Код сағаты (Hour of Code) – бағдарламалау негіздерімен таныстыратын бір сағаттық дəріс. Оны тек Қазақстан ғана емес, өзге мемлекеттер де атап өтеді. Қазақстанда 2015 жылдан бері өткізіліп келеді, яғни биыл Код сағаты
Қазақстанда бесінші рет өтейін деп жатыр. Осы бастаманың арқасында əлем бойынша 580 мыңнан астам адам бағдарламалаудағы алғашқы қадамын жасады. 2018 жылы 350 мыңнан астам адам қатысқан, оның 10 пайызы қазақстандық оқушылар.

Қашан?

Hour of code осы жылы дүниежүзі бойынша computer science апталығы аясында 9-15 желтоқсан аралығында өтеді. Осы бағытта бағдарламалау бойынша арнайы сабақтар өткізіліп, мектептерде, университеттерде жəне түрлі компанияда ІТ бағытта əртүрлі іс-шаралар болады.

Мақсаты

Соңғы жылдары əлемде жəне Қазақстанда ІТ мамандарына сұраныс артқан. Алайда, көптеген оқушы мен мектеп түлегі болашағын бұл мамандықпен байланыстырмайды. Себебі мектепте информатика сабағы қызықсыз өтетіндіктен, ІТ саласын болашақ мамандығы ретінде қарастырмайды. Сол себептен көптеген дамушы ел арасында «Код сағаты» бастамасы танымал. Бастама – бағдарламалау қаншалықты жеңіл əрі қызықты екенін жеткізудің бірден-бір тиімді əдісі. Акция балалардың жаңа технологиялар мен бағдарламаларды үйренуге деген қызығушылығын, ынтасын арттыруға бағытталған.

Ұйымдастырушылар кімдер?

Іс-шараны ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының қолдауымен Love to Code жəне Method Digital Education компаниялары ұйымдастырады. Серіктестері: Mircosoft Kazakhstan, Nazarbayev University, SDU, Open IT, Makerspace, American Corners, NIS, Mega, RobotX. Сонымен қатар еліміздегі барлық оқушының Hour of Code акциясына қатысуына ҚР Білім жəне ғылым министрлігі де қолдау көрсетіп отыр.

Кімдер қатыса алады?

Код сағатына 3-11-сынып оқушылары қатыса алады. Алайда балалар ғана емес,
ересектердің де қатысуына болады.

Қайда?

Hour of Code информатика сабақтарында немесе қосымша сабақта өткізіледі. Оны мұғалімдер немесе арнайы еріктілер өтеді. Алматыда Mega-да, American Corner орталығында, бағдарламалау, робототехника мектептерінде болады. Сонымен қатар hourofcode.kz сайтына кіріп, басқа да ақпаратпен толық таныса алады. Hour of Code өткізгісі келетін еріктілер үшін қолдау көрсетіледі.

Қыздарға арналған Technovation Challenge бағдарламасына қатысамын десең…

Technovation Challenge – 10 жəне 18 жас аралығындағы қыздарға арналған IT жəне кəсіпкерлік қабілетін дамытуға бағытталған халықаралық бағдарлама. Бағдарлама барысында қыздар ерікті-менторлардың қолдауымен қоғамдағы əлеуметтік маңызды мəселелерді шешуді көздейтін мобильді қосымшалар əзірлейді. Жыл сайын өтеді. Бағдарлама соңында финалға өткен командалар Сан-Франциско қаласында өтетін халықаралық жарысқа барады.

Кімдер қатыса алады?

Бағдарламаға 10-18 жас аралығындағы қыздар ғана қатысады. Команда ең аз дегенде 2, ең көп дегенде 5 қыздан құралуы керек. Бағдарлама мерзімі – 12 апта. Қыздар 18 жасқа толғанға дейін Technovation Challenge бағдарламасының бірнеше маусымына қатыса алады. Тіркеу 2019 жылдың желтоқсан айының соңына дейін ашық. «Ұлан» газетін оқып жүрген болсаңдар, қазақ қыздарының əлем бойынша үздіктер қатарынан көрініп жүргенін өздерің де байқаған боларсыңдар. Ендеше, іске сəт, қазақ қыздары!

Дайындаған Қания ТАБЫС

«Ұлан» газеті, №49
3 желтоқсан 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз