«Ұланның» жас тілшісі атану – жазу-сызуға қызығатын барлық баланың арманы. Дəстүрге айналған «Жас тілші» куəлігін табыстайтын
уақыт та жетті. Белсенді авторлар мен жас тілшілердің еңбегі еленетін сəт. Сонымен кіл жүйрікте кім жүйрік шықты?!

Ақтөбелік Аяулым Құдайберген №56 мектептің 8-сынып оқушысы. Арамыздағы жасы кіші тілшіміз. Алдымен «Ұланға» толық бір жылға жазылып, содан кейін жазғандарын жіберді. Өзі сондай пысық. Газеттің бір саны келмесе, пошташы апайларды «қуырып» жібереді. Бір жылдың ішінде белсенділігімен көзге түсті. «Әлем чемпионы Әйгерім», «Ең жас дизайнер мектепте оқиды», «Сән үлгісі – сәнді киіну емес», «Кесте өнері кенжелеп барады», «Лондонда ән шырқаған Нарқыз», «Орта ғасыр қаласына саяхат», «Білімдінің күні жарық» сынды мақаласынан-ақ ізденімпаз тілші екенін аңғардық. Жарық көрген мақаласымен қатемен жұмыс жүргізетін санаулы жас тілшінің бірі. Белсенділігін ескеріп, «Ұланның» жас тілшісі куәлігін табыстаймыз.

Мерей Ауғали есімді жас тілшіміз Баянауыл өңіріндегі Мұса Шорман ауылынан хат жолдайды. Қ.Сәтбаев атындағы орта мектептің 10-сыныбында оқиды. Көктемдегі «Журналист болғың келе ме?» жас тілшілер форумының жеңімпазы. Кезінде жас тілшіміз атанған Еламан Хасенұлы ертіп әкеліп, таныстырған еді. Содан бері Мерей тұрақты оқырманымызға айналды. Жаз бойы белсенділік танытты. Оның жазғандарының басым бөлігі – туған жер тақырыбы. «Туған жеріме қонаққа шақырамын», «Қазақ даласы –
ежелгі металлургия отаны» сынды материалы сәтті шықты. Баянауыл өңіріндегі жаңалықты да Мерейден оқимыз. Болашақта сауатты журналист болатынына сенім білдіреміз!

Қатарымызға биыл қосылса да, Айғаным Тұрысбектің есімі жақсы таныс. Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы, Ақбастау ауылынан. 11-сынып оқушысы. Газетке бұрыннан жазып жүргендей тез ілесіп кетті. Еркін тақырыпта жазғанды ұнатады. Айғанымның жазғандарында сын бар. «Бір өкініш, бір үміт», «Ақтау қаласына барсаңыз…», «Өнегелі сөз» деген дәптерім бар», «Жарайсыңдар, жас тілшілер!», «Әлеуметтік желідегі жарнамаға алданып қалмасақ» мақаласы оқылымды болды. Тапсырманы уақытында, мұқият орындайды. Айғанымға жаза түс демекпіз!

Биыл қарағандылықтар белсенді болды. Солардың бірі – Зарина Игенова. Жаңарқа өңірі, Қызылжар ауылы, Қызылжар орта мектебінің 11-сыныбында оқиды. Газетіміздің «Жырақта білім іздесең…», «Кәсіп түбі – нәсіп», «Білім елінде», «Әуез» айдарының тұрақты жүргізушісі. Оның жазғанынан кәсібін дөңгелетіп отырған жастарды білеміз. Жазда редакцияға арнайы соғып, тапсырма алып кетті. Өзінің жазғанымен қатар, бауырларының да жазғанын жіберіп тұрады. «Ұлан» газеті Заринаның отбасымен бірге оқитын сүйікті газетіне айналғанына қуаныштымыз! Жазарың таусылмасын, Зарина!

Алматының іргесінен редакцияға апта сайын қонақ болатын қаскелеңдік Айсұлу Съезханның да есімі белгілі. Абай орта мектебінің 11-сыныбында оқиды. Алғашында мұңды мөлтек сыр жіберетін. Кейін позитивке толы материалдар жібере бастады. Болашақта жазғысы келген тақырыптарды тізіп әкеледі. Талдайды, саралайды. Сараптап жазатын санаулы журналистің бірі болатынына сенеміз. Барған жерінен мақала жазып келетін еңбек-қорлығына сүйсіндік. Айсұлудың ерекшелігі – замандастарын насихаттап жүреді. «Мақсатым – гимнастика мектебін ашу», «Жас математиктерді не толғандырады?», «Қалқанқұлақ бала қайда жүр?», «Бас бәйгені бермейтін Аружан» сынды мақалалары сөзіміздің дәлелі. Жас тілшімізді ресми «Жас тілші» атануымен құттықтаймыз!

Түркістандық «Жас тілші» атанған қос тілшіміздің бірі – Алтынай Маликаждарова. Сарыағаш ауданындағы М.Ғабдуллин атындағы мектептің 11-сынып оқушысы. Өңірінің мақтанышы. Мектеп үздігі. Көктемгі жас тілшілер форумының жеңімпазы. «Ендігі журналистиканың жайы не болмақ?», «Әлем жастарының мүмкіндігі тең», «Жамал Омарованың жиені опера жұлдызы», «Мұрат Әуезовтің қызынан шақырту алдым» мақалалары жарық көрді. Содан бері газеттің тұрақты оқырманына айналды. Болашақта журналист болғысы келетін жас тілшімізге сәт сапар дейміз!

Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

Ұлан» газеті, №52
24 желтоқсан 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз