Әңгіме «Бейбарыс сұлтаннан» басталған еді…

– Студент кезімде бір жазушы ағамнан Бейбарыс сұлтан жайлы естідім. Тарихи тұлғаның өмір жолына қызығушылық сол кезде басталып, кейіннен зерттеуге ұласты. Бейбарыс алты жасында қытай көпестеріне бір тауықтың құнындай ақшаға сатылып кетеді. Баланың екі көзі екі түсті, көрген жанның мысын басарлықтай болған деседі. «Құлдың көзінде жын бар шығар» деген қорқынышпен алғашында оған ешкім жолай қоймайды. Кейіннен қалай араб даласына тап болғаны туралы фильм түсірілді. Қазақстанда сұлтанға қатысты тарихи дерек жоқтың қасы. Қай еңбекке сүйенсек те, жалғасы араб даласын нұсқай берді. Сондықтан елде бар мағлұматты толықтыру мақсатымен Шам, Иордания, Палестина жерінде төрт жылдай тұрдым. Білген-түйгенімді жинап, арабша нұсқасы жүз мың тиражбен шыққан роман жаздым. Бір қызығы, Бейбарыс сұлтанды зерттеп жүріп, әл-Фараби туралы да тың мәліметтерге жолықтық.

Ермек ағаның жазушы Герольд Бельгермен етене араласқанын жақсы білетінбіз. Ендігі әңгіме осы тақырыпқа ауысты.

– Қазақ әдебиетіне қатысты аударма жұмыстарымен айналысып жүргенде арабша қаріптен кириллицаға Шәкәрімнің «Үш анығын» аударатын болдым. Ақселеу Сейдімбек, Мұрат Әуезов сынды ағаларыммен бірге істедік. Ғылыми трактатта жылқыға қатысты ақпар көп еді, біразын түсіне алмадым. Ақселеу аға мұнымды біле қойып, қағазға біреудің нөмірін жазды да, «мына кісіге хабарлас» деді. Қағаздағы Герольд дегенді оқып, біртүрлі болдым. Аты қазақшаға ұқсамаған соң, түсіндіре алатынына сенімді емес едім. Хабарластым, мән-жайды анықтағаннан кейін үйіне шақырды. Мәселе шешілді. Герағамен осылай таныстым. Бельгердің жаны қазақ еді. 74 кітап жазса да, өзін жазушымын демейтін. Бір қызығы, ол кісінің барлық жейдесі жап-жаңа, тек әрбірінің шынтақ тұсы көнерген еді. Сол шынтаққа сүйенген қол қазақ үшін қаншама тың туындыны өмірге әкелді десеңізші! Гераға мені қатты жақсы көрді. Әр жаңа жылда Иманғали Тасмағамбетов достық пейілмен соғым беріп жіберетін. Герағам: «Ей, қаңғыбас! Қайда жүрсің? Кел үйге, Иманғалидың етін жейміз», – дейтін.

Герольд Бельгер бес рет инфаркт, екі рет инсульт алған. Есімде мына бір жайт жақсы сақталыпты… Аға қайтыс боларында «мені достарымның жанына жерлеңдер» деп тапсырған. Достарым дегені – қазақ жазушылары. Алғашында мән бермеппіз, ағаның діні басқа екені кейіннен есімізге түсті. Осы мәселемен Алматының сол кездегі әкімі Ахметжан Есімовке бардым. Сонда Ахаң: «Он больше казах, чем мы с тобой», – деді.

«Шал», «Келін» фильмдерімен қатар, режиссердің жеке басы да сыннан арылмайтын. БАҚ беттерінен көріп, осындай ой түйгенбіз. Бұл кездесуде көкейдегі күмәннің күрмеуі шешілгендей болды. Кейіпкеріміздің өмір жолынан кең сыр тартқымыз келіп, жарыса сұрақ қойдық.

– Журфакта оқыдым. Профессор Темірбек Қожакеев маған: «Тұрсынов, сен менің қара тізімімде екінші боп тұрсың!» – дейтін. Жетіліп, дамуыма осы кісілердің сіңірген еңбегі зор. Кейіннен шетелге оқуға кеттім. Қазақы ортаны, ауылдың иісін айрықша сағындым. Құрманғазы, Дәулеткерей мен Моцарттың туындылары жазылған таспаны жанымнан тастамайтынмын. «Невада-Семей» қозғалысына қатыстым, бәрін айта берудің мәні жоқ шығар.

Ресейде оқып жүргенімде Лос-Анжелестен жұмысқа шақырту келді. Артынша сол кездегі мәдениет министрі, досым Алтынбек Сәрсенбаев хабарласып: «Ермек, қайда жүрсің? Кел, елге қызмет етейік!» – деді. Құрдасымның қызметін естіп, қылжаққа салғаным бар (күліп). Алдымда екі таңдау тұрды. Елге деген сағыныш жеңіп, нәтижесінде Алматыдан бір-ақ шықтым. Корпорацияда қызмет етіп жүріп, елге келгеніме алты ай толғанда түрмеге отырдым. Қателігім – елдегі жүйені білмегенім. Мен Қазақстаннан кеткенде қоғамның көзқарасы, ойлауы басқа еді. Қайта оралғанымда, құдды басқа мемлекетке келгендей күй кештім.

Ағамыз бұдан арыға барған жоқ, осы жерден тоқтады. Кинематография деген үлкен әлемге аяқ бастық…

– Бұрын халықаралық жүлделерге қызығатынмын. Жүлдені еңбектің бағалануы деп ұқтық. Сіздерге бір қызық әңгіме айтып берейін… «Шал» фильмінің жарыққа шыққан кезі. Шетелде «Оскардың» кешінде жүргенмін, Асанәлі Әшімов хабарласты. Өзі асығыс, маған басқа шаруаның бәрін ысырып, елге кел деді. Келдім. Шұғыл жайт болған екен десем, Асанәлі аға кинотеатры жоқ алыс елдімекендерді аралап, «Шалды» көрсетуді тапсырды. Бұйрық. Іштей ызаланып, кете бардым. Елдімекен деген аты болмаса, елге мәлім шағын қалаларға киноны қойып келдік. Қайтар жолда тынығайын деп, 10-20 үйлі шағын ауылдың маңына аялдадық. Қариялар мен жас балалары ғана бар, жастары қалаға қоныс аударған шаруа ауылы екен. Қораға экранды іліп, қараңғыда «Шалды» көрсеттік. Сырттай бақылап тұрмын. Кино желісін тікелей қабылдап, басты кейіпкермен бірге «адасып», бірге жылаған әжелерді көрдім. Көрермен көз жасын сүртіп, «шалмен» бірге қой қайырып, Шайтанбек болып аталарын іздеді.

Не деген шынайылық, түсінесіз бе? Осы сәт көз алдымнан кетпейді. Бұдан асқан қан-дай «Оскар» болуы мүмкін? анды өшіріп, қораға ілген жалғыз шамды жақтық. Көрерменнің қарсы алдына «Шалдағы» басты кейіпкер Ерболат Тоғызақов шыға келгенде әже-лердің: «Әй, сен тірі екенсің ғой!» – демесі бар ма? Режиссер үшін, актер үшін мынадан артық сый жоқ еді.

тап кетті. Кино деуге ауыз бармаған соң, «дүние» деймін. Былтыр Қазақстандық 76 толықметражды картина жарыққа шығыпты. Мына цифрді көргенде, бір жағынан қуанасың. Бірақ, олар қандай сапада түсірілді? Бір көруге ғана жарайтын, оның өзі комедия жанрындағы «комедия» емес, ауызекі тілмен айтқанда «ессіз жыртылу» боп кетпеді ме? Ұстазымыз Георгий Николаевич Данелия «Комедия – ең қиын жанр» деуші еді. Комедия көрерменнің надандығын пайдаланып, ақша жасаудың жолы-на айналып кеткелі қашан?!

Киноны былай қойғанда, нота білмейтін композиторлар-дың әнін «хит» қылып жүрген өзіміз ғой. Қазақ мұндайда: «Қисық аяққа қызыл кебіс не керек?» – дейді. Көрермен экранға шыққанның бәрі кино емес екенін түсінуі керек. Арзан дүниені құп көреміз де: «Қазақстандық кино неге дамымайды? Түріктер мен кәрістерден қай жеріміз кем?» –
деп даурығамыз. Сұраныс өзгермеген жерде сапа да көңіл көншітпейтінін ұмытпағанымыз жөн-ау.

…Жапондық танысым елге келіп, қонақ болды. «Біз сендерге қарама-қарсы жүрсек те, сендер бізді қуып жетпейсіңдер» деп еді кетерінде. Біреуге жету, өзімізді салыстыру бізге қаншалықты керек? Әлемге танылу үшін қазақы құндылықтарымыз жетпей ме?

Бір кездері кеудесі қазынаға толы кісілердің әңгімесін тыңдадым, араларында жүрдім. Жетістікке жеткенде осы кісілерге рақметімді айтамын деп ойлайтынмын. Кезекті туындым жарыққа шыққанда өтініп отырып, залдағы екі қатарды өз таныстарыма деп алдым. Үйге келіп, сол қатарларға отырғызатын жақындарымды іздегенде, қазақтың «рухани элитасынан» айырылғанын түсіндім. Халық зиялы қауымын саусақпен санап алатын деңгейге түсіпті…

Кездесуден рухани байып шықтық, бойымызды ерекше сезім биледі. Оқырманға сол күйді жеткізе алдым ба, білмеймін. Жоғарыда айтылған ойлардан кейін қорытынды жазудың өзі қиын екен…

Мәдина ОҚАС,
«Ұланның» жас тілшісі,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті.

«Ұлан» газеті, №50
10 желтоқсан 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз