Əлем балалар əдебиетінен Антуан де Сент-Экзюперидің «Кішкентай ханзада» ертегісінен кейін Груффало құбыжықты жақсы көремін. Есейіп кетсем де, «Груффалодан» жалықпаймын. Қанша оқысаң да, ертегі оқырманды қызықтыра береді. Ерекше шабыттандырады. Бір қызығы, Груффало құбыжық менімен жасты екен. 1999 жылы кітап болып шыққаннан бері əлемнің түкпір-түкпіріндегі балалар əлі күнге дейін сүйіп оқиды. Енді қазақ балалары да Груффало құбыжықтың қараңғы əрі қалың орманда тышқанмен қалай кездескені жайлы ертегімен таныс болады. Керемет емес пе?

Груффало құбыжықты жазған кім?

Ертегі авторы Джулия Дональдсон – Ұлыбританиядағы ең танымал жазушылардың бірі. Оның 160-қа жуық кітабы бар. Джулия Дональдсонды Англияда «қазіргі балалар əдебиетінің Шекспирі» деп атайды. Груффало туралы түсірілген мультфильм «Оскар» жəне British Academy fi lm awards сыйлықтарына ұсынылған. Театр сахналарында да қойылған. Ал кітабы болса, миллиондаған таралыммен басылып, 40-тан астам тілге аударылған. Енді қазақ тіліндегі кітап Stepe&World баспасынан 2000 данамен жарыққа шықты. Əлемнің заманауи классикасына айналған ертегінің қазақша нұсқасының таныстырылымы Ұлыбританияның Алматыдағы Haileybury мектебінде өтті.

«Груффало» ертегісінің кейіпкерлері қалай қазақша сөйледі?

Груфалло ертегісінің қазақ тілінде жарыққа шығуына ұйытқы болған –Stepe&World баспасының директоры Раиса Сайранқызы. Англияда автор Джулия Дональдсонмен кездесіп, оған ертегінің қазақшаға аударылып жатқанын да айтқан екен.

«Груффало» кейіпкерлерінің қазақша сөйлегеніне қатты қуаныштымын! Осындай кітапты жарыққа шығарамын деп ешқашан ойламаппын. Ал баспаны ашуыма түрткі болған – Қазақстанда қазақша кітап таппауым еді. Кішкентай
балаларым бар. Сондықтан кітапты алдымен балаларым оқиды деп шығарамын. Ал кейін өзіме, өзім сияқты оқырмандарға кітап басып шығарамыз. «Груффалоны» өз балаларыммен қатар, қазақтың барлық баласы білсін, естісін, көрсін деген мақсатпен ұсынып отырмыз. «Груффало» ертегісін Ұлыбритания жəне басқа елдерде балаларға ұйықтар алдында оқып беретін ең үздік кітап деп есептейді. Аксель Шеффлер мен Джулия Дональдсонның үйлесімді еңбегінсіз кітап мұндай болмас па еді? Балам əлі күнге дейін ұйықтар алдында Груффало құбыжықты оқып беруімді сұрайды. Бастапқыда ағылшын тілінде оқысақ, енді ана тілімізде оқимыз. Осындай жақсы əдет барлық отбасыда қалыптасса деймін,
– дейді Раиса Сайранқызы.

Кітапты əлемге танымал иллюстратор Аксель Шеффлер көркемдеген. Ертегідегі əр кейіпкердің көзін мейірімге толы, сүйкімді етіп салған. Кез келген бала суретіне қарап кітапқа қызығады. Ал «Груффало» ертегісін қазақ тіліне аударып, күлкілі де қызық тақпақтар жазған журналист, шығыстанушы, Оксфорд университетінің түлегі – Ғалым Боқаш.

Қазақ тіліндегі аударманы балалар қалай қабылдады?

«Груффало» ертегісімен көбі таныс. Ал қазақ тіліндегі аударма оқырманға ұнады ма? Ғалым Боқаштың аудармасы өте сəтті шыққан. Қазақ тілінің көркемдігін пайдаланып, баланың тіліне икемдеп, ертегі кейіпкерлерінің образын əдемі ашқан. Haileybury мектебі мұғалімдерінің айтуынша, ертегінің тілі жеңіл, баланың қабылдауына оңай.

«Мектепте «Груффало» ертегісін білеміз деп қуанған бала аз болмады. Содан біз қазақ тіліндегі нұсқаны балаларға беріп, кітаппен таныстырдық. Тілі жеңіл, ұйқасы жұмыр. Тіпті Груффалоны сипаттағанда, көз алдыңа құбыжық елестейді. Қазір «қазақ тіліндегі кітап оқылмайды» деген қисынсыз сөз бар. Балаларға арналған кітапты заманауи қалыпта безендірген жөн. Суреті əдемі шыққан кітап кез келген баланы қызықтырады. Бала түгілі үлкендерге де қызықты болады», – дейді Haileybury мектебінің қазақ бөлімінің басшысы Данагүл Рысқалиева.

Ертегі Haileybury Алматы мектебінде сахналанды

Ұлыбританияның Алматыдағы Haileybury мектебінде «Груффало» ертегісінің желісімен 7-сынып оқушылары қойылым көрсетті. Жұмыс уақыты болса да, «Груффало» қойылымына ата-ана көп келді. Баласын қолдау үшін отбасымен келгендерге риза болдым. Өзім біразға дейін оқушылардың айтқан «Груффало» əнін ыңылдап жүрдім.

Тапқыр тышқанның рөлін сомдаған 7-сынып оқушысы Есен Əлихан өмірде тышқанға ұқсамайтынын айтып ақталды. Бірақ сахнада өзін еркін ұстап, көрерменді сүйсінтті.

«Груффало» ертегісін алғаш рет 2-сыныпта ағылшын тілінде оқыдым. Кейін қазақ тілінде оқып, оның сахналанатынын естігенде қатты қуандым. Маған жыланның рөлі ұнағанымен, мұғалімім тышқанның рөлін сомдайтынымды айтты. Бірақ тышқан да жақсы кейіпкер. Аздап қу болғанымен өміріне жауапкершілікпен қарайды. Алайда мен өмірде тышқанға ұқсамаймын. Ертегіден ешкімге сенбеу керек екенін түсіндім. Қазақ тіліндегі аударма маған қатты ұнады. Тек өзім оқып қоймай, іні-қарындастарыма да оқытқым келеді», – дейді Əлихан.

Ал Груффалоның рөлін мектептің 13-сынып оқушысы Юрий Ким сомдады.

«Құбыжықтың бəрін жей беретіні, сонымен қатар қорқақтығы ұнамады. Сырт көзге құбыжық болса да, Груффало іштей сужүрек. Қазір қоғамда да Груффалоға ұқсас адамдар бар. Қойылымның сəтті шығуы үшін барымызды салдық», – дейді Юрий.

Stepe&World баспасы 2017 жылы Моңғолияда ашылған. Баспа қоржынында «Ақын қоян», «Қомағай жұлдызқұрт», «Анна Франктің күнделігі» секілді кітаптар бар. Қазіргі уақытта Харуки Муракамидің «Норвег орманы», Джоан Роулингтің «Гарри Поттер» сериясының бірнеше кітабы жəне тағы басқа кітаптар баспаға əзірленіп жатыр.

P.S. Ал бізде «Груффало» ертегісін ауыл-аймақтағы балалар да оқыса деген тілек бар.

Назым САПАРОВА

«Ұлан» газеті, №49
3 желтоқсан 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз