Жақында ғана 23 жасқа дейінгілер арасында Әлем чемпионатында сынға түскен балуандарымыз сәтті өнер көрсете алмады. Еркін күрестен Адлан Аскаров алтынға сынық сүйем қалғанда сүрінсе, Юсуп Батырмурзаев аса ауыр салмақта үздік үштіктен көрінді. Грек-рим күресінен де алтын жүлдеден қағылдық. 77 келідегі Тамерлан Шадукаев пен 82 келідегі Евгений Поливадов құрама қоржынына тек қола жүлде салды. Қола жүлдені қанағат тұтқан Женяның жеңіске деген ынтасы жанкүйерлерді сүйсіндірді. Қола жүлде үшін белдесуде армениялық Арман Вардумяннан жеңіліп жатып, кездесу соңында 16:7 есебімен айласын асырып кетті. Осы орайда, әлемнің үздік балуандары қатарынан көрінген балуанымызбен аз-кем әңгімелескен едік.

Евгений 1997 жылы Атырау облысы, Атырау қаласында дүниеге келген. Әкесі Александр бапкер болғандықтан бала күнінен спортқа жақын болып өскен.

– Спортпен 7 жасымнан бастап шұғылдандым. Алғашында біраз уақыт таэквондомен айналыстым. Әкем бапкер болғандықтан ылғи өзімен бірге жаттығуға алып кететін. 8 жасымда күреске деген қызығушылығым оянып, әкемнің қол астында жаттыға бастадым. Үлкен спортқа келуіме басты себепкер де әкем болды. Одан бөлек ағам Артем да бокс үйірмесіне қатысып жүрді. Екеуміз бір спорт кешенінде дайындалатындықтан ылғи бірге баратын едік. Әкемнің қол астында үш жыл жаттыққан соң, Алматыдағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатына оқуға түстім.

Евгенийдің жасөспірімдер мен жастар арасындағы нәтижесі жоғары болды. Ол
жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері және Азия чемпионы. Енді ересектер арасында Олимпиада шыңын бағындыруды армандайды.

– 2014 жылы Нанкинде жасөспірімдер арасында өткен Олимпиада ойындары әлі есімде. Бұл додаға дайындығым өте жақсы болды. Тек топ жаруды көздеп бардым. Алғашқы белдесуімде әлем чемпионатының қола жүлдегері египеттік балуанның мысын бастым. Екінші айналымда Азия чемпионатының финалында кездескен өзбекстандық Абубакр Алимовпен жолым түйісті. Азия чемпионатында жеңілген қарсыласым бұл жолы да осал тұсымды таба алмады. Ал жартылай финалда әзірбайжан балуанынан ұтылып, қола жүлде үшін белдесуде неміс спортшысының жауырынын жер иіскеттім. Бұл жеңіс спорттағы ең үлкен жетістіктерімнің бірі болды. Ендігі мақсат – үлкен Олимпиада ойындарында үздіктер қатарынан көрініп, тарихта қалу.

Женя Олимпиада чемпионы атансам деген мақсатына бір табан жақындады. Жақында ғана Венгрияда 23 жасқа дейінгі балуандар арасында өткен әлем чемпионатында сынға түсіп, үздік үштіктен көрінді. Бірақ басты мақсат әлем чемпионы атану болған , әрине.

– Будапештте өткен додаға дайындығымыз жоғары деңгейде болды. Бапкерлеріміз тактикалық тұрғыдан да, физикалық тұрғыдан да тыңғылықты дайындады. Ресейде, Арменияда оқу-жаттығу жиынын өткіздік. 23 жасқа дейінгі балуандар арасында болғанымен сен тұр, мен атайын дейтін кілең мықты балуандар жиналған. Жарыстың дәрежесі елімізде өткен әлем чемпионатынан кем емес. Тіпті, Нұр-Сұлтан қаласында өткен додада топ жарып, чемпион атанған бал-уандар жүлдеге де ілінбей қалды. Жартылай финалда қателігімнің салдарынан 1:2 есебімен жеңіліс таптым. 82 келіге жаңадан ауысқандықтан физикалық тұрғыдан да әлеуетім жетпей қалды. Ал қола жүлде үшін белдесуде бапкерлерім дұрыс тактика қойып, жеңіске жеттім. Осындай байрақты бәсекеде үздік шығып, жеңімпаздар тұғырынан көрінуіме себепкер болған Данияр Дәулетұлы, Бақтияр Бағашарұлы, Жарқын Тұрсынов және Жанабай Сейсенұлы сынды бапкерлеріме алғыс айтамын. Әрине, әр спортшы сынды мен де чемпион атануды көздеп бардым. Бірақ бұйырғаны қола жүлде болды. Енді қателіктермен көп жұмыс істеп, физикалық тұрғыдан әлеуетімізді арттырамыз. Алда үлкен додалар күтіп тұр.

Женяның салмағында елімізде бәсекелестік өте мықты. Дегенмен ол Олимпиадалық салмаққа жатпайды. Ал Женяның басты мақсаты Олимпиадада атой салу.

– 82 келіде Қазақстанда мықты балуандар өте көп. Соның ішінде Азия чемпионы Мақсат Ережеповті ерекше атап өтуге болады. Жалпы жастар арасында өткен Қазақстан чемпионатында екі мәрте финалда сүріндім. Салмағымда оңай шағылатын қарсылас жоқ. Енді Токио Олимпиадасында өнер көрсетуім екіталай. Өйткені 82 келі Олимпиадалық салмақ емес, 77 келіге салмақ қуу өте қиын. Ал 87 келі салмаққа өтуге әлі ерте сияқты. Дегенмен 2024 жылы өтетін Олимпиадаға міндетті түрде қатысамын деп ойлаймын. Сол үшін қазірден бастап тер төгіп, дайындалып жатырмын. «Олимпиада чемпионы атанып, Қазақстанның көк байрағын желбіретсем» деген арманыма жететініме сенемін.

Айтпақшы, Женя қазақ тілінде емін-еркін сөйлейді. Тіпті, сұқбатты қазақ тілінде
беріп, ойын емін-еркін жеткізді. Қазақ тілін үйрену ол үшін аса қиындық тудырмапты.

– Алматы қаласының «Шаңырақ» шағынауданындағы «Спорттағы дарынды балаларға арналған республикалық мектеп-интернатына» оқуға түскенше қазақша мүлдем білмейтінмін. Сыныптағы жалғыз орыс болғандықтан қазақша үйренуге тура келді. Одан бөлек өзімнің де қазақ тілін меңгеруге ниетім болды. Достарым да әрқашан көмектесіп, қате айтқан сөздерімді түзеп, дұрыстап отырды. Сөйтіп екі-үш жылдың ішінде қазақша емін-еркін сөйлей бастадым. Бірақ әдеби кітаптарды оқу қиынға соғады. Отбасымызда әкем екеуміз қазақша еркін сөйлесеміз.

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №11
Қараша, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз