Қазақстан футболында өзіндік із қалдырған ойыншылардың бірі – Әли Әлиев. Ол қазір жаттықтырушылық қызметте. Биыл Солтүстік Қазақстанның «Қызылжар» командасымен бірінші лигада жеңіске жетті. Кейіннен жылдың үздік бапкері атанды. Бірінші лигада «Қызылжар» құрамының бюджеті Ақтаудың «Каспий» және Шығыс Қазақстанның «Алтай» клубтарынан жоғары болды деп айта алмаймыз. Соған қарамас-тан Әлиев бапкерлік карьерасындағы дебюттік маусымда сәтті жұмыс істей білді. Жақында жаттықтырушымен сұқбаттасқан едік.

– Әли, бірінші лиганың үздік жаттықтырушысы атандыңыз. Құтты болсын! Биылғы маусымға баға беріп өтсеңіз…

– Маусым өте қиынға соқты. Құттықтауларыңызға рақмет. Марапат жігіттердің еңбегінің арқасында келді. Бір үйдің баласындай бірлесіп, менің тактикалық ойларым мен идеяларымды қолдап, соны жүзеге асыру үшін аянып қалған жоқ. Жаттықтырушылар штабы өте белсенді жұмыс істеді. Бізді қолдаған облыс басшылығы, клуб жетекшілеріне және жанкүйерлерге алғысым шексіз. Шынымен де, маусым оңай болмады. Алғашында психологиялық тұрғыда өзімізге келгенше біраз ұпай жоғалттық. Сосын сәттілік жолдас болмай, кейбір жеңіл-меуге тиіс ойындарда есе жібердік. Бірінші лигада да белгілі бір деңгейде шебер ойыншылар қажет. Әйтпесе, жоғары жетістікке жету қиын. Ал бірінші айналымнан кейін қатарынан 9 ойында жеңіліссіз серияны жалғастырдық. Жігіттер жеңістің дәмін сезініп, өздеріне деген сенімдерін арттырды. Сол үшін оларға ризамын.

– Сізде премьер-лига клубтарын жаттықтыруға жарайтын Pro лицензиясы бар ма?

– Әзірге жоқ. Дәл қазір «А»категориялы жаттықтырушы-мын. Желтоқсан айында федерация топ жинап, оқытады. Яғни, бапкерлердің біліктілігін арнайы курста оқытады. Қазақстанда да Pro лицензиясын алуға болады. Сол арқылы ұлттық құрама немесе премьер-лига клубын жаттықтыруға мүмкіндік бар.

– «Қызылжар» араға бір маусым салып, премьер-лигаға оралды. Енді келесі жылға қандай тапсырма қойылып отыр?

– Әзірге ештеңе анық емес. Облыс басшысымен кездесу өткізіп, талқылаймыз. Бәрі оң болады деп отырмыз. Оған себеп те жоқ емес. Өйткені тапсырманы орындап, бірінші лигада чемпион атандық.

– «Астана» алтыншы маусым қатарынан чемпион атанды. «Қайрат» тағы да екінші…

– Ойыншыларға психоло-гиялық қысым күшті. Оның бәрі түпкілікті нәтижеге әсер етеді. «Қайраттың» бас бапкері Алексей Шпилевский біздің чемпионаттың спецификасын әлі толық түсінген жоқ деп ойлаймын. Тағы қайталап айтамын, Қазақстан премьер-лигасын жеңу өте қиын. Бас жүлде алу үшін тактикалық тұрғыда сауатты болу керек. Сондай-ақ, физикалық кон-диция да аса маңызды. Өйткені еліміздің үш бөлігінде бір мезгілде ауа райы әртүрлі болады. Мысалы, солтүстік пен орталықта көктемдегі наурыз және сәуір айлары мен күзде қараша айында суық болса, оңтүстік жылы, ал батыста қоңырсалқын ауа райына куә боламыз. Солтүстікте ауа райының қолайсыздығына байланысты жасанды алаңда ойнауға тура келеді. Оның бәрі чемпионаттың қорытындысына әсерін тигізеді. Шпилевскийде бұл жағынан биыл тәжірибе жетіспеді. Ал келесі маусым оңайырақ болуы тиіс.

– Шпилевский орнында қалғаны дұрыс па?

– Бұған дейінгі жылдары Владимир Вайсс пен Кахабер Цхададзе күміс медальмен шектелгенде оларды да тағы бір жылға қалдырды емес пе? Ендеше Шпилевскийге де мүмкіндік беру керек. Ол бұған дейінгі межеден төмен түскен жоқ. Жалпы, Шпилевскийдің ойын стилі ұнайды: агрессия, қарымта шабуыл, стандартқа көп көңіл бөледі. Психология-лық тұрғыдан сынып қалды, әйтпесе командасы соңғы турларға дейін чемпиондыққа таласты.

– Қазақ футболының тізгіні сізбен бірге доп тепкен буынның қолына тиді деп толық айтуға болатын шығар… Өйткені клуб басқарып, бас бапкер болып жатқан замандасыңыз көп.

– Футбол бір орында тұрмайды. Әрдайым алға жылжып тұрады. Бүгін тізгінді біз ұстасақ, білгенімізді жастарға үйретіп, кейін жол беретін сәт те туады. Бұл ретте біздің буынды тәрбиелеген ұстаздарымызға алғыс айтамын. Андрей Карпович «Оқжетпеспен» премьер-лигада жетінші орынға тұрақтады. Бірінші лигадан келген команданы осындай деңгейге көтерді. Өте керемет көрсеткіш. Самат Смақов «Ақтөбеде» қалай жұмыс істеп жатқанын өздеріңіз білесіздер. Мұндай қиын жағдайдағы клубқа көбінің жүрегі дауалай қоймайды. Давид Лория биыл карьерасын аяқтап, UEFA-да спорттық менеджмент бойынша оқып жатыр. «Ордабасының» спорттық директоры Қайрат Әшірбеков командамен бірге қола жүлдеге қол жеткізді. Фархадбек Ырысметов екінші лиганың үздік жаттықтырушысы атанды. Одан бөлек, «Тобылда» Нұрбол Жұмасқалиев, «Шахтерде» осыған дейін Мұрат Тілешев жақсы еңбек етті. Мұның бәрі жат-тықтырушыларымыздың арқасы. Олардың үйреткенін жүзеге асыратын сәт туды деп ойлаймын.

– Кезінде Түркия чемпионатында доп тептіңіз. Қазіргі қазақ футболшыларының шетелге шығуы өте сирек. Осының себебі неде деп ойлайсыз?

– Бұл белгілі бір жағдайға байланысты деп ойламаймын. Біз кезінде шетел чемпионаты-ның деңгейін көруді ойладық, сондай-ақ қаржылай табыс табуымызға да мүмкіндік болды. Ал қазір «Қайрат» Еуропа лигасында, «Астана» Чемпиондар лигасында ойнап жүр. Сондықтан біздің чемпионатта жүріп-ақ еурокубокта өнер көрсетуге болады. Қаржылық жағынан Қазақстан чемпионатының мүмкіндігі тәп-тәуір. Мұның бәрі футболшыларды ұстап тұр. Бірақ Ян Вороговский «Қайратта» алатын жалақы-сынан 3-4 есе төмен болса да келісіп, Бельгияға кетті. Кейбір футболшылар тұтас отбасын жалғыз асырап отыр. Олар ондай айлықтан айырылып қалғысы келмейді. Ешкімді кінәлауға болмайды. Әркім футболдағы жолын өзі таңдайды. Біз ойнағанда көп мүмкіндік болған жоқ. Алаңдардың сапасы да өте төмен еді.

– Бір кездері Бельгияның екінші чемпионатында Максим Жалмағамбетов пен Сергей Остапенко ойнаған. Алайда олар көп ұзамай елге оралды. Ян Вороговский де дәл осы жолды қайталамай ма?

– Ян қайтып оралады. Оның қарапайым бір себебі бар: Вороговский барған чемпионаттың деңгейі біздің премьер-лигадан төмен. Бельгияның екінші лигасында көбіне жастар ойнайды. Ал Қазақстанның премьер-лигасы қазіргі кезде бәсекеге сай деп ойлаймын. Егер «Астананың» құрамына ілінетін болсаң, Еуропа лигасының топтық кезеңінде ойнауға мүмкіндік бар.

– Ұлттық құрама «Еуро-2020» іріктеу кезеңін бесінші орынмен аяқтады. Енді 2022 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде сәтті өнер көрсету үшін не істеуі керек?

– Дамудың дұрыс жолын таңдаса, көп ұпай жинауға болады. Қазір құрама бұрын-
ғы жылдармен салыстырғанда сенімді ойнап жүр. Бұрынғы бапкер де біраз үлес қосты. Құрама ойыншылары халық-аралық аренада әжептәуір тәжірибе жинақтап қалды. Енді Михаил Билек өткен іріктеуге талдау жасап, келесі чемпионатқа тыңғылықты дайындалуына болады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №50
10 желтоқсан 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз