Disney компаниясының «Мұзды өлке ІІ» мультфильмін қазақ тіліне дубляждау арқылы шығармашылық ұжым 2019 жылды қорытындылады. Бұл – «Болашақ» корпоративтік қоры мен Marvin компаниясының бастамасымен «Өзіңнен баста» жобасы аясында мемлекеттік тілде отандық кинопрокатқа шыққан 33-ші анимациялық фильм. Жоба демеушісі – Bi Group құрылыс компаниясы. Цифр құқығы ашылған соң фильмді ivi интернет кинотеатрынан көру мүмкіндігі бар.

Эренделл патшалығының иесі, апалы-сіңлілі Анна мен Эльзаның оқиғасы барша балаға таныс. Анна өмірге құштар, ылғи көңілді жүретін қыз болса, Эльзаның қар мен мұзды басқара алатын ғажайып қасиеті бар. Бұл туралы патшалықтың тұрғындары білген соң Эльза бастапқы кезде өзгелерді өзінен құтқарады. Өйткені қауіптің бəрі өзінде деп ойлайды. Эльза мен Анна, досы Кристоф пен оның бұғысы Свэнт жəне ешқашан мойымайтын аққала Олафтың арасында өзара түсіністік орнап, бақытты өмір сүріп жатты. Кенет Эльзаның құлағына сиқырлы орманнан дауыс келе бастайды. Тіпті Эльзаның мазасын алып, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырады. Беймəлім дауыс Эренделл патшалығы тарихындағы ақиқатты білуге шақырады. Қар мен мұзды басқара алатын Эльзаның əрекеті қандай болмақ? Анна мен Кристофтың арасындағы достық жалғаса ма? Ал аққала Олафты не күтіп тұр? Бұл сұрақтарға жауап табу үшін «Мұзды өлке ІІ» мультфильмін көру керек. Алты жастан асқан көрерменге кинотеатр есігі ашық.

Мультфильм қалай қазақша сөйледі?

Мультфильмді қазақ тіліне дубляждауға 50-ден астам театр жəне кино актері қатысқан. Эльзаны Astana musical театрының актрисасы Бегімнұр Қалила, Аннаны «Жастар» театрының актрисасы Назерке Серікболова дубляждады. Ал Кристоф пен Олафты Қ.Қуанышбаев атындағы музыкалық драма театрдың актерлері Олжас Жақыпбек пен Шах-Мұрат Ордабаев дыбыстады. Эльза мен Аннаның анасы Идуна патшайымның рөліне əнші Динара Сұлтан дубляж жасады.

«Эльза мен Аннаның өмірден өткен анасын дубляждаймын дегенде жолдасым
шалқасынан түсе жаздады. Иə, өзіме де бастапқы кезде біртүрлі болды. Бірақ өзім көпбалалы ана болғандықтан ба, əлде дауысым шынымен де ананың рөліне келген шығар, кастингтен өттім. «Өзіңнен баста» жобасында «Алладинге» саундтрек орындаушы болсам, бұл жолы дубляж жасап, тəжірибе жидым. Бір арманым орындалды. Мультфильмде Идуна патшайымның рөлі қысқа болғанымен, өте маңызды. Себебі Эльза мен Анна көп сауалдың жауабын анасының айтқан сөздерін еске түсіру арқылы табады»,
– деді Динара Сұлтан.

Disney фильмдері қалай аударылады?

«Болашақ» корпоративтік қорының «Өзіңнен баста» жобасы Disney фильмдерін
аударғанда барынша қазақшаландырады. Аудармада қазақы əзілдер, көнерген сөздер, фразеологизмдер қамтылады. Ал «Мұзды өлке ІІ» мультфильмінде Абайдың өлеңдерінен үзінді естідік. Фильм мəтінінің қалай аударылатынын, яғни дубляж процесінің ең маңызды ісі туралы аудармашы Əсел Мамырова айтып берді.

«Disney фильмдерін аудару менің ғана еңбегім емес, шығармашылық ұжымның бірге іске асыратын жұмысы. Бұл жоба бас продюсер Айнұр Қыдырғалиқызының жетекшілігімен Нұр-Сұлтандағы Aray Media Group студиясында дыбысталады. Анимациялық фильмді сапалы дубляждауда студия директоры Алмас Болатұлы, дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаев, дыбыс режиссері Диас Лестегінің еңбегі зор. Мен мəтінді аударсам, Еркебұлан Абрахманов редакциялайды. Ал Гүлжан Сауртаева мəтінді фильмдегі кейіпкердің ауыз қимылына қарай үйлестіреді. Бұл өте күрделі жұмыс. Мəтінді аударып, мағынасын жазған соң, ақын Рахат Абдрахманов өлеңін шығарады, музыкалық жетекші, «Жастар» театрының хормейстері Анель Сиркебаева əннің орындалуын қадағалайды. Мəтінді аудару барысында фильмнің алдыңғы бөлімдерін көреміз, əр кейіпкерді зерттейміз, ағылшын тіліндегі сөздерге қазақша балама табуға тырысамыз. Бірақ біздің аудитория – балалар. Оларға түсінікті етіп, ең бастысы, ана тілінің көркемдігін жеткізуді мақсат етеміз. Жоба 4-5 айда əзірленеді. «Өзіңнен баста» жобасына 2017 жылы «Коконың құпиясы» мультфильмін аударып, шығармашылық ұжымның бір мүшесі болдым», – деді мəтін аударушы.

Балалардың сүйікті кейіпкерлері кімдер?

Мультфильмді көрген соң балалардан сан түрлі пікір естідім. Олар Эльза үшін алаңдап, Аннаға сөз айта алмай жүрген Кристофқа күліп, Олафпен бірге Абай өлеңдерінің үзінділерін қайталап отырды. Кинозалдан шыққан соң бір үйдің үш баласымен сөйлестім.

«Маған мультфильмде Эльза қатты ұнады. Өйткені оның қар мен мұз жасай алатын құдіретті күші бар. Мен де солай мұз жасағым келеді. Күшті ғой. Өмірде өзіңе ұнамайтын нəрселерді мұзға айналдыруға болады. Тіпті жаман жəне ақыл тыңдамайтын адамдарды қатырып тастар едім. Сосын Эльза мықты, ешқашан жеңілмейді. Сіңлісі Аннаға қамқор болып жүреді. Бəрі жақсы өмір сүруі үшін өзі өліп кетуге де бар», – деді жеті жасар Кəусар Құмарбай.

Ал Кəусардан бір жас кіші Омарға Олаф аққала қатты ұнапты.

«Олаф аққала күшті, қардан құрастырылса да, ешқашан ерімейді. Мультфильмде еріп кеткенде қатты қорықтым. Кейін қайта тірілгенде, қорқынышым басылды. Өзі əрқашан көңілді жүреді. Бəрін күлдіре береді. Мен де сондай бəрін күлдіріп жүргім келеді», – дейді Омар Құмарбай.

Кəусар мен Омардан кіші Османға Кристофтың бұғысы Свэнт ұнағаны мені қатты
таңғалдырды.

«Мультфильмде Кристофтың досы бұғы Свэнт ұнады. Ол көп сөйлемейді. Бірақ Кристофқа адал. Оны тастап кетпеді. Əрқашан бірге жүрді»,– деді Осман Құмарбай.

«Мұзды өлке ІІ» мультфильмі үлкен-кіші көрерменнің бəріне ұнады. Бұл ең көп əн шырқалған анимациялық фильм болған шығар. Таныстырылым соңында «Ринго» тобының мүшесі Данияр Өтеген балалармен бірге əн шырқады.

P.S. Алдын ала көрсетілімнен шыққан соң, ерекше əсерде жүрдім. «Өзіңнен баста» жобасы коммерциялық бағытты көздемейді. Бұл – қазақ тілінің дамуы үшін іске асырылып жатқан жұмыс. Ал қоғамның əр мүшесі «қазақ тілінің» мүшкіл халін айтып ұрандай бергенше, мультфильмді кинотеатрдан көруге атсалысу керек. Иə, ана тілімізде көргенге не жетсін! Айтпақшы, шығармашылық топтың осындай жобадағы жұмысына қызығып кеттім. Бəлкім, мен де болашақта осындай ұжымның мүшесі болармын. Армандау тегін ғой, мүмкін іске асып қалар…

Назым САПАРОВА

«Ұлан» газеті, №50
10 желтоқсан 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз