Күн жексенбі болатын. Әкесімен бірге сырғанаққа келген Аян аққаланы көріп, ерекше қуанды.

Аққала сүп-сүйкімді, сәнді екен. Басындағы шымқай қызыл тақиясы да, дәл сондай түсті мойынорағышы мен қолғабы да өзіне жарасып тұр. Мұрны да өзгеше. Сәбіз емес, цирктегі клоунның мұрнындай домалақ, қызыл мұрын.

Қап-қара түйме көздері жылтырап, езуін тарта күлімдеген аққалаға Аян қызыға қарап қалды. Бұл ғана емес, сырғанаққа келген балалар да, үлкендер де аққаланың қасынан бірден кетіп қалмай, кезек-кезек суретке түсіп жатты.

–  Мынау бір қызық аққала екен, – деді Аянның әкесі бір кезде. – Көрдің бе, арнайы киімі бар.

– Әке, бұл шетелден келген аққала ғой, сноумен. «Сноумен» деген – ағылшынша «қар адам»,  – деді Аян білімпаздық танытып.

– Дұрыс айтасың! – деді әкесі. – Аққаланың аты көп. Мысалы, жапондар аққаланы «юки-дарума» дейді.

– Рас па? – деп таңғалды Аян. – Жапондар да аққала жасай ма?

– Жасағанда қандай! «Юки-дарума» – «қар қуыршақ» деген сөз. Кіп-кішкентай болады. Жапондар оны жасап, тілек тілейді екен. Көктемде аққала еріп кеткенде сол тілек орындалады деп сенеді.

Аян әкесін ұйып тыңдады. Бірақ артынан ойланып қалды.

– Әке, қызық қой… – деді ол әлденені түсіне алмай тұрғанын сездіріп. – Аққала, расында да, қардан жасалған адамға ұқсайды. Кішірек болса, қар қуыршаққа да ұқсайтын шығар. Онда біз неге аққаланы «қар адам» демей, «аққала» дейміз?

– Айтып берейін бе? – деді әкесі. – Бірақ сырғанақты қайтеміз? Мұнда ойнау үшін келдік пе, әңгіме айту үшін келдік пе?

Аян жалт бұрылып, сырғанаққа көз тастады. Қызықтың бәрі сол жақта сияқты. Биік қыраттан шанамен ызғыған балаларға тезірек қосылғысы келіп тұр. Әйтсе де, аққала жайлы әңгімені аяғына дейін тыңдамай, бұл арадан кеткісі жоқ.

– Әке, сосын барам. Үлгерем ғой. Айта беріңізші, аққала неге «аққала» деп аталады? – деп қиыла түсті Аян.

– Жарайды, айтып берейін! – деді әкесі күліп. – Негізі, «аққала» деген – қардан жасалған ақ қорған. Ертеде ата-бабаларымыз қар қалыңдап, қасаттана бастағанда киіз үйдің, қора-қопсының айналасына осындай аққала тұрғызған.

– Не үшін?

– Боранды күндері үй-жайды қар басып қалмау үшін. Бұл әдісті қысы қатты өңірлердегі малшылар әлі де қолданады. Яғни, «аққаланың» әуелгі мағынасы – қарлы бораннан қорғайтын қалқа, тосқауыл, ықтасын.

– Сонда… олай болса… адамға ұқсайтын аққала қайдан шыққан? – деп сұрады Аян.

– Қармен ойнаған қызық қой, – деді әкесі. – Балалар да қарды үйіп, өздерінше қорған соққан. Келе-келе қардан түрлі бейнелер жасаған. Қарды домалатып, «қар адам» жасауды үйренген. Соның бәрін «аққала» деп атаған.

Аян орнында сәл тұрды да:

– А-а-а, енді бәрін түсіндім! Кеттім сырғанаққа! – деп шанасын сүйретіп, қарлы қыратқа қарай жүгіре жөнеледі.

Жүгіріп бара жатып, артына бір қарады. Сүйкімді аққала бұрынғыша күлім қағады.  «Ақылдысың, Аян, мен жайлы бәрін біліп алдың!» деп тұрғандай.

 

1 ПІКІР

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз