Алматыдағы ұлттық кітапханаға жиі бас сұғамыз. Жастар кітап оқымайды деген бос сөз, таңғы тоғыздан кешкі сегізге дейін студенттер, оқушылар ығы-жығы кіріп-шығып жатады. Кітапхана іші де лық толы. Бар қызық соның ішінде емес пе?! Іздеген кітабыңызды, мәліметіңізді тез-ақ тауып ала қоясыз.

Ал кітапханадан шығып, көшенің қарсы бетіне өтсеңіз, қиғаш орналасқан сұр ғимаратқа көзіңіз түседі. Тіпті, көзіңіз түспеуі де мүмкін. Себебі бұл ғимарат өзгелердей жарқ-жұрқ етіп жарық шашып тұрған жоқ. «Қаланың қақ ортасында неге қарасұр боп тұр?» деп ойлайсыз. Сосын жақын барып, есіктің маңдайшасындағы жазуға көз жүгіртесіз. «Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві». Енді өзінен-өзі түсінікті болмақ. Қарасұр ғимараттың өзі ішкі сырын білуге шақырып тұрғандай…

Архив директорының орынбасары Мәрзия Ғаниқызы Жылысбаевадан архивке қатысты оқушы қауым білгісі келетін сұрақтарымызға жауап алдық…

Мәрзия Ғаниқызы:

«Кейбір архив құжаттарына шектеу де қойылады»

Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві 1921 жылы 1 қыркүйекте Орынбор қаласында өлкелік архив ретінде құрылды. 1960 жылдарға дейін оның басшылығында бір де бір қазақ болған жоқ. Тіпті құрамындағы 5 адамның бәрі басқа ұлттан болған. Кеңес өкіметіне дейін Орал, Жетісу, Сырдария өлкелерінде басқармалық негіздегі архивтер де болған. Осылардың бәрін бір орталыққа жинақтау жөнінде Сәкен Сейфуллин хат дайындап, жарлық шығарған екен.

Қорымызда XVI ғасырдан бастап қазірге дейінгі кезеңдердің құжаттарын сақтап отырмыз. Қоғам қайреткерлерінің жеке қорларын, Кеңес өкіметі кезіндегі Халық комиссарларының, революцияға дейінгі әкімшілік негіздегі мекемелер мен ұйымдардың құжаттары сақтаулы тұр. Архив Орынбордан кейін астананың ауысуына байланысты Қызылордаға көшті. Одан соң Алматы қаласына келіп орнықты. Ол заманда түркі тілінің мамандары болған жоқ, сондықтан архивпен жұмыс істеу қиын болды. Сол кездегі сауатсыздық мәселесі деген желеумен жергілікті халыққа сенімсіздікпен қарады. Шағатай тіліндегі, төте жазумен жазылған құжаттарды жойып жібергені жөнінде деректер сақталған. Арагідік мұндай құжаттарды қарап шығуға түркі тілінің маманы ретінде Ахмет Байтұрсыновты тартқан.

1927 жылы Бөкей ордасының құжаттары архивке сақтауға өткізілді. Оның ішінде Жәңгір ханның, Кенесарының, би-сұлтандардың хаттары бар екен. Соның бәрін архив қызметкерлері реттеп, нөмірлеп, есепке ала бастады.

Революция, азаматтық соғыз кезеңдерде биліктегі азаматтар біраз құжаттарды алып кетуге тырысты. Мысалы, Орал облыстық басқармасының құжаттарын казактар өртеп кеткен. Ол қорда үш-ақ іс сақталған. Өңірлердің тарихын түгендеуде қиындықтар осы кезде көрінеді, себебі көп құжат өртеліп кетті. Метірке кітаптары да сақталған, олардың көбі шіркеулердің құжаттары. Мұсылмандардікі де бар, бірақ олар толық емес, көбіне татар, ноғай, башқұрт азаматтары тіркеуге алынған.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінде де
бірыңғай электронды жүйеге көшу мәселесі қаралып жатыр. Біз оларға ұсыныстарымызды айтып жатырмыз. Жүйе қалай болу керек деген мәселеде
ескертпелер жасаймыз. Оның жақсы жағы да, кері жағы да бар. Еліміздің саяси
жағдайына байланысты қор құжаттарындағы мәліметтерді пайдалануда шектеулер бар. Қағаз күйіндегі құжаттар мәңгіге сақталуы керек. Бұл – бүкіл дүниежүзінің архив саласындағы негізгі міндеттерінің бірі.

Архивке келіп жұмыс істеуге болады. Ғалымдар, студенттер, өлкетанушылар тақырыптары, хронологиялары көрсетілген ресми хатпен келіп, оқу залында жұмыс істейді. Архив құжаттары бойынша жинақтар дайындалады. Алыс өңірлердегі ізденушілер үшін арнайы кітаптар дайындаймыз. Алыстан хат жолдаушыларға да архивті қарай отырып, архивтік анықтамалар негізінде жауап береміз. Сұраухаттарында көрсетілген мәліметтер архивте болмаса, онда басқа облыстық архивтердің мекенжайын көрсете отырып, сілтемелер береміз. Қазір мұндай хаттарды Халыққа қызмет көрсету орталықтары да қабылдайды. Мектеп оқушылары ұстаздарымен бірге келіп қана оқу залында арнайы ресми хатпен жұмыс істей алады.

«Архивтегі құжаттар бір данадан ғана болады»

Архивте кейбір тарихи оқиғаларды бұрмалау жөніндегі құжаттар да бар. Олар саралауды, зерделеуді қажет ететін құжаттар. Бес адамды отырғызып, бір құжатты берсең, бесеуі бес түрлі ой айтады. Ұмыт болған адамдарды, яғни тұлғаларды жарыққа шығару жұмыстары да осы архив құжаттары негізінде жүргізіледі. Архивте 1 миллион 500 мыңға жуық құжат бар. Алашордалық Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсыновтардың қазақ елінің шекарасын бекітіп, біраз жерді сақтап қалуда да еңбектері зор екенін құжаттардан байқаймыз.
Архивтің құжаттары бір-ақ данадан болады. Ешқашан екі дана болмайды. Екі дана болса, бір-біріне жазылған, бірнеше адамға таратылған хат болуы мүмкін. Сондықтан архивте кітапханадағы сияқты екінші нұсқа деген болмайды. Сол себепті ізденуші азаматтарға ішкі заңдылығымызды қатаң ескертіп отырамыз.

1998 жылы 22 желтоқсанда Қазақстан Республикасының «Ұлттық архив қоры және мұрағаттар» деген заңы қабылданды. Бұл заңға біраз өзгертулер мен толықтырулар да енгізілді. Тәуелсіздік алған жылдан бастап 2015 жылға дейін
«мұрағат» болып аталдық. Одан кейін Елбасының жарлығымен қайтадан «архив» атауына көшірілді. Қазір білім саласында екі атау да қосарланып айтылып жүр. Түркітілдес халықтардың көбінде «архив» күйінде қалды. Бұл ешқандай орыс тілінен енген сөз емес, халықаралық термин. Сондықтан «архив» атауын біз де құптаймыз.

Қазір архив саласында ақылы қызмет көрсету мәселесі де қаралып жатыр. Сұраныстың тақырыптық, ататектік, әлеуметтік-құқылық негіздегі түрлері бар.
Ал әлеуметтік-құқылық негізіндегі сұраныстар, яғни зейнеткерлікке шығу барысында қажетті еңбек өтілі, еңбек ақысына және тағы басқа сұраныстар ақысыз орындалмақ.

«Шетел архивтерінде сақталған қазақ тарихына қатысты құжаттарды айқындап,
көшірмелерін алып жатырмыз»

Қазір шет мемлекеттерге шығып, қазақ халқына қатысты құжаттарды айқындап, зерделеп, жинақтау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Тарихымызға қатысты құжаттар әртүрлі мемлекеттердің архивтері мен кітапханаларында сақталған. Ресей, Египет Араб Республикасы, Польша, Беларусь елдерімен өзара ынтымақтастықта жұмыс істеп, архив қорларын көшірме құжаттармен толықтырып жатырмыз. Олар тегін бере салмайды, ол үшін мемлекеттен қаржы төленеді.

Мемлекет және қоғам қайраткері Мұстафа Шоқай кеңес өкіметі кезіндегі қудалауда Тбилиси арқылы Түркияға қашқан. Ол жерде кеңес өкіметіне қарсы көзқарастағы журналдарын шығарған. Польшада, Германияда «Прометей» деген орталығы болған. М.Шоқайдың құжаттары Франциядағы Жаңа Сорбонна университетінің кітапханасында сақталып қалған. Біз сол құжаттардың көшірмелерін алып келдік. Ешбір мемлекет түпнұсқа құжат бермейді.

Сонымен бірге 2010 жылы Халықаралық «Түрксой» орталығының ықпалымен түркиялық Музафер Ақчора деген азаматтың қолында сақталған Мұстафа Шоқайдың хаттарын сақтауға алдық.

Тараз қаласының тумасы, сол кездегі діни ілімнің маманы Мубаширхан ат-Тарази Кеңес өкіметінің қудалануына ұшырап, еріксіз 1932 жылы Насрулла деген 6 жасар ұлын ертіп, Ауғанстанға кетуге мәжбүр болған. Әрі қарай Пәкістанға барып, одан Каирде тұрақтап қалған. Сол 6 жасар ұлы Насрулла Ат-Тарази кейін үлкен ғалым, профессор деңгейіне жеткен. Араб, түркі қолжазбаларының маманы болған. Оның құжаттарын да сақтауға алдық.

Әрбір ғалым ғылыми атақтарын архив құжаттарының негізінде іздену жұмыстарын жүргізіп, ғылыми еңбектерін жариялағаннан соң ғана алады. Тәуелсіздік алған кезде жабық қорларды бірден ашып, ғалымдармен біріге отырып, тарихи ақтаңдақтарды ашуға атсалысқан осы – Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві болды.

1974 жылы архивтің бөлімдерінен кинофото-құжаттар және ғылыми-техникалық архивтер құрылды. Оған фотофоноқұжаттардың, ғылыми-техникалық құжаттардың көбейе бастауы себеп болды. Кеңес өкіметі қазақ халқын жұпыны түрде көрсетіп, бұратана халықтарды адам қылған большевиктік жүйе ретінде көрсетті. Біраз елімізге қатысты фото, видео, аудио құжат Ресейдің кинофотофоно құжаттар архивінде сақталған.

Өзбекстан, Қытайдың архивтері мен кітапханаларында қазақ халқына қатысты құжаттар бар. Бірақ олар біздің елдің ғалымдарына құжаттармен жұмыс істеуге рұқсат бермей отырғаны тағы бар. Қазір аштық, репрессия мәселелері қайта көтеріліп жатыр. «Әкесі үшін баласы жауап бермейді», – деген Сталиннің сөзі бар еді ғой, расында ата-бабасының басынан өткен жағдайға кейінгі ұрпағы қалай жауап береді?! Ол сол кезеңнің тарихи жағдайы. Кезінде бір қасық, бір шапан үшін алауыздыққа салынып, отаршылдықты қанат жайғызып жіберген де мінездеріміз болған.

«Зерттеуді қажет ететін тарихи тұлғаларымыз бар»

Ешбір мемлекеттің архиві өзіне барған ізденушіні хатсыз қабылдамайды. Ғалым да, студент те белгілі бір оқу орнынан ресми хатпен ғана барып, оқу залдарында жұмыс істей алады. Еліміздегі ең алғаш құрылып, қара шаңырақ ретінде белгілі жекеше Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві.

Тарихта жазықсыз жапа шегіп, тоталитарлық саясаттың құрбаны болған, ақталмай жатқан тұлғаларымыз әлі де баршылық. 1989 жылы Ресейде жазықсыз жапа шеккендерді ақтау туралы жарлық шықты. Ал Қазақстанда 1993 жылы жарыққа шықты. Азаматтар «Халық жауы» деген айыппен құрбан болған, ата-бабаларын 70-80 жыл ақтай алмай жүрді. Архив құжаттары негізінде жеке тұлғаларға қатысты дәріптеуде, жарыққа шығаруда қолдан келгенше көмек жасауға тырысамыз. Революцияға дейінгі кезеңдерде қазақтарға салық төлету үшін олардың аты-жөндері жазылған тізімдер құрып, жан және мал салықтарын төлеткен. Болыс-билердің бір-біріне жазған хаттары да сақталған. Сол құжаттардан жеке тұлғаларға қатысты дерек іздейміз. Отарлық саясат жер-су
атауларын жиі өзгертіп отырған. Жер-су атауларына қатысты деректерді іздегенде осыған да баса мән беріп, сонымен қатар ізденушілерге бағыт-бағдар нұсқаймыз.

«Құпия құжаттар қай кезде ашылады?»

«Шаң басып жатқан архив» деп кейде әсірелеп жібереміз. Архив болған соң зерттеу, зерделеу жұмыстары жүргізіледі. Ал құпия құжаттың жөні бөлек. Көп жұрт құпия құжаттар бар ма деп, қызыға сұрап жатады. Құпия құжаттардың заңды тұлғалары болады. Оларға хат жолданып, біріге отырып, құпиясыздандыру жұмыстары атқарылады. 2017 жылы «Қазақ әскери комиссариаты» қорының 1939-1946 жылдар аралығындағы құжаттарына құпиясыздандыру жұмыстары жүргізілді.

Шетелден біздің архивке келіп ізденетіндер де бар. Әсіресе, Ресейден көп келеді.
Тақырыптары да әртүрлі. Еліміз көп ұлтты бауырына басып отыр, сол себепті сырттан келетін ізденуші азаматтар көп. Тек Ресейге ғана 80% архивтік анықтамалар құрып, жолдаймыз. Себебі Кеңес өкіметі кезінде Қазақстанда жұмыс істеп, тәуелсіздігімізді алған соң атамекендеріне кетіп қалған азамат көп.

Жазып алған
Асылан БІРЖАНҰЛЫ

«Ақ желкен» журналы, №11
Қараша, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз