Жаһандану дәуірінде ағылып жатқан ақпаратты сүзгіден өткізіп, ақ-қарасын ажырата білу қиын-ақ. Қазір негізгі ақпарат сенімді ақпарат көздері арқылы емес, әлеуметтік желі арқылы жылдам тарайды. Қоғамда жалған ақпараттың көбейіп кетуіне де басты себеп осы сияқты. Осындай деректердің жиі тіркелуі «дезинформация» дейтін жаңа терминнің қолданысқа енуіне себеп болды. Дезинформация дегеніміз – қоғамдық сананы жаңылыстырып, қандай да бір реакция тудыру мақсатында таратылатын жалған ақпарат. Француз тілінен аударғанда des – теріс, information – ақпарат деген мағына береді. Дезинформация алғаш рет бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде қарсыластарды
адастыру, шатастыру мақсатында қолданылған. Қазіргі саяси ғылымда жалған хабар тарату, арбау технологияларының бір бөлігі саналады. Дезинформацияны тек саясатта, бизнесте, ғылымда ғана емес, күнделікті тұрмыста да жиі кездестіруге болады. Кездестіріп те жүрміз. Әсіресе, WhatsApp, Instagram,
Facebook сияқты әлеуметтік желілерде өзіміз «сенімдің ақпарат көзі» деп есептейтін тұлғалар түрлі жаңалық таратады. Жақында ғана «Теңге жойылады екен, оның орнына «алтын» атты валюта пайда болады», «Банкрот болған банк қалған қаражатты таратып жатыр екен» деген мазмұндағы ақпарат тарағанын білетін шығарсыздар? Мүмкін, алақайлап немесе шошып басқа қолданушыларға жіберген де боларсыз? Ал бұл ақпараттың рас-өтірігін анықтауға тырысып көрдіңіз бе? Ал жалған ақпарат таратқандарға айыппұл салып, заң бойынша жаза қолдануы мүмкін. Расымен, мұндай жаңалықтардың ақ-қарасын қалай ажыратуға болады? Кімдерден кеңес немесе нақты жауап алу керек? Мамандардан осы туралы сұрап көрген едік.

Қазақстанда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған ақпараттың, әлеуметтік желідегі жазбалардың және ел алдында жүрген тұлғалардың мәлімдемелерінің рас-өтірігін тексеретін сайт бар. Ол factcheck.kz деп аталады. Сайттың бас редакторы Думан Смақов дезинформациямен күресу үшін кейбір, қарапайым қағидаларды есте сақтау керектігін айтады.

Думан Смақов , factcheck.kz сайтының бас редакторы:

«Ақпаратты тексеру үшін сыни ойлау керек»

Қарапайым адамдар әлеуметтік желі арқылы келген фото, видео, мәтін түріндегі
ақпараттың рас-өтірігін өз бетінше анықтай алады. Ол үшін сыни ойлау жүйесін
қалыптастыру керек. Мысалы, «пәленше деген банк 1 миллион теңге таратып жатыр екен», «осындай компания тегін техника береді» деген ақпарат оқыдыңыз делік. Ең алдымен, бұл ақпараттың қаншалықты рас болуы мүмкін екенін ойлап көріңіз. «Бұл не деген батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық» деп күмәнмен қарау орынды.

Ақпараттың рас-өтірігін тексерудің ең қарапайым жолы – Google, Яндекс сияқты
іздеу жүйесіне салу. Егер бұл ақпарат ресми дереккөзде бұрын жарияланған болса, іздеу жүйесінен таба аласыз.

Тағы бір жолы – ресми органдармен байланысып, ақпараттың рас-өтірігіне көз жеткізу. Есіңізде болсын, ешкім ешқашан әлеуметтік желідегі хабарламаны 40 адамға, 100 адамға таратқаны үшін сыйлық немесе ақша бермейді.

Мысалы, жақында «Электронды үкімет порталы 360 мың теңге таратып жатыр»
деген хабарлама тарап кетті. Хабарламаны оқыған «адамда электронды үкімет порталы не үшін ақша таратуы мүмкін, оның қызметі басқа ғой» деген ой туындауы керек. Мұндай жағдайда алдымен электронды үкімет порталының телефонына хабарласып көруге болады.

Дезинформация көбінесе белгілі бір топ арасында, билік пен халық арасында немесе ұлттар арасында араздық туғызу мақсатында жүргізіледі. Кейде ксенофобиялық көңіл-күй туғызуды да мақсат етеді.

Фактчек қазіргі қазақ қоғамына керек дүние. Себебі мыңдаған ақпарат пен хабарлама арасында жалғаны да жоқ емес. Қазір тек Қазақстанда емес, әлемнің барлық елінде дерлік дезинформациямен бетпе-бет келіп жататын тұстар көп. Сондықтан фактчек, шынайы ақпаратты талап ететін оқырман үшін әрдайым маңызды.

Әлеуметтік желіде ақпаратты кім және қалай таратқаны көрсетілмейді. Адам ақпараттың рас-өтірігін шынымен білгісі келсе, оны қазбалап іздейтініне күмәнім жоқ. Мысалы, factcheck. kz сайтында қарапайым адамдарға Google-дің көмегімен ақпараттың дереккөзін тексеретін құралдарды қолдану мүмкіндігі, жасырын әдіс-тәсілдері, оны қалай қолдану керектігі көрсетілген. Желіде тараған хабарламаларға бірден сенбей, ашық деректермен жұмыс жасап үйренген дұрыс.

Factcheck.kz жобасы 2017 жылдың мамырынан бастап Қазақстанда жұмыс істеп
келеді. Қазір әлемдегі 138 мойындалған медиажобаның қатарында. Factcheck.kz сайты қазақ және орыс тілдерінде ақпарат таратады. Кез келген адам өзінің материалын немесе өзі тап болған ақпаратты тексеруге ұсына алады. Сайттың аудиториясы әртүрлі жастағы оқырман. Күн сайын 40-50 мың адам оқиды.

Балалардың медиасауаттылығын арттыру үшін…

«Баланы – жастан» демекші, ақпаратты тексеріп, тұтынуды мектеп жасынан бастап үйреткен дұрыс. Балалардың медиасауаттылығын арттыру мақсатында Қазақстанда түрлі шара ұйымдастырылып жүр. Соның бірі – 9-11-сынып оқушыларына арналып жазған «Медиасауат» оқулығы. Сондай-ақ, Medianet Халықаралық журналистика орталығы жас тренерлер мектебін ұйымдастырып жатыр. Жобаның мақсаты – медиасауат бойынша жас медиатренерлерді оқыту. Internews ұйымы да оқушылар мен студенттерге арналған оқулықтар шығарып жүр. Дәл осы балалардың медиасауаттылығы мәселесіне келгенде мемлекет тарапынан жасалып жатқан шаралар өте аз екенін айта кеткен жөн.

Дана МАРАТОВА

«Ақ желкен» журналы, №11
Қараша, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз