Малика Алдабергенованың жасы 21-де. Алматы қаласында туған. «Айсұлу» əйелдер хоккей клубының мүшесі. Күрделі спорт түрінен еліміздің байрағын көкке желбіретіп жүрген аруымыз Канаданың Ванкувер қаласынан сəлем жолдады.

– Отбасымда ата-анам, ағам бар. Хоккей ойнауға қызығушылығым бес жасымда басталды. Ең алғаш хоккейге əкем ертіп əкелді. Хоккейден бұрын мəнерлеп сырғанауға жазылдым. Кішкентай күнімде өте толық болғандықтан, мəнерлеп
сырғанай алмадым. Əкем мені жігерлендіріп, хоккейге жаздырды. Отбасымызбен хоккейдің жанкүйеріміз. Əкем мен ағам хоккеймен айналысады. №6 дарынды балаларға арналған спорт мектебін бітірдім. Алматыдағы спорт жəне туризм академиясының түлегімін. Он сегіз жасқа дейін Қазақстан жастар құрамасында өнер көрсеттім. 2016 жылы үшінші орын иелендік. Алматы спартакиадасында бірінші орын алдық. Осыдан кейін Ұлттық құрамаға қабылдандым.

«Айсұлу» əйелдер хоккей құрамасының атынан еліміздің намысын қорғадық. Қысқы Азия ойындарында үшінші орынды қанағат тұттық. 1992 жылы шайбалы хоккейден əйелдер құрамасы құрылған. Үш дүркін Азия ойындарының чемпионы болды. Одан кейін Əлем чемпионатында топ жарған. Күні кеше Еуропалық əйелдер хоккей лигасында жеңіске жеттік. Бұл спорт түріне қызығатын бала көп. Универсиада кезінде бір қызық оқиға болды. Шайбалы хоккейді көруге кішкентай қыз келіпті. Оның да аты Малика екен. Əкесі ертіп əкеліпті. Өзі кішкентай болса да, хоккей туралы білетіні көп. Болашақта хоккейші болғысы келеді. Сол сəтте қуанышымда шек болмады. Хоккей үйрететін спорт үйірмелерін айтып, сəттілік тіледім. Міне, қазақ хоккейінің болашағы! – дейді спортшы қыз.

Хоккей – қысқы спорт ойындарының ең танымалы. Бес жасынан бері осы спорт түрін серік еткен Маликадан қазақ хоккейінің бүгіні мен болашағын сұрадық. Əңгімесін Канаданың Ванкувер қаласындағы жаттығуынан бастады.

– Хоккейді шайбамен ойнауды дəстүрге айналдырған – канадалықтар. Шайбалы хоккей спорттық ойын ретінде де тұңғыш рет Канадада рəсімделген. Алғашында хоккейді шайбамен емес, ауыр доппен, яғни шиннимен ойнаған. 1879 жылы канадалық Робертсон алғаш рет ойынға шайбаны қолдануды ұсынып, хоккейдің ережесін қалыптастырыпты. 1885 жылы Монреальда хоккей əуесқойлар ассоциациясының негізі қаланды. Алғашқы ресми матч Монреаль қаласындағы «Виктория» мұз айдынында өткізілді. Əрине, ол кездегі ойын ережелерін бүгінгі ережемен салыстыруға келмейді.

Қазір ірі құрамада он сегіз ойыншыдан болса, ол кезде командада тоғыз ойыншы топтасқан. Əлемде бұл спорт өте қатты дамыған. Біздің құраманың басты қарсыласы – Қытай мен Оңтүстік Корея. Италия мен Польшаның хоккей командасы да шықты. Ванкуверде күн сайын жаттығамыз. Бұл жақтың адамдары сондай мейірімді. Бір-біріне көмектеседі. Біз жекелей дайындаламыз. Құрамамен келген жоқпыз. Өзімізді əлемге мойындату үшін тер төгіп жатырмыз. Бір айдан бері канадалықтармен тұрып жатырмын. Ақпан айында елге ораламын. Үйренген тəжірибемді бөлісемін. Болашақта хоккей саласын дамытып, шəкірт тəрбиелегім келеді, – дейді Малика.

P.S. Хоккей жанкүйері өте көп екен. Оны Қысқы олимпиада ойындарында сатылған билеттің көптігінен аңғаруға болады. Аяғына коньки киіп, қолына таяғын ұстап, еліміздің намысы үшін айдынға шығатын аруларға сəттілік тілейміз.

Дайындаған Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

«Ұлан» газеті, №49
3 желтоқсан 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз