Ертеде бір хан жарлық шашыпты. Жарлығында: «Кімде-кім мүдірместен қырық өтірік айтып шықса, қызымды беремін, өзін уәзір қыламын. Егер сөздерінің ішіне бір ауыз шын сөз  осылса, басын аламын!» – депті.

Бұған талай адам өтірік айтамын деп келіп, үйлестіре алмай, өлтіріліпті. Бірде ханның алдына тазша бала келіп, мүдірместен мынаны сөйлепті:

– Өткен заманда, атамнан тумай тұрып, ту атамның жылқысын бақтым. Бағып жүргенде тумаған ту ала бием жоғалды. Сол биені іздеп қыдырып жүргенде жермен біртегіс тауға кез болдым. Төбесіне шығып, атымның үстіне шығып, биемді қарадым, көрінбеді. Атым үстіне құрығымды тігіп, оның үстіне қамшымды жалғап қарадым, көрінбеді. Олай-бұлай қарасам, омырауымда тумаған шешемнен қалған тебен ине бар екен, инемді жерге  адап, үстіне шығып қарасам, ту ала бием алты дарияның ар жағында, бес дарияның бер жағында Айға қарап желіндеп, Күнге қарап құлындап тұр екен.

Алты дариядан құрығымды қайық қылып, қамшымды ескек қылып өтіп бардым. Ту ала биемді мініп, құлынды бөктеріп суға түстім. Бием алып шыға алмады.  Құлынға мініп, енесін өңгеріп түсіп едім, құлын алып шықты. Кетіп бара жатыр едім, алдымнан бітпеген бетегенің түбінен тумаған ту ала қоян тұра қашты. Қуып барып, мылтығыммен аттым, өлмеді. Құрығыммен ұрдым, өлмеді. Қамшыммен ұрдым, өлмеді. Көтеріле беріп едім… жалп ете түсті.  Қоянның ішінен бір ернеусіз шелек, бір түпсіз шелек май шықты. Жаңбыр болып жауған қарды қалап жағып, қоян етін пісіріп жедім. Қоянныы майымен етігімді майлап едім, бір етігіме жетті, бір етігіме жетпеді. Бір жапырақты шатыр қылып ұйықтап жатыр едім, сартылдаған бір дауыс шыыты. Ұйықтап жатып қарасам, екі етігім төбелесіп жатыр екен. Қу етігімді  құлаққа ұрып, майлы етігімді басқа ұрып жатқыздым. Ертеңінде тұрсам, майлы етігім бар, қу етігім жоқ. Тұра салып екі аяғымды бір етікке тығып, іздеп кеттім, бір тойда қу етігім тамақ тартып жүр екен. Байпағым сорпа беріп,  ұлтарағым су құйып жүр екен. Көзімді қысып алдым. Үшеуі сасқанынан бас табақ, қорыққанынан қос табақ, бір өзіме бес табақ әкеп тартты. Етті жеп тойып, етігімді киіп қайттым. Келе жатсам, жолда бір үлкен көл мұз болып қатқан екен. Су ішейін деп, құрықпен соғып мұзды жара алмадым, қамшыммен соғып жара алмадым, басымды мойнымнан суырып алып, шекеммен мұзға тық еткізіп ем, көл қақ айырылды. Су ішіп, қанып алдым. Келе жатсам жердегі шөптің бәрі: «Мына кісінің басы қайда?» – деп мазақтайды. Қолымды ұмытып кетіп, аяғыммен басымды сипап қарасам, басым жоқ. Дереу манағы мұз ойған жерге келсем, мұздың астынан шыққан алпыс ала үйрек, жетпіс жел үйрек мұртыма ілініп қалыпты. Бәрін ұстап алып, бір тырнаға саттым. Тырнам нардан зор. «Шыңыраудан иілмей, шегеннен бөгілмей су ішеді!» – деді.

Сонда хан:

– Е, құдығың саяз дағы!– депті.

– Ай, тақсыр! Саяз болса болар, ертеменен тастаған тас түбіне кешке әрең жететін еді!– депті. Хан:

– Күні қысқа дағы! – депті. Бала:

– Иә, тақсыр! Күні қысқа болса болар, ертемен қашқан қашар кешке тоқырайтын еді! – депті.

Хан балаға қызын беріп, өзін уәзір жасапты.

«Балдырған» журналы, №11
Қараша, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз