Мұғалімдердің мәселесін бірінші рет жазып отырған жоқпыз. Осыған дейін «Оқушы мен мұғалімнің арасы жер мен көктей болмасын десек…»,
«Мұғалімдікі дұрыс» деген тақырыптарда мақала жазып, сауалнама жүргізгенбіз. Өйткені оқырманымыздың тең жартысы – мұғалімдер. Оқушыларының тырнақалды туындысын редакциямызға тапсырып, журналдың баспадан шыққанын асыға күтіп, оқушы мен редакцияның
арасында көпір болып жүрген де мұғалімдер. Бұл жолы да сол мұғалімдердің мәселесіне үңілдік. Жас мұғалімдер мен «қырық жылғы» педагогтерге сауал тастадық әрі болашақта қабылданатын «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы туралы да пікірлерін білдік.

1. Қазіргі замандағы педагогтың мәртебесі, сіздіңше, қандай болу керек?
2. Ұстаздық жолыңызда екі кезеңді де көрдіңіз. Кеңес өкіметі кезінде ұстаз тәрбиелеуде қандай ерекшеліктер болды? Ал бүгінде ұстаздар қалай тәрбиеленіп, оқып жатыр?
3. Педагог мәртебесі туралы заң жобасымен таныстыңыз ба? Алып-қосарыңыз бар ма?
4. Дегенмен педагогтарды психологиялық тұрғыдан қоғам бұрышқа қамаған сияқты. Басшылығы мен ата-аналардың қысымында қалғаны былай тұрсын, саяси науқандар, көше жұмыстарын мұғалімдерге артып қойғанымыз тағы бар. Соған қарамастан, педагог білімді, сабырлы, данышпан, қысқасы мінсіз болу керек. Тіпті киім кию стиліне дейін қатал қараймыз. Бұл қаншалықты дұрыс?
5. Оқушының білімді болуы мұғалімге байланысты ма? Әлде ата-аналар балаларын жіті қадағаламай ма? Бүгінгі ұстаздарға көңіліңіз тола ма?

Роза Қасымова , п.ғ.к., доцент:

Мұғалім қандай болса, мектеп те сондай болады

1. Меніңше, қазіргі педагогта әдістемелік шеберлік болу қажет және «жаңадан жаңаны» шығара білу қабілеті болған абзал. Педагог сабақ барысында өз пәнін жетік білетінін, оны оқушыға түсіндіру үшін түрлі тәсілін меңгерсе, педагогтың мәртебесі туралы сөз болмайтын еді.

2. Кеңес өкіметі кезінде біз мұғалімді қатты құрметтейтін едік. Ол кездегі мұғалімдер оқушыларға барлық күш-жігерімен білім беретін.

3. Бұл заң жобасы мұғалімнің мәртебесін жоғарылатады, ұстаздың қызметі, құзыреттілігі жаңа деңгейге көтеріледі.

4. Менің ұстаздық жолым жоғары мектепте болғандықтан, қысым көрген жоқпыз. Әрине, «ұстаз» деген ұлы есімге өзі лайық болса, ешкім қысым жасай да алмайды.

5. Әрине, оқушының білімді болуы ұстазға тікелей байланысты. Мұғалім қандай болса, мектеп те сондай болмақ. Яғни мұғалім білімді болса, ол мектептің оқушылары да білімді болады. ХХІ ғасырда жас ұрпаққа заман талабына сай білім беріп, жан-жақты дамуына ықпал ету мұғалімнен шығармашылық ізденісті, үлкен сұранысты талап етеді. Қазіргі білім беру ісінің басты шарттарының бірі – оқушының өзіне керекті мәліметті өзі іздеп табуы және олардың өз оқу траекторияларын таңдай білуі болып есептеледі.
Меніңше, оқытуды оқушының жеке тұлғасына бағыттау, ал оқыту әдістерін тұлғааралық қарым-қатынастарға бейімдесе, онда оқушының пәнге қызығушылығы артады, құлшынысы оянады, шығармашылық қабілеттері артады, тез ойлауға машықтанады. Осылайша білім сапасы артады және оқушылар өз бетімен жұмыс жасауға дағдыланады.

Айман Нұрғожанова , биология пәнінің мұғалімі:

Оқушының білімді болуы өзіне байланысты

1. Қай заманда да педагогтың мәртебесі жоғары болуы керек. Сонда оқушы да ұстазын қадірлейді.

2. Кеңес өкіметінде оқып, тәрбиеленген ұстаздардан білім алдым. Ол кездің
мұғалімдеріне жыл сайын білімін жетілдіру, шетел асып оқу мүмкіндігі болмаса да, тәрбиеміз жаман болған жоқ деп ойлаймын.

3. Педагог мәртебесі туралы заң жобасын оқып шықтым. «Өте жақсы» деген баға беру әлі ертерек. Бірақ педагогтың мәртебесі заңмен қорғалып, ережемен бекітіліп жатқанының өзі көңіл қуантады.

4. Педагог атына заты сай болу керек. Атына заты сай дегеніміз – білімді, сауатты, ұстамды, интеллектуал. Осындай педагог қана оқушыға дұрыс бағыт бере алады. Өзі мықты мұғалімге ешкім көше сыпыртқызып, күштеп сайлауға қатыстыра алмайды. Ал педагогтың киіну стилі туралы заң жобасында бір ауыз сөз жоқ. Соған қарағанда «педагог қырлы шалбар, біз тұмсық аяқ киім кию керек» деген жазылмаған заңдылық секілді.

5. Оқушының білімді болуы өзіне байланысты. Егер оқушы оқығысы келмесе, үй тапсырмасын орындамаса, мұғалім де, ата-ана да кінәлі емес. Мұғалімнің міндеті мектепте оқыту. Оқушының мектептен тыс өмірі ата-анасының қасында өтеді. Екі ортада жүрген бала оқығысы келе ме, әлде оған оқу керек емес пе, өзі шешуі керек. Өйткені ҰБТ-дан төмен балл алса мұғалім, университеттен кейін жұмыссыз қалса, ата-ана кінәлі болатын жағдайға жеттік. Қазіргі жас мұғалімдерге көңілім толмайды. Өйткені мұғалімдікке жүрек қалауымен келмегені көрініп тұрады.

Ғабит Дайынов , қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

Мұғалімдік ақша табудың, бала-шаға бағудың жолы секілді…

1. «Бір әріп үйреткенге қырық жыл сәлем бер» деген қазақтың сөзі ұстаздықтың деңгейін көрсетіп тұр. Яғни қоғамдағы ең жоғарғы мәртебе ұстазға тиесілі. Бірақ бұны түсініп, амал қылушы қауым сиреп барады. Ол дегеніміз қоғамның ғылым-білімге деген көзқарасының өте төменгі деңгейге түсіп кеткенін көрсетеді. Ал ғылымға деген немқұрайды көзқарас қоғамның дамуын артқа тартпақ. Ұстазға құрметсіздік – ғылымға құрметсіздік.

2. Кеңес өкіметі кезінде мектепке бармадым. Бірақ Кеңес өкіметінен шыққан
ұстаздардан тәлім алдым. Ол кісілердің өресінің, білімінің, тәжірибесінің деңгейі жайлы бүгінде айтылып жатқан әңгіме көп, әрине, жақсы жағынан. Сол кезде көшеде келе жатқан әкелеріміз ұстазын көргенде, көзіне түсіп қалмайын деп көше айналып жүруінің өзі ол замандағы ұстаздардың қадірінің бар екенін көрсетеді. Ал өзіміз жайында таңды таңға ұрып айтуға болады. Қазіргі кезде ұстаздың мәртебесі қоғамдық мәселеге айналды. Олай болуына мұғалімдердің өздері де себепші. Себебі көбі өз мамандығына селқос қарайды. Мұғалімдік тек ақша табудың, бала-шаға бағудың жолы секілді. Соның салдарынан мектептегі мұғалімдердің кәсіби, рухани деңгейі ауыз толтырып айтарлықтай деңгейде емес.

3. Педагог мәртебесі жайлы заң жобасымен таныспыз. Сырттай бақылап та отырамыз. Осы күнге дейін сан рет өзгеріп, сан рет қаралды. Нәтиже жоқ, бірақ болып қалар… Егер болып жатса, осы заң жобасына ризамын. Себебі ұстазға заңды түрде мәртебе беру бір бөлек, ұстаздың өз мәртебесін қалыптастыруы тіпті бөлек нәрсе. Заң жүзінде «мәртебелі педагог» болғаннан, өзің тапқан мәртебеге жеткен жақсы.

4. Осы күнге дейін өзгелер ұстаздан үлгі алатын. Қоғамның ұстаздарды тығырыққа тіреп отырғаны да осы. Яғни олар мінсіз тұлғаны көргісі келеді. Сөйтіп, балаларының да ұстаздар секілді мінсіз тұлға болып қалыптасқанын қалайды. Ал мұғалімдердің сол талапқа сай келмеуі – үлкен мәселе. Бұл мәселені үкімет те, директор да, ата-ана да шешіп бере алмайды. Оны тек ұстаздың өзі ғана шешеді. Көше аралау, көше тазалау, саяси науқанға қатысу, жалақысынан күштеп газет-журналға жазылу мұғалімнің негізгі мақсаты емес екенін түсінбейінше, оған өздері тойтарыс бермейінше, мәртебелі бола алмайды. Қанша жерден заңмен бекітіп берсе де…

5. Оқушының білімді болуы мұғалімге де, ата-анаға да қатысты. Мектепте берілген білімді үй тапсырмасын орындау арқылы оқушы пысықтайды, санасына сіңіреді. Себебі мұғалім 40 минутта 20, 30 оқушыны қадағалап, түсінгенін анықтап шығуы мүмкін емес. Ал ата-ана үйде үй тапсырмасының орындалу барысын қадағалауы керек. Бірақ, бүгінгі күні оқушылар тек бір-жақты ғана қадағалауда. Оған екі себеп бар: біріншіден, елдегі әлеуметтік жағдайдың төмендігі. Ата-ананың балаларын асырау үшін күні бойы жұмыста жүріп, үйіне тек қонарға ғана келетіні. Екіншіден, жаңа қабылданған оқу
бағдарламасына ескі жүйемен оқыған ата-ананың өресінің жетпеуі. Осы екі мәселенің салдарынан мектеп пен ата-ана арасындағы қатынас үзілді.

Шыны керек, ұстаздарда адамгершілік ұстаным жетіспейді. Бүгінгі ұстаздар
қорқақ, жалтақ, ынжық. Көпшілігі осы аталған мінездерін қоғамдағы әділетсіздікпен бүркемелегісі келеді. Айтуынша, мына қоғамда әділеттік орнатып, тәртіппен жүру мүмкін емес дейді. Бірақ, 10 жылдық педагогикалық тәжірибемде көше тазалап, көше аралап, керексіз газет-журналға жазылған емеспін. Сондықтан педагог мәртебесінің қалыптасуына заңның көмегі шамалы.

Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері:

Мұғалімге м ртебе мен абыройды ешқандай заңмен бекітіп бере алмайсыз…

1. Мәртебені сұрап, абыройды сатып алу мүмкін емес. Мұғалім абыройлы болу үшін не істеу керек? Бүгінгі жаңалық ертең ескіріп, технология жылдам дамып жатыр.

Сондықтан өмір бойы үздіксіз білім алатын заман туды. Мұғалім ертеңгі сабаққа дайындалу барысында, сабаққа қатысты оқушылар тарапынан қойылуы мүмкін тіпті жанама сұрақтардың өзіне дайын болуы шарт. Мұғалімнің бір міндеті тәрбие беру екенін ескерсек, мұғалім өз пәні мен педагогикадан өзге диалектика, метафизика, философия, психология, риторика, социология секілді ғылымдарды меңгерген интеллектуал болуға міндетті. Сонда ғана мұғалім мәртебелі де, абыройлы болады. Мұғалімге мәртебе мен абыройды ешқандай заңмен бекітіп бере алмайсыз.. Ол азаматтың өзінің білім-білігі мен жеке азаматтық ұстанымына қатысты дүниелер.

2. Кеңестік білім жүйесі туралы жақсы нәрсе айта алмаймын. 1970 жылдардың өлшемімен алсақ, ұстаздарымыз жаман болған жоқ. Талабы мен қабілеті бар балаларға білгендерін үйретті. Дегенмен, арамыздағы қағілездеу балаларды сабақ үстінде сұрап алып, арақ пен темекіге жұмсай салу үйреншікті нәрсе еді. Түс ауа кейбір ағайларымыздың бірін-бірі сүйемелдеп, тілдері күрмеліп тұратынын ешкім сөкет көрмейтін. Оның үстіне өзге өңірді қайдам, ал мен өскен оңтүстікте оқу жылы 9 ай болса, оқушылар соның кемі 4 айын ауыл шаруашылығы жұмысында өткізетін. Мақта, алма-жүзім, қызылша жинайтын, арамшөбін отайтын.

3. Меніңше, қабылданғалы жатқан «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасында мұғалімді қорғайтын бап жоқ. Керісінше, мұғалімді тұқыртып ұстаудың жаңа бір тетігі жасалып жатқан секілді. Мәселен, осы заңның 5-бабында айтылған мұғалімнен ант алуды алайық… Министрліктегі біреу-міреудің Гиппократ секілді тарихта қалғысы келіп жатқанынан аман ба? Осы баптың 2-тармағына назар аударыңыздар. «Педагогикалық әдеп қағидаларын білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітеді» деп тұр. Әлгі уәкілетті орган «Мұғалім қабылданған заң мен білім беру мекемесінің жарғысын мүлтіксіз сақтауы тиіс» деп, мектеп жарғысына «Мектеп қабырғасында болып жатқан жағдайларды жариялауға тек педкеңес қана құзіретті» деген секілді бап енгізіп жіберсе, мұғалімдер осы көрген
күніне зар болып жүрмей ме? Ал өзге баптары сылдыр сөз деуге болады. «Заңмен тыйым салынбағанның бәрін жасауға болады» деген қағида бар. Мәселен «Педагогты міндетіне жатпайтын жұмыстарға тартуға жол берілмейді» дейді. Жол берген басшыға қандай шара қолданылады? Ол жағы нақтыланбаған.

4. «Мектеп қоғамның кішкентай моделі» деген қағида бар. Демек, қоғамдағы бар келеңсіздік мектепте де көрініс табады. Білім басқармаларын тікелей министрлікке бағындырмай, науқандарға жегу тыйылмайды. Ал киім кию жағына келсек, егер мұғалім жоғарыда айтқанымдай интеллектуал болса, оның киіне білетін талғамы да болғаны деп ойлаймын. Сарбаздар секілді униформада жүру міндет емес. Дегенмен, белгілі бір үлгіні сақтауға тырысқан жөн. Ер мұғалімдер кәдімгі костюм кисе, ал қыз-келіншектер бастысы денемен дене болып тырысқан киімнен аулақтау болғаны жөн деп ойлаймын.

5. Бүгінгі күні біздің азаматтарымыздың бойында бір масылдық психология берік орын алды. Мен мемлекетті ақтағалы отыр деп түсінбеңіздер.. Қалай болғанда да, баласының болашағы үшін ең алдымен ата-ананың жаны ауыруы керектігі өресі бар адамға айтпаса да түсінікті. Ал біздің ата-аналар білім берумен қатар тәрбие, оқулық және тағы басқа мәселелерді мемлекеттің мойнына арта салды. Тіпті тоқсанда бір болатын ата-аналар жиналысына бас сұғуды қойды. Бар болғаны 5-6 ата-ана келуі мүмкін, одан артығын жалынып келтіре алмайсың. Сөйткен ата-ана, баласының бойындағы Құдай берген қарым-қабілетін елеп-екшемей, жазушы М.Байғұт айтқандай, «Беретінін беріп жіберіп», «бағаны» сатып әпергісі келеді, мектеп бітіргенде, жоғары мектепке сүйрейді! Беретіні өтпей қалса, мектепті жамандап шыға келеді… «Кім болғың келеді?» деген сұраққа, «полицей болғым келеді» деп жауап берген 9-сыныптың бір оқушысынан, әлденеден үміттеніп, «неліктен полицей болғың келеді» деп сұрадық. Бірақ, үмітіміз ақталмады! Бұл әңгімені бала қайдан естіді? Ең нашар деген мұғалімнің өзі балаға «левыйы көп мамандық жақсы» деп үйретпейтіні белгілі. Яғни баланың отбасында көргені мен мектепте алған тәлім-тәрбиесі қабыспай жатыр. Осыдан-ақ құндылықтардың орны ауысқан мына заманда кейбір отбасылардың балалары үшін кімнің «идеал» екенін өздеріңіз саралай беріңіздер.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Шымкент қаласындағы ең беделді оқу орнының Мемлекеттік аттестациялау комиссиясына мүше болдым. Болашақ тарихшы мен археологтар алдымыздан өтті. Сонда бір аңғарғаным, «Тарих пәнінің мұғалімі» деген мамандыққа ылғи мектепті сүйретіліп әзер бітіргендер түседі екен. Олармен салыстырғанда, «Археология» мамандығын бітірушілердің білімі ғана емес, жалпы өмірге, дүниеге деген көзқарасы мүлдем өзгеше! Бұл да ойланатын жағдай! Мұғалімге сыйлық беру жайына тоқтала кетейік!

Сыйлық беру, алу жақсы нәрсе, бірақ, ол туыс-бауыр, дос-жаран, құда-жекжат, көрші-көлем арасында болса ғана. Ал мұғалімге сыйлық ұсынудың ар жағында «Мен саған, сен маған» деген «тауар-ақша қатынасы» «құлағын қылтитып» тұрады. Кейбір ата-аналардың, мұғалімді «жолдан тайдырудың» ешқандай әдісінен жиіркенбейтіні жасырын емес. Былай шыға, бар мұғалімді қаралап «аттандап» шыға келетіндер де солар. Мұғалім де адам баласы, қоғамның бір мүшесі. Оның да басқалар сияқты толып жатқан материалдық проблемалары жетерлік. Жасыратыны жоқ, ұстаздардың арасында да аракідік өз нәпсісін тежей алмай «алтын көріп, жолдан тайып кететін, періштелер» кездесіп қалады. Дегенмен, оншақты жылдан бері мұғалімдер құқығын қорғаумен айналысып келе жатқан құқыққорғаушы мұғалім ретінде мемлекетте саяси реформа жасалмай, бір салада реформа жасау мүмкін еместігіне көзім жетті.

P.S. «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы 2020 жылы қабылдану керек және оған дейін кем-кетігі толықтырылу керек», – деген мәжіліс депутаты Ирина Смирнованың сөзі аталған заң жобасының әлі де шикі екенін көрсетеді. «Жұмысы көп, жазалықысы аз мұғалімдерді сенбілікке, сайлауалды науқандарға жұмсамай, қолбала жасаудың қажеті жоқ. Заңсыздыққа барғандарды 20-дан 120 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлеуі керек» деген ұсынысын қоса айтты депутат. Мұғалімдердің сенбілікке шығып, сайлауда «белсенді» болғанын қалайтындар да бар екен. «Бұл – патриотизм» депті. Бұл тақырыпқа заң жобасы ресми қабылданған күні қайта айналып соғамыз.

Дайындаған Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

«Ақ желкен» журналы, №11
Қараша, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз