Қазақ жастарының тəуелсіздік үшін алаңға шыққанына биыл 33 жыл. Желтоқсан оқиғасы туралы жыл сайын жазылып, айтылып жүр. Ал біздің бүгінгі кейіпкеріміз Шынар Жолдыбайқызы осы оқиғаның ортасында жүріп, кейін тергеуде болған. Қазір ол аяулы жар, ардақты ана, асыл əже. «Қиын заманда шаңырақ көтердік, тұңғышымыз тəуелсіздікке толық қолымыз жеткен жылы өмірге келді. Қазіргі жетістігіміздің бəрі – егемендіктің арқасы», – дейді желтоқсаншы. Алаңға шыққан күн туралы сұрағанда біраз əңгіме айтып берді. Тыңдап отырып оны ертегі немесе киноның кейіпкері ме деп
ойлайсың. Достар, сендерге соны ықшамдап ұсынып отырмыз. Бұл əңгіме оқырманның патриоттық сезімін оятып, батылдыққа, шүкірлікке шақырары анық.

Алты айға созылған тергеу

«Ол кезде Киров атындағы ҚазМУ-дың журфагында оқитынмын. Жатақханада тұрамын. Тарсылдаған есік даусынан оянып кеттік. Таңғы сағат төртте есік қаққан бұл кім болды екен деп бір-бірімізге үрпие қараған үшеуміз ашар-ашпасымызды білмедік. Көрші бөлмедегі екі қыз да оянып есікке келді.
– Бүркітбаева осында тұра ма? – деді есіктің сыртынан біреу.
– Иə… – дедім жүрегім аузыма тығылып.
– Саратовтағы əскерден бауыры келді, есік ашыңыз да шығыңыз! – деді əлгі дауыс. Желтоқсанның басында ғана əскерге кеткен бауырым неге келді екен деген ой лезде елес беріп, есікті ашып, сыртқа шықтым. Бейтаныс екі ағай:
«Бүркітбаева, бізбен төменге жүріңіз», – деді. Бесінші қабаттан бірінші қабатқа түскенше аяғым қалтырап, ойым сан-саққа жүгірді.

Бейтаныс ағайлар мені коменданттың бөлмесіне кіргізді. Біреуі маған қарсы
орындыққа жайғасты да, екіншісі терезеден салбырап тұрған жіпті тартып қалды.
Қап-қара қалың перде гүр етіп төмен түскенде, қорқып кеттім.
– Біз мемлекеттік қауіпсіздік комитетіненбіз. Ал сіз, Бүркітбаева Шынар Жолдыбайқызысыз, солай ма? Əке-шешеңіз коммунист. Қалайша сізді партияға қарсы тəрбиелеген? – деп əңгімесін əріден бастады.
– Кімге қарсы, не айтып отырсыздар? – дедім дірілдеп. «Менің ата-анам жайлы, бауырымның Саратовқа əскерге кеткені туралы қайдан біле қойған?» деген ой келді бірден.
– Алаңға кіммен шықтыңыз? Кім сіздерге уағыз жүргізген? Жасырмай шындықты айтыңыз, біз бəрін білеміз, – деді екіншісі сөзге араласып.
– Мен, мен… Мен алаңға барған жоқпын. Кім айтты оны? – дедім жалтарып.
– Жоқ, бардыңыз! – деп дүрсе қоя берді. Мен шошып кеттім. Осындай тергеу күн сайын болатын болды. Əдетке айналып кетті. Ол кезде мен бұл тергеудің алты айға созыларын білмеп едім.

Ол күні мен де алаңда болған едім…

«Алаңда жастар бейбіт митингке шығып жатыр екен, біз де барайық» деп, үш қыз вахтадағы қарауылды «нанға барамыз» деп алдап, алаңға барғанымыз рас еді. Шынымды айтсам, кереметтей саяси сауатты болған жоқпыз. Алаңға барып сөз сөйлеу үшін емес, не болып жатқанын көру үшін бардық. Барсақ, солдаттардан тор құрып тастапты. Араларынан сығылысып өтіп, қалың топқа кіріп кеттік. Айғай-шудан ешкім-ешкімді біліп болар емес, бір-бірінің қолынан ұстап алған қыз-жігіттер трибунада тұрғандарға қарсы ұмтылады. Алдында тұрған милиционерлер оларды кері қарай итереді. Кенет біреу бізге өлең айт дегендей, бəріміз «Менің Қазақстанымды» айта жөнелдік.

«Менің елім, менің жерім,
Гүлің болып егілемін».

Өлең біткен соң: «Қазақтар, алға!» – деді біреу ұран тастап. Қалың топ алға лап бердік. Тағы солдаттардың соққысы тиіп, кері қаштық.

– Қашпаңдар, алға! – деді біреу айғайлап. Тағы алға жылжыдық. Арада қанша уақыт өткенін білмеймін, алғашында жай қызық көріп барғанымызбен, алаңға кірген соң, қанымыз қызып кеткен. «Қазақстанға қазақ басшы қойылсын!» , «Долой!» деп ұран тастағандарды қолдап, біз де өзімізше айғайлап қоямыз. «Менің Қазақстанымды» шырқаймыз. Шырқаған сайын ішімізде белгісіз бір күш пайда болып, одан сайын жігерлене түсеміз. Бір-біріміздің қолымыздан тас қып ұстап алғанбыз. Құдды біреу солай істеңдер деп əмір еткендей. Алдыңғы қатардағы қыздар мен жігіттер трибунаға ұмтылып, бірдеңе айтқылары келеді. Оларды қарулы солдаттар кері итеріп, жібермейді. Бір кезде бізден бір курс жоғары оқитын қыз жүгіріп трибунаға шығып кеткен. Не деп айғайлағанын жұрт естіген жоқ. Кенет алдағы жақтан біреу «Өлді, өлді!» деп айғайлап жіберді. Толқыған жұрттың аяқ астында қалды ма, əлде аяғы тайып құлады ма, əлде жанды жеріне таяқ тиді ме, кім білсін, əйтеуір бір қыздың өлгенін естіген соң, ашынып кеттік. Жігіттер милицияның патрульдік машинасын төңкеріп тастады. Бірнешеуі жабылып «Ловите их!» деп айғайлады. Бір милиционер қасындағыларына əмір етіп, сатыр-сұтыр төбелес басталып кетті.

Қасымдағы бірге келген қыздардың қайда кеткенін білмеймін, əлгілерге қарап тұрғанда, айырылып қалыппын. Қай жағыма қашарымды ұқпай, аңтарылып қалғанмын. Бір милиция жігіт жүгіріп бара жатып, «Кет бұл жерден, өлесің!» дегенде барып есімді жидым. Шамасы, жұмысы болған соң еріксіз əмірді орындап жүрген біреу болуы керек, əрі жастарға жаны ашитындай болып көрінді, қанша дегенмен қандас қазақ қой…

Жатақханаға жалғыз қайттым. Келген соң қыздармен көрген-білгенімізді айттық та, алаңға барғанымызды ешкімге айтпауға уəде беріп, жатып қалдық.

Көпке дейін ұйықтай алмай дөңбекши бердім. «Өлген қыз кім болды екен? Енді əке-шешесі қайтер екен?» – деп ойым сан-саққа жүгірді. Құлағымда «Менің Қазақстаным!» жаңғырып жатты.

P.S. Шынар апаның келесі күні алаңға қайта барғанын, тергеуде қандай жағдайлар болғанын жаза беруге болар еді. Бірақ осыған ұқсас оқиғаларды оқып та, естіп те жүрген шығарсыңдар. Маған қатты əсер еткені – Шынар апаның кішкентай немересі Томиристің «Менің елімді» шырқауы. Шынар Бүркітбаева қазір Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. Тұңғыш немересі Томирис балабақшадан келген сайын «Менің елім, менің жерім» деп əн шырқайды екен. Үйден алыс болса да, іздеп жүріп немересін қазақ балабақшасына беріпті. «Мен 33 жыл бұрын алаңда шырқаған əнді қазір немерем бейбіт, тəуелсіз елде шырқап жүр. Осы əн тəуелсіз Қазақстан Республикасының əнұранына айналады деп кім ойлаған? Немеремнің қазақ балабақшасына баруы, ешкімнен жасқанбай «Менің елім» деп əн шырқауы тəуелсіздіктің жемісі ғой», – деді желтоқсаншы.

Дана МАРАТОВА

«Ұлан» газеті, №51
17 желтоқсан 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз