Дәмді тамақ дайындай білу мамандық қана емес, күнделікті қажеттілік. Жақында №1 балалар үйі мен №15 облыстық мектеп-интернаттың жоғары сынып оқушылары аспаздық шеберлік курсын аяқтады. Qaganat желісінің бренд-шефі Марат Галеев екі ай бойы оқушыларды ас дайындауға үйретті. Qaganat қоғамдық тамақтану желісі және «АЯЛА» қайырымдылық қоры курсты жасөспірімдердің болашақ кәсібінің, мамандығының бастамасы болады деген үмітпен ұйымдастырыпты.

«АЯЛА» қоры «Кәсіби бағдарлау» жобасын 6 жыл бойы іске асырып келеді. Біз балалар үйі мен мектеп-интернаттың балаларына болашақта нақты қандай кәсіп иесі болғысын келетінін түсінуге көмектесеміз. Курстар мен сабақтар практикалық дағды арқылы болашақ жұмысы туралы түсінік береді», – дейді «АЯЛА» қорының президенті Айдан Сүлейменова.

Үлкен өмірге аяқ басқан балалар жоба барысында алған дағдылары арқылы өз кәсібін бастап, студенттер қосымша жұмыс істей алады екен. Бұған дейін шаштараз, тігінші, визажист сияқты мамандықтардың қыр-сырын үйреткен курстың түлектері мектепте жүріп-ақ мамандық меңгеріп шыққан.

ҚИЫНДЫҚТЫ ӨМІРДІҢ СЫЙЫ ДЕП ҚАБЫЛДАУ КЕРЕК

Аспаздық шеберлік  курсының арқасында облыстық балалар үйі мен мектеп-интернаттың 20 оқушысы сертификат алып, бірнеше жасөспірім болашақта кәсіби аспаз болу үшін осы бағытта білім алуды жалғастырамын деген шешім қабылдапты. Жоба аяқталғаннан кейін Qaganat облыстық балалар үйінің екі баласын оқытуды жалғастыруға дайын.

Қазақстандағы Qagаnat асханалар желісінің негізін салған Шынар Бүгімбаеваның  кәсіптегі жетістігі басқаларға үлгі. Балалардың талпынысын қолдауға келген Qagаnat желісінің бас директоры жас аспаздарға өзінің оқиғасын айтып беріп, қанаттандырып қойды.

«Жас достар, өмірде түрлі оқиға болуы мүмкін. Менің ойымша, адамның өмірінде қиын сәттер болғаны жақсы. Себебі осы арқылы жаңа мүмкіндікке, қабілетке ие болып, шыңдала түсесің. Мен 5 жасымнан бастап анасыз өстім. Анам болмағандықтан үй шаруасына ерте араластым. Қыдырып, ойын ойнауға уақыт табу үшін бірнеше шаруаны қатар істеп, жылдам аяқтауға тырысатынмын. Осылайша еңбек өнімділігін арттыруға кішкентайымнан дағдыландым. Кейін кәсіп бастағанда бұл дағдының көмегі көп болды. Сондықтан, сендерге айтарым – қиындық келсе, оны сый ретінде қабылдаңдар. Сосын біздің қоғамда аспаз, даяшыларды төменгі таптың мамандары деп есептейтін қате түсінік бар. Достар, бұл дұрыс көзқарас емес. Адамдарды тамақтандыру, олардың алғысын алу өмірдегі ең жауапты, ең сауапты қызмет. Аспаздың қарны да, көңілі де тоқ болады»,- деген Шынар ханымның сөздері балаларға мотивация бергені анық.

 АСПАЗҒА ӘУЕЛІ ТАЗАЛЫҚ ҚАЖЕТ

Qaganat желісінің бренд-шефі Марат Галеев оқушыларға 3 сағаттан 8 сабақ өткізіпті. Балалар ұстаздың жетекшілігімен өздері жақсы көретін тағам түрлерін дайындауды пісіруді және құймақ жасауды, тауық еті мен ет қосылған бәліш пісіруді, өз қолдарымен болоньез пастасын және тауық етімен фетуччини, стейк, ірімшік қосылған котлет, көкөніс-гриль, тауық рулетін жасауды және сазанды қақтауды, италиялық бисквит тортын пісіруді және үйде жасалатын «Құс сүтін» дайындауды үйренген. Мұның бәрін қалай үйренді екен деп таңғалып қалдыңдар ма? Қалай үйренгенін №15 мектеп-интернаттың 8-сынып оқушысы Төленова Ажар айтып берді.

«Интернатта бос уақытымды тиімді жұмсауды үйрендім. Аспаздық шеберлік курсына өзім қызығушылық таныттым. Екі айдың ішінде стейк, торт, пицца, паста жасауды үйрендік. Бұрын сүйікті тамағым ет өнімдері болатын. Марат ағай түрлі тағам түрлерін пісіруді үйреткен соң өз қолымнан шыққан кез келген тағам түрі сүйікті асыма айналды. Аспаз болу үшін әуелі тазалық керек. Сосын талпыныс, жаңалыққа құштарлық керек. Әрбір қыз бала дәмді ас жасай білуі керек деп ойлаймын. Маған тамақ пісіру жай ғана міндетті процесс емес, шығармашылық сияқты. Осы процесстен ләззат аламын»,- дейді ол.

P.S. Курстың қорытындысы ретінде ұйымдастырылған іс-шарада балалардың қолынан шыққан тағамдардан дәм таттық. Кәсіби аспаздың қолынан шыққандай! Енді ше, олар да кішкентай кәсіби мамандар ғой. Себебі аспаздың арнайы сертификатына ие болды. Достар, жаман мамандық болмайды, жаман маман болады. Сондықтан, қай саланы таңдасаңдар да махаббатпен, ықыласпен таңдау керек. Осыны ұмытпайық.

Дана МАРАТОВА

(“Ұлан”, №49. 3 желтоқсан 2019)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз