Күн суығалы жұмыста тереземізден сүп-сүйкімді торғайлар сығалайтын болып алды. Кіп-кішкентай құстың сүйкімділігі сондай, алақаныңа салып жемдегің келеді. Бірақ, бұрын неге байқамағам, жаз кезінде неге бұлай сығаламады? Мені осы сұрақтар мазалай бастады. Үйден жем əкеп беруді де ойладым. Есіме біраз уақыт бұрын жазған «Көпқабатты үйдің ауласындағы ғашықтар саябағы» деген материалым түсті. Ерік пен Салтанат. Жас отбасы. Кеңестік кезеңде салынған ескі үйдің ауласын қоршап, кішігірім махаббат саябағын жасаған. Гүлі жайқалып, суы сылдырап жатады. Неше түрлі декорациялық таспен жан-жағын сəндеп тастаған. Естеріңде ме? Мына суреттегі пластиктен жасалған жемсауыт жас отбасының терезесінің алдындағы көрініс. Қараңдаршы, көбіміз қоқысқа тастай салатын баклашкаларды кесіп, құстарға арнап осылай жемсауыт жасаған.

«Шымшық орманда 1-3 жыл ғана, ал қолда ұстаса 15 жылға дейін өмір сүретін құс екен. Олар күн жылыда ағаштар мен өсімдіктерге зиян келтіретін құрт-құмырсқамен қоректенеді. Күн салқындағанда құрт-құмырсқа болмайды. Ал шымшық –отырықшы құс. Ұзақ жаққа ұшып кетпейді. Сондықтан қыстың кезінде тамақ тауып жеу қиын. Деректерге сүйенсек, қыста 70 пайыз шымшық қырылып қалады, келесі көктемге жете алмайды. Табиғат тазалықшыларын сақтау үшін не істеу керек? Əрине, оларға адамдардың қамқорлығы керек.

Біз тереземіздің алдына саябақ жасағанымызда əртүрлі құстың сайрағанын еститін болдық. Соның ішінде шымшықтың үні сондай жағымды. Əдемі сайрайды. Қарны аш құстар туралы ойлап, терезенің алдына жемсауыт жасадық. Таңертең ұйқыдан бізді құстар оятады. Тұмсықтарымен тық-тық еткізіп терезені қағады. Жем сұрап тұрғаны ғой. Əр күнімізді құстарға жем, су беруден бастаймыз. Ислам дінінде құсқа жем шашудың сауап екені айтылады», – дейді Ерік Дүйсембаев.

Достар, кіп-кішкентай құстың (шымшықтың қанатының ұзындығы 70 мм, салмағы грамм болады) тағдыры қандай аянышты, иə? 70 пайызы келесі көктемге жете алмайды деген дерек жүректеріңді шым еткізді ме? Ендеше, қыстыгүні құстарды жемдеп тұруды əдетке айналдырайық. Үйдегі кішкентай інімнің айтатын мына тақпағын сендер де түсініп оқыңдаршы:
Жылы жаққа ұшпайтын,
Біздің жақта қыстайтын.
Құстар жүрсе жуықта,
Жем шашуды ұмытпа.

Иə, достар, Ерік ағаларыңның əңгімесінен кейін біз де тереземіздің алдына келетін құстарды жемдеп тұруға бекіндік. Əне, сүп-сүйкімді шымшық терезенің алдында тағы да сығалап тұр. Бізден мейірім күтеді. Сен де айналаңа мұқият қарашы, тамақ таппай жүрген құс бар шығар…

Жадыра АЙМАХАНҚЫЗЫ

«Ұлан» газеті, №49
3 желтоқсан 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз