Алматыдағы мемлекеттік қуыршақ театрының 84 жылдық тарихы бар. Мұнда келетін көрерменнің жасына шектеу жоқ. Ертегі мен қуыршақ əлеміне қызығатын барлық адамға театрдан орын табылады.

Шохан Құлназаров қуыршақ театрында жеті жылдан бері актер болып қызмет етіп келеді. Ол бір қойылымның өзінде бірнеше рөлді ойнайды. Оның айтуынша, қуыршақ театры актеры жұмысындағы ең маңызды нəрсе – өз кəсібіңді жақсы көру жəне барынша шынайы болу. Сонда ғана көрерменнің көңілінен шығуға болады. Шохан Құлназаров бізге қуыршақ театрының актеры болудың қандай қиын тұсы бар екенін айтып берді.

Ұлан: Шохан, көпшілік қуыршақ театрын тек балалар баратын мəдени орын деп түсінеді. Мұндай пікірге не айтасыз? Театрға үлкендер де келе ме?

Шохан Құлназаров: Адамның бойынан балалық кеткенде, өмірдің қызығы да таусылып қалатын сияқты. Бала кездегі бақытты сəттерді еске түсіру үшін қуыршақ театрына келіп тұрған дұрыс.

Қуыршақ театры тек балаларға арнап спектакль қояды деген түсінік бар. Бірақ қуыршақ балаларға ғана емес, жасөспірімдер мен ересектерге де қызық. Театрда барлық жастағы көрерменге арнап спектакль қойылады. Қазір театрдың репертуарында «Ана жүрегі», «Ана – Жер-Ана», «Мен деп ойла», «Ромео мен Джульетта», «Медея», «Мен бір жұмбақ адаммын» сияқты барлық жастағы көрерменге арналған қойылым бар.

Ұлан: Баланы театрға, басқа да мəдени орындарға өз еркімен баруы үшін қалай қызықтыруға болады?

Шохан Құлназаров: Балаларды алдау мүмкін емес. Олар бар эмоциясын
жасырмай көрсете біледі. Егер балаға бірдеңе ұнамай қалса, антрактыны күтпей кетіп қалуы мүмкін. Олардың көңілінен шығу үшін барынша шынайы ойнауға тура келеді. Ал бұл көп еңбекті қажет етеді. «Күнде шығып жүрген сахнам ғой, ойнай саламын» деп дайындықсыз шығуға болмайды. Ондайды бала бірден байқайды. Оның үстіне, актерға көрерменнің көңілінен шығып, ыстық ықыласына бөленгеннен артық бақыт жоқ. Қазіргі уақытта қуыршақ театрының ұжымы таңертеңгі, түскі жəне кешкі уақытта түрлі спектакльді қойып жүр. Егер сұраныс болмаса, мұнша көп сеанс та болмаушы еді. Көбі қуыршақ театрына оқушыларды мектеп мұғалімдері əкеледі деп ойлайды. Бұл – қате пікір. Қазір театрға ата-анасымен келетін балалар да көбейіп келеді. Ата- аналар əлеуметтік желідегі парақшаларымыздан театрдың қалай дамып жатқанын жəне қандай спектакльдердің болып жатқанын көріп, өздері қызығып келеді. Бала мəдениетке жақын болып өссін деген ата-ана əуелі өзі оған үлгі көрсетуі керек.

Ұлан: Алматы мемлекеттік қуыршақ театры 1935 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Өнер ордасы ашылған сəттен бастап қойылып келе жатқан спектакльдер, əлі күнге дейін қолданылып келе жатқан қуыршақтар бар ма?

Шохан Құлназаров: Театрдың репертуары да заманына қарай өзгеріп отырады. Бұрын қойылған спектакльдерді түрлендіріп, қайта қоятын кездер болады. Театр сахнасында ұзақ уақыттан бері қойылып келе жатқан спектакльдің бірі – «Қуыршақ думан». Қойылым концерттік бағдарламадан тұрады. Театр артистері Украинаның, Арменияның, Балтық жағалауы елдерінің ұлттық билерін ұсынады. Спектакль кезінде Роза Бағланова, Майкл Джексон, Фарух Закиров сияқты аты аңызға айналған артистердің де бейнесін көруге болады.

Сонымен бірге «Үш торай» деген қойылым бар. «Үш торайды» алғаш 3-сыныпта оқып жүргенде тамашаладым. Ертегі адамдарды əркез бір-біріне мейірімділік танытып, қиын кезде қолұшын созуға үндейді. «Қызыл телпек» те театр сахнасында біршама уақыттан бері қойылып келеді. Қызыл телпек – мейірімді, бауырмал қыз. Оның əжесі орманның екінші шетінде тұрады. Қызыл телпек анасы пісірген бəліштерді əжесіне алып бара жатқанда жолшыбай сұр қасқырға кездеседі. Аш қасқырдан əрең құтылған ол əжесіне келеді. Бірақ төсекте əжесі емес, əлгі қасқыр жатады. Ертегі күтпеген тосын сыймен бітеді. Ғажайып сиқырдың көмегімен қасқыр пілдің баласына айналады. Қызыл телпек пен піл баласы орманды күзетіп, гүлдерге су құйып, күтім жасайды.

Ұлан: Ал қазіргі заманның өмірін көрсететін қандай қойылымды айтар едіңіз?

Шохан Құлназаров: Жақында қуыршақ театры өзінің 85-маусымын «Ауыл иті Ақбай» деген қойылыммен ашты. Ақбай атты ит пен Тамлетамақ деген мысық ауылдағы өмірін тастап, қалаға келеді. Түрлі жағдайға тап болады. Жаңа достар табады. Қаладағы өзге ит пен мысықтар бұл екеуіне көп нəрсені үйретеді. Олар да ауылдың өмірін қалалықтарға барынша жеткізуге тырысады. Бұл – өте маңызды. Өйткені ауыл баласына қала тіршілігі, қаланың баласына ауыл өмірі қызық.

Бұрын қойылған спектакльдер балаларды достыққа шақырса, қазіргі қойылымдар жол жүру ережесі, латын əліпбиі, интернетті дұрыс пайдалану сияқты тақырыптарға арналған.

Ұлан: Қалада тұратын балалардың театрға кез келген уақытта баруға мүмкіндігі бар. Ал ауыл-аймақта тұратын балалар қойылымдарыңызды қалай көре алады?

Шохан Құлназаров: Əр бала бақытты болуға лайық. Олардың күлкісін, бақытты жүзін көргіміз келеді. Біздің театрға жете алмай жүрген көрерменді де назардан тыс қалдырмауға тырысамыз. Сол себепті мүмкіндігінше ауылды жерде тұратын көрерменге да арнайы барып, өнерімізді көрсетіп тұрамыз. Болашақта қалаға көшіп келіп жатса, осындай орынның барын білсін дейміз. Өйткені театр – адамға рухани тəрбие беретін орда. Кішкентайынан қуыршақ театрына келген баланың болашақтағы қадамы да тура болатынына сенемін.

Ұлан: Қуыршақ театрына қалай келдіңіз?

Шохан Құлназаров: Алматы облысында туып-өстім. Бастауыш сыныпта оқып жүрген кезде қаладағы қуыршақ театрының қойылымын көрдім. Спектакльді көрген соң маған сахнаның артындағы өмір қызық болды. Актерлар қуыршаққа қалай жан бітіріп, тірілтіп жатыр деген сұрақ қатты қызықтырды. 7-8-сыныптарда мектепте «Ритмика» деген сабақ пайда болды. Үйірмеге қатысып жүргенде актер шеберлігінің əліппесін үйрендім. Айжан Ахмет деген ұстазым сабақ берді. Сол кісінің айтуымен Алматыдағы Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжіне құжаттарымды тапсырдым. Колледждегі Маиса Өтебаева, Жанар Айжолова деген ұстаздарымнан көп нəрсе үйрендім. Кейін Павлодар мемлекеттік педагогика институтын «Музыкалық білім» мамандығы бойынша бітірдім. Эстрада-цирк колледжін бітірген жылы қуыршақ театрына жұмыс істеуге шақырту алдым.

Ұлан: Қуыршақ театры актеры болудың қандай қиын тұсы бар?

Шохан Құлназаров: Драма театры актерына қарағанда, қуыршақ театрының артисі болу қиынырақ. Өйткені драма театрда актер көрерменге өзінің іс-қимылы, образы арқылы көп нəрсені жеткізе алады. Ал біз барлығын жансыз дүние арқылы көрсетеміз. Қуыршаққа жан бітіру, оны сөйлету екінің бірінің қолынан келе бермейді. Өйткені қуыршақ кез келген ым-ишараны қабылдай бермейді. Қуыршақтарды басқару үшін де қолдың күші қажет.

Əңгімелескен
Мейірман ІЛЕС

«Ұлан» газеті, №48
26 қараша 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз