«Ақ желкен» журналының №11 санының «Егерде…» айдарында идеалистердің дүниенің жаратылысы турасындағы көзқарастарын талқылаған едік. Аталған мақаланың бірінші бөлімінде мына әлемнің, заттық һәм материялық дүниенің жоқ екенін айттық. Әрине, бұл идеалистердің көзқарасы бойынша.

Бүкіл нәрсені тек адамның миы қабылдайтынын, егер ол миды адамнан бөліп алып, оған компьютер арқылы сигнал бере алсақ, адамның миы өзін толықтай сигналдарға орай адам ретінде сезінетінін сөз еткенбіз. Адамның бүкіл өмірін миына алып келіп тірей отырып, сол мақала соңында мидың өзін материялық дүние ретінде жоқ екенін алға тарттық. Сонда адамның тәні жоқ, миы жоқ, жалпы мына әлемнің өзі бейматериялық болғанда мына әлемді қабылдайтын адам кім? Біз кімбіз?

Бұл сұрақтың жауабын «рух» деп түйіндей салуға болатын шығар. Бұл туралы бірнеше болжам бар. Негізгі қабылдаушы объектіні идеализмнің өкілдері «сана», «рух», «жан» деп атайды. Яғни идеализм дегеніміз – материяны рухтың көрінісі ретінде ғана қабылдау. Осы тұста идеалистердің өзі екіге бөлінеді. Субъективті идеализм және объективті идеализм.

Субъективті идеализм дегеніміз – табиғатты, қоршаған ортаны түпкі ақыл немесе негізгі ноосфераның проэкциясы санау. Ал объективті идеализм қоршаған ортаны сыртқы бір күштің «ойлары» деп таниды. Оны «абсалютті сана» деп атаған.

Міне, идеализмнің екі жолымен жүрсең де «абсолютті ақылға» немесе абсолютті күшке келіп тірелеміз. Ал философтардан бөлек, қарапайым әлем халқы бұл дүниені қарапайым «Құдай» деп қана атаған.

Жалпы, идеалистердің бұл мәселедегі көзқарастарын қарапайым ғана мысалмен түсіндіруге болады. Ол – бейнеойындар. Қарапайым, көпшілікке таныс «GTA» ойынын елестетіңізші. Ол жердегі адамдардың барлығы өз шаруасымен жүрген секілді. Қалада өмір қайнап жатыр. Міне, солардың барлығы өздерін ойынның бөлшегі ретінде сезінбейді ғой. Тіпті негізгі кейіпкер де өзін сыртқы күштің басқарып тұрғанынан бейхабар. Міне, барынша оңайлатып түсіндірген идеалистердің пікірінше, адамзат дәл осындай ойынның немесе матрицаның ішіндегі жаратылыс.

Сіз бұл пікірлерді оқып болып, «мырс» етіп күлуіңіз ғажап емес. «Қайдағы ойын? Қайдағы матрица?» – деуіңіз де мүмкін. Бірақ осы мақаланың соңғы сөйлемі ретінде бәрімізге танымал Илон Масктың сөзіне көз жүгіртсеңіз екен:

«Біз компьютерлік жасанды әлемде өмір сүріп жатырмыз. Бұл ойға қарсы шығушылардың сөзінің шындыққа жанасу мүмкіндігі миллиардтан біреу ғана».

Яғни осы уақытқа дейін халық жасаған «Құдай» ұғымын, идеалистер жасаған «абсалютті сананы» бүгінгі технократтар компьютерге теңейді. Кімдікі дұрыс? Кімдікі бұрыс? Жауап бізге белгісіз. Әркім өз көзқарасымен танысын…

ТӨЛБАСЫ

«Ақ желкен» журналы, №12
Желтоқсан, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз