«Балдәурен». Арман. Балалар аралы. Осы бір ұғымдар менің есімде мәңгілік қалатын сөздер. Көкейде «неге?» деген сауал туған болар? Оған берер жауабым төмендегідей. «Балдәурен»  – мектеп оқушысының барып дем алсам ден армандайтын, сол арман арқылы қиялын ұштап, болашаққа сенім тудыратын киелі жер. Оның оқушыға берер білімі, өнегесі, өмірлік тәжірибесі  тайызда емес, тереңде. «Арман»  ұғымының оқушы есінде мәңгілік қалуының сыры осында жатыр. Ал енді балалар аралы туралы сөз етсем, мұнда дем алған балалар бейне бір ғажайып арман аралына тап болғандай күй кешеді. Осы бір сөздерді жазып отырғанда Қапшағай қаласындағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығына жолдама алып, демалғаным, ондағы аяулы ұйымдастырушы-ұстаздар мен мұғалімдер есіме түсіп, бойымды бір ерекше жылы сезім биледі.

Арман арқалаған өзім сияқты еліміздің түкпір-түкпірінен келген ұлдар мен қыздар. «Балдәурен» бір сәтте оқушыларға толды да кетті. Қым-қуат жүріс, көңілді күлкі, бүгін ғана танысып, тіл табыса кеткен құрбылар, өз мектебінде оза шауып бәйге алған мықтылар. Міне, «Балдәуреннің» бүгінгі дүрсілдеп соққан жүрегі. Орталықтың өміріне  мән беретін де сән беретін де осылар. Әр оқушы өзінше ерекше тұлға. Бір-бір үйдің үміт күткен ұлдары мен қыздары. Әрбірінің өзінше мінез-құлқы, ақыл-ойы, тыныс-тіршілігі, мүмкіндігі бар.

Менің болашаққа деген нық сенімімді оятқан, бойымдағы көшбасшылық сияқты касиеттің тұтануына мүмкіндік берген Қапшағай қаласындағы «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығы туралы ата бергім, айта бергім келеді. Балалар лагері еліміздің рухани-мәдени астанасы Алматыдан 60 шақырым жердегі Қапшағай су қоймасының жағалауында орналасқан. Демалуға табиғат жағдай өте қолайлы екенін бірден байқауға болады. Орталықта балалардың демалысын тиімді өткізу үшін барлық жағдай жасалғаны бірден көзге түседі. Мұнтаздай таза топ бөлмелері, дәмді  тамағын алдыңа тосқан асханасы, білімге шақырған мектеп корпусы, демалушы балалардың екінші үйіндей болған тәрбие кешені – бәрі де баланың көнілінен шығып, қоштасар сәтте қимастық сезім тудырғанын ерекше толғаныспен айтқым келеді.

Балаларды қуанту – көп адамның қолынан келе бермейтін іс. Бірақ «балдәурендіктердің» қолынан келеді екен. Ата-анамның қасынан ұзап шықпаған маған қиындау соғар деп ойлап едім. Олай болмады. Бала десе ішкен асын жерге қоятын Кука апай, Сакора апай, Баги ағай, Джимми ағайлардың арқасында 20 күннің қалай өтіп кеткенін де байқамай қалдым.

Ұйымдастырушы-ұстаздар мен мектеп мұғалімдерінің күнделікті қызметінің «жыр-әні» – біздер болдық. Олардың әрбір іс-шарасы  ізденістен, толғаныстан тұратын сияқты. Балалараға жақсы ақпарат, жақсы білім, биік талап керек. Осының бәрін балалардың болашағына апаратын өмірлік багажымен ұштасуы керек. Осындай тамыры тереңде жатқан ұғымдарды өзара байланыстыру, оқыту, көрсету, дәлелдеу – оңай шаруа емес. Аз күнде осыларды ұштастырып, түрлі қызықты іс-шаралар өткізген апайларым мен ағайларыма алғысым шексіз.

Қазақстандық жас патриоттар академиясы мүшелерімен кездесу ерекше есімде қалды. Кездесуде менің елімнің дамуына өзіндік үлес қоса алатынымды біліп, арман деген жүйрік атқа жан бітірдім. Арманнан шындық туатынын кішкентай жүрегім сезіп тұрған сияқты.

«Балдәуренде» өткен 20 күн зу етіп өте шықты. Қимастық сезімді байқайсың. Дегенмен осындағы үйренген, көрген жақсы дүниелерді өз мектебіне апаруға асығасың. Жүздерінен балалықтың, арманның шаттығы сезілген  жаңа достарыммен  қош айтысып, туған мектебіме  оралдым. «Балдәуреннен» бірге келген жақсы энергиямен мектебімдегі білім мен ізгілікке зор құлшыныспен кірістім.

Ұлжан Зейдін

Қапшағай қ. «Балдәурен» РОСО

10-топ

Қарағанды облысы,

Жезқазған қаласы

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз