатқаны белгілі. «Болашақ» бағдарламасынан бөлек өз бетімен оқуға түсіп, грант жеңіп алып немесе алпауыт компанияларда еңбек етіп жүрген қазақ жастары көбейе бастаған. Түгел дерлігі тәуелсіздік дәуірінде өркениетпен үнқатыспаққа бет түзегендер. Соның бірі – орталығы Амстердамда орналасқан әлемге мәшһүр Booking компаниясында iOS әзірлеуші (iOS Developer) болып қызмет атқаратын 25 жастағы отандасымыз Мақсұт Нәрікби. Мақсұтпен осы заманның ақжолтай мүмкіндіктері жайында сұқбаттасып едік.

– IТ саласының мамандарын болашақтың құрылысшылары десек қателеспейміз. Мақсұттың IТ санасы не сезеді, оның мақсаты не?

– Адамзаттың басына цифрлық із-дерексіз қадам басу мүмкін емес дәуір туды. Соған орай әркімнің шалысы да әрқалай. Өз басым құм әжуасындай сағымға, қиялға емес, алдымда сайрап жатқан анық деректерге иек артам. Сол нәрсені баса зерттеп, соған талпынам. Жер беті технологияға жүгінген таңда ғылымға жөн сілтеу цифрлық кілті бар жанның қолында тұрғаны айқын дүние.

– Бәрін басынан бастасақ. ІТ саласына қызығушылығың қалай басталып еді?

– ІТ әлеміне бала кезімдегі компьютерге әуестігім емес, мектеп қабырғасындағы олимпиадаларға қызығушы-лығым алып келді. Алматыдағы физика-математика пәндерін тереңдете оқытатын дарынды балаларға арналған №173 лицейде білім алдым. Жарты жыл сайын жаратылыстану пәндерінен бақылау жұмысын тапсырушы едік. Бұдан бөлек, мектеп оқушылары нақты ғылымдар бағытында қалалық, республикалық және халықаралық олимпиадаларға жиі қатысатын. Бір күні менің
де қызығушылығым оянып, информатика пәнінен олимпиадаларда бақ сынай бастадым. Қызығы, информатикадан бізді мектеп мұғалімдері емес, Қазақ-Британ университетінің ұстаздары келіп дайындайтын. Осылайша, 11-сыныпқа дейін көптеген республикалық және халықаралық жарыста қоржыным толып, қанжығам майланып үлгерді. Кейін Халықаралық IT университетіне түсіп, Software Engineering, яғни бағдарламалаушы мамандығын тәмамдадым.

– Booking.com-ға барар жол қайсы? Мұнда жұмысқа қалай қабылдандың? Іріктеу кезеңдері мен негізгі талаптар жөнінде сөз етсең.

– Елде өз салам бойынша шамамен 5 жылдай жұмыс істедім. Небір қиын әрі қызықты жобалармен айналыстық. Бірақ үйреніскен ортада жүре берсең, ары қарай дамуың іркіліп қала-тыны бар ғой. Ағылшынша айтқанда, адамға бір жолда «нағыз жолаушы» болу үшін «challenge», яғни алға мақсат қойып, табанды түрде барыңды салып іздену қажет. Маған IT маманы ретінде дамудың жалғыз жолы – ірі алып компанияларда жұмыс істеп көру болды. Сол себепті шетел нарығындағы компанияларды зерттеп көрдім. Солардың ішінде Booking.com компаниясына назарым ерекше ауды. Әлемдік туризм саласының үздігі, әрі өзім демалысқа шыққанда пайдаланатын сервис. Қабылдау барысына келер болсақ, жалпы әлемдік ірі IT компанияларда іріктеу процесі бірдей стандарттарға негізделген. Қайсыбір ірі компанияға барсаңыз да, шамамен бір-біріне ұқсас сұқбаттасу кезеңдерінен өтесіз. Бұларды бірнеше санатқа бөлсек болады: кадрлық (HR interview), телефонмен техникалық (Phone technical interview), жалпы бағдарламалау туралы (General programming interview), жүйелік дизайн бойынша (System design interview), мәдени үлгідегі (Cultural fit interview) және бетпе-бет сұқбаттар (Onsite interview).

 

– Таратып айтсаң…

– HR interview – компанияға өтінім бергеннен кейін сізге бірінші болып  хабарласқан сәттегі әңгімелесу. Мұнда сіздің тәжірибеңіз бен коммуникациялық икеміңіз тексеріледі.  Phone technical interview – техникалық біліміңіз сыналатын кезең. Атауы айтып тұрғандай, компанияның бірнеше инженері сізбен телефон немесе скайп арқылы хабарласып, сұқбат жүргізеді.

General programming interview – бағдарламашы мамандығына тапсырған кандидаттардың басты және ең қиын сұқбатының бірі. Олай болатыны аталған сатыдан бастап, көзбе-көз сұқбаттасуға тура келеді, яғни компания кеңсесіне шақырту аласыз. Сізден алгоритмдерді (Algorithms and Data structures) қолданып есеп шығару талап етіледі.

System design interview – жай құрылымдардан бастап күрделі әрі ауқымды жүйелерге дейін құру тапсырылады. Әрине, практикалық түрде емес, теория жүзінде бәрін түсіндіріп, талдап беру керек.

Cultural fit interview – үміткердің компания құндылықтарына сай келетінін я келмейтінін айқындайтын сұқбат. Ерекше көз тоқтатып айтатын жайт, сұқбаттасушы тарап алдымен өзіне жақсы әріптес іздейді. Келешекте өзі жұмысты сеніммен тапсыра алатын, бірге отырып кофе үстінде әңгімелесе алатын қарапайым адамды іздейді. Сондықтан сізге алуан түрлі сұрақ қойып, жағдаяттық тапсырмаларды шешуді ұсынып, ішкі қасиеттеріңіздің картинасына үңілуге тырысады.

Onsite interview – сұқбаттасу-дың ең қызық тұсы. Болашақ әріптестеріңізбен жұмыс істесе бастайсыз. Ортаға сыйымды, сыйлы бола жүріп, біліктілігіңіз бен ептілігіңізді көрсете алсаңыз, төрдегі соңғы модельдегі озық компьютер сіздікі боларына кепілдік беремін. Айтпақшы, ұшақ, виза, қонақүй шығынының бәрін компанияның өзі төлейді. Сондай-ақ, 3-4 күн елді көруге, қаланы аралап шығуға уақыт беріледі.

– Сұқбатқа барғандағы алғашқы күнің, бірінші жұмыс күнің есіңде ме? Алғашқы әсер қашанда аяулы ғой…

– Сұқбатта, әлбетте, адам қобалжиды. Бұл қалыпты жағдай. Сәйкесінше сұқбатты жүргізетін адам мұны түсініп, сіз қысылмасын деп, еркін сезінуіңіз үшін барынша жағымды аура жасайды. Есептің шешімі келіңкіремей жатса, сізге астарлап көмектесуі әбден мүмкін. Дұрыс жолда келе жатсаңыз, демеп отырады. Ең бастысы қатеге өкініп, өзіңді жеудің қажеті жоқ. Бел буып шықтың ба, алға жылжи беру керек. Алғашқы жұмыс күнім… ерекше. Әдетте компания жаңадан қосылған қызметкерлерді үлкен залға жиып, оларға бірнеше күн бойы әртүрлі презентациялар таныстырылады. Оның арасында командалық ойындар, бір-бірімен танысу-кездесу сессиялары жүреді. Айналамдағы жандардың маған жылышырай танытқаны есімде. Басында уақытша жылылық па екен деп те ойладым. Кейіннен көзім жеткені, мұнда кез келген жан бір-біріне қонақ ретінде қарап, құрмет танытады екен. Жалпы адаптация өте позитивті, қызықты әрі пайдалы өтті.

– Booking компаниясының жұмыс тілі ағылшын тілін қалай меңгердің? Олимпиада озаты боп жүрген кезден бе, әлде есейгеннен кейін саналы түрде үйрендің бе?

– Шынына келгенде, мектеп кезінде ағылшын тіліне мүлдем қызықпаушы едім. Ағылшынды тек университетке түскенде оқи бастадым. Өйткені IT университетінің барлық пәндері ағылшын тілінде оқытылады. Қазіргі таңда елде мен білетін тағы төрт ЖОО осылай оқытып келеді: KBTU, SDU, KIMEP, Nazarbayev University. Десе де, аталған университеттердің студенттері де толық ағылшын біледі деп айту қиын. Себебі шет тілі – жай құрал. Өміріңізде ақпараттық өрісіңізді кеңейтетін құралдардың бірі. Әлдебіреуі мұны жетік меңгерсе, кейбірі жеткіліксіз. Меніңше, тілді білмеу оның қажеттілігін сезінбеу, не маңыздылығын жете түсінбеуден. Көзтаныс көптеген мықты мамандар, өз ісінің шебері бола тұра, ағылшынды жақсы меңгермеу себепті шетелге шыға алмай жатады. Голландияда халықтың 98% ағылшынды жетік біледі. Сонымен қоса тұрғындардың көбі француз, неміс тілдерінде де жақсы сөйлей алады.

– Біздің білуімізше, аты аңызға айналған алып компанияның IT департаментіндегі программистердің басым бөлігі ТМД, Бразилия және Үндістан елдерінен келген жастар деседі. Мұның себебі неде деп ойлайсың?

– Бұл жерде айта кететін мәселе, Booking.com әралуандық қағидасын ұстанады. Демек компания ешқандай ұлт, нәсіл не жынысқа байланысты алалауға жол бермейді. Жұмыс барысында барлық ұлт өкілдерімен танысасыз. Әрине, әр елде ахуал әртүрлі. Америкалық кадрды көре қою қиын болғанымен, ТМД, Үндістан, Бразилия және Мысыр азаматтарын жиі кезіктіресіз. Демографиялық бәсеке, әлеуметтік-экономикалық тапшылықтың әсерінен көп маман шетелге кетіп жатады.

– Естуімізше, әлемдік компанияда бір топ қазақстан-дық қызмет етеді. Ондағы қазақстандық шағын «диаспораның» ахуалы қалай?

– Қазіргі таңда компанияда жиырмадан астам қазақ бар. Аз болсақ та өте жақынбыз, бір-бірімізді қонаққа шақырып, үнемі хабарласып-араласып тұрамыз. Тіпті, отбасылы жігіттер жақын маңнан үй жалдап, бала-шағалары аралас-құралас өссін деген оймен кішігірім «қазақ ауылын» құрып алған. Компанияда Қазақстаннан екеніңді білсе, әр бөлімде кем дегенде 2-3 қазақтың есімін айтады. Бұл, әрине, қуантарлық жағдай.
Түптеп келгенде, қызғалдақтар елінде қазақтардың саны да аз емес. Реті келгенде әртүрлі себеппен, спорт матчтарында немесе мерекелерде басқосып тұрады.

– Енді тақырыбымыздың рамкасын ұлғайтсақ. Сеніңше, ғылыми технократиялық шарықтаудың мән-миссиясы неде?

– Меніңше, технологиялар – адам өмірін жеңілдетуге арналған құралдар. Мысалы, бұрын әуе билеттерін кассада кезек күтіп алатын едік. Қазір тек онлайн аласыз. Сіздің қаншама уақытыңыз бен энергияңызды үнемдейді. Осылай адам өмірін өзгерту процесі үздіксіз дами береді. Алаңдатарлық бір мәселе – технология адам өмірін жеңілдетуімен қатар, оның физикалық тұрғыда белсенділігін төмендетеді. Мәселен, Амазон компаниясының қоймасында тасымалдау ісімен адам емес, роботтар айналысады. Бұл – Амазон үшін миллиондаған долларды үнемдеу, ал қойма персоналдарына басқа жұмыс іздеу керек екенін көрсетеді.

Қайткен күнде де, жаңа заман адамы қара жұмыстан гөрі интеллектуалды жұмысқа көп мән бергені жөн. Көріп отырғандай қара жұмысшыны жақын арада роботтар не басқа балама технологиялар алмастырады.

– Еуропа халқының өмір сүру деңгейі, түсінік-көзқарастары мен мәдениетінің қандайда бір әсері болды ма? Әрине, танымдық жағынан айтқанда.

– Бұған не десе болады?! Еуропада өмір сүру мүлдем бөлек әңгіме. Голландияның өзге елдерден ерекшелігі – халық толеранттық қасиетін өте биік деңгейге көтерген. Мұнда барлық нәсілдер мен халықтарды көруге болады. Халықтың бәрі ағылшын не голланд тілінде еркін тілдесе алады. Ешкім сізден голланд тілін білуіңізді талап етпейді.

– Ел жайына оралсақ, отандық IT саласының бүгінгі таңдағы мәселелерінен хабарың бар ма? Неге бізде Нидерландыдағыдай жағдай жасамасқа? ІТ болашағы қарқынды дамып келе жатқан сала емес пе?

– Жоғарыда айтқанымдай, елде бес жылдай еңбек еттім. Сонда көзім жеткені – Қазақ-станда IT саласы әсте-әсте жақсы дамып келеді. Әйтсе де біз күткен зор қарқында дамымауының бірқатар себебі бар:

  • Отандық IT компаниялардың басым бөлігі мемлекеттік тендерлер арқылы күн көреді. Бұл ізденіске, олардың дамуға деген талпынысына салқынын тигізбей қоймайды.
  • IT өнімдердің 99%-ы отандық нарыққа арналған. Бізде бар-жоғы 18 миллион ғана халық, оның интернетті белсенді қолданушылар саны 3 миллионға жетер-жетпес шамада. Қайткен күнде де тек Қазақстанның нарығында қалу дұрыс емес.
  • Ең жақсы әрі жақын мысал – IT саласында алға түскен Украина мен Беларусь мемлекеттері. Керемет жетістіктерін көзбен көріп отырмыз. Беларусь билігі IT компанияларға салықты азайтып, кейбір экономикалық секторларда тіпті салықты алып тастады. Сондықтан Минск қаласында қазір Wargaming (World of tanks), EPAM Systems деген алып IT компаниялар пайда болды.
  • Отандық компаниялар көрші отырған Ресей нарығына кіруге ұмтылу керек. Оған мүмкіндік те жетерлік. Артық-шылығы сол, біз қоңсы қонған орыстың тілін де, мәдениетін де білеміз. Онда бізге қарағанда он есе көп, 150 миллион тұтынушы контингенті бар. Негізінен нидерландылық IT компаниялар өз елінің нарығында ғана емес, кем дегенде жақын тұрған Еуропа мемлекеттеріне кіруге тырысады. Ал Booking болса бүкіл әлемнің ашық нарығында.

– Booking.com компаниясының ерекшелігі неде? Қызмет-керлерінің велосипедіне дейін басшылық қарасатыны рас па?

– Компания қарамағындағы қызметкерлерінің жағдайына жақсы қарасады. Жайлы кеңсе, тегін тағам, жаңа ноутбуктар мен қажетті құрал-жабдықтар. Жалғыз Амстердамның өзінде IT саласында 4000 адам жұмыс істейді. Мұнда әрбір персонал керек деп шешкен конференция-курстарға қатысып, кітаптарға тапсырыс бере алады. Тіпті 750 еуро көлемінде қаржыға велосипед сатып алып береді. Жұмыс уақыты flexible, яғни белгіленген нақты уақыты жоқ. Орта есеппен адамдар күнделікті сағат 10:00-17:00 арасында жұмыста. Егер үйде жұмыс істегіңіз келсе, өз еркі-ңіз. Менеджер ескертіп, үйде жалғастыруға болады.

– Амстердамда орташа алғанда программист жылына 60-75 мың еуро табады деседі. Рас па?

– Мамандардың деңгейіне байланысты жылдық жалақы да әртүрлі. Бірақ орташа есеппен жұмысын жаңа бастаған маман осы сомада табыс табады. Жыл сайын сіздің жұмыс нәтижеңізге қарай бұл сома өсіп отырады. Senior деңгейіне көтерілген маман 100 мың еуродан көп жалақы алатынын мысалға келтіруге болады.

– Компьютерлік бағдарламалау, жалпы ІТ саласына қызығып немесе енді бастап жүрген жастарға қандай кеңес берер едің? Білікті маман, толысқан технократ болу үшін неден бастап, не істеген дұрыс?

– Бар айтарым, бұл салада көп практика керек. Жолыңызды енді бастап жатсаңыз, көп жобамен жұмыс істеңіз. Әралуан салада, түрлі технологияларды көріп, өзіне ыңғайлы платфор-маны таңдаған дұрыс (backend, frontend, mobile). ІТ саласы – кітаптан оқып, дереу істей қоятын бағыт емес. Бұған қоса soft skills, яғни техникалық білімнен бөлек, коммуникациялық қабілеттерді дамыту керек. Айналадағы қоғаммен және жекелеген адам-мен тіл табыса білу, түсіністік таныту әрі ортақ құндылықтар табу – заман талабы. Ортадан оқшау өмір сүру мүмкін емес.

– Болашақта елге оралып, мақсат-жоспарды іске асыру, білім-тәжірибеңді Отаныңа арнау ойда бар ма?

– Әрине, «Отан оттан да ыстық» дейді емес пе. Жинаған аз-кем тәжірибемді еліме барып, қолдана алсам деген ойда жүремін үнемі. Бірақ қашан дайын боларым әлі анық емес. Оқып, үйренерім әлі көп. Отандық ІТ саласын жаңа биікке көтеру – әрқандай программистің парапландық мұраты. Әзірге телеграм каналымда, әлеуметтік
желілерде пайдалы ақпараттар-мен бөлісіп тұрамын. Мүмкін алдағы жылы «Подкаст» немесе «Ютуб» арнамды ашатын шығармын.

– Шетелде жұмыс істеуіңе отбасыңдағылар қалай қарады?

– Онсыз бола ма?! Елімді әр кез сағынамын. Шетелде кезіккен кез келген қандасты бауырыма тартып, оларға жылы қабақпен, һәм көңіл ықыласымен қараймын. Маңғаз даланың шайыры Сабыр Адай айтқан «Әр қазақ – менің жалғызым» деген сөзді жете түсінесің жырақта жүргенде.

Тағы… (сәл ойланып тұрып – авт.) соғымның сүр еті мен қымызды сағындым. Үйдегілер ойым мен сөзімнен қанша балаңдық аңдаса да, қолдап-демеп, сездірмеген күйде ақыл қосып отырады. Айтарлықтай қарсылық болған жоқ. Керісінше жас кезіңде, қағып алар шақта айналаңды танып біл деп, ақ батасын беріп шығарып салды.

– Технологиялық ғылыми революцияның, соның ішінде ІТ саласының болашағын қалай елестетесің? Механикалық автоматтандыру соңы адамзат табиғатының бұзылуына, мораль дағдарысына әкелмей ме?

– Бәрі де мүмкін. Тап осыдан 10 жыл бұрын қазіргідей бір телефонмен барлық ақпарат алақаныңызда сырғып сала беретінін елестетпек түгілі, үш ұйықтасақ та түсімізге кірмеп еді. Клаус Швабтың төртінші индустриялық революциясы басталған шақта технологиядан бас тарту мүмкін емес. Адамның моральдық масылдығы күшейіп, санасы дағдаратынын немесе биологиялық болмысы мутацияға ұшырайтыны әрқандай болжалды зерттеу қорытындыларында айтып жүр.

Утопиядан тайған әрі ІТ-ланған тіршілігімізге байла-нысты болашақты шырамыту үшін Netflix-тің британдық «Түнекті айна» («Black mirror») атты кинокартинасын ұсынамын. Туындының негізгі идеясы – жасанды интеллекпен байытылған технологиялармен етене сіңісіп кеткен қоғамның өмірі. Технологиялық болашақ – өнбейтін дау арқауы. Соңғы үкімді уақыт не адамзаттың өзі шығарады. Яки барлық нәрсені өз ағымында қалдырсақ уақыт дегенін істейді. Бірақ бұл ағысқа адамзат не істей алары тағы белгісіз емес пе? Тұйық шеңбер. Бәлки, парадокс.

– Әңгімеңізге рақмет!

Күлтегін АСПАНҰЛЫ

«Ақ желкен» журналы, №12
Желтоқсан, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз