Əлемде мың түрлі мамандық бар. Колорист – солардың бірі. Жақында танысқан
Ерланның мамандығы мені қатты қызықтырды. Ерлан Танаев – видео монтаждаушы, киноколорист. Танымал əнші Jah Khalib-тың «Медина», Элджейдің «1love», Qonyratbay Fam тобының «Бір əн салам» клипінде, продюсер Нұртас Адамбайдың «Құдалар» фильмінде колорист болған. Бұл саламен айналысып жүргеніне бес жылдан асыпты. Колорист – түстерді ұтымды қолданудың маманы. Ерлан аға мамандығының құпиясымен бөлісті.

– Бала кезде мультфильм көріп, комикс сурет салған ұнайтын. Қ.Сəтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінде аспап жасау мамандығын бітірдім. Екінші курс оқып жүргенімде техникалық сала мені қызықтырмайтынын түсіндім. Бірақ оқуды тастаған жоқпын, мақсатым диплом алу болды. Бос уақытымда ұнайтын іспен айналысамын деп өзімді жұбататынмын. Жүрегім шығармашылыққа жақын болғандықтан, орнымды өнер саласынан іздедім. Көп ұзамай музыкалық бағдарламаға монтажер болып жұмысқа орналастым. Бағдарламаға арналған мұқабаларды өзгерту арқылы бірте-бірте компьютерлік графиканы игеріп алдым. Содан кейін «Аникей» компаниясына қабылдандым. Ол жерде тоғыз жылдай жұмыс істедім. Сол кезде монтаждың қыр-сырымен таныстым.

Қазір фрилансермін. Колористикаға жұмысым деп емес, сүйікті ісім деп қараймын. Мен режиссерге, операторға, продюсерге көмектесемін. Біздің мамандықтың тілін кино суретшісі жақсы түсінеді. Колорист сценарист жəне редактормен байланыста болу керек. Бірақ колорист үшін суретшімен əрбір детальды шешу маңызды. Оған сценарийді диалогсыз-ақ түсіндіруге болады. Кейде режиссер колорист үшін уақыт бөледі. Мысалы, «Бұл сахна қызыл түсте болуы керек» немесе «Мұнда жылы түстерді көбірек қосамыз» деп идеясымен бөліседі. Фильмді қабылдау үшін кинодағы түстің атқаратын рөлі зор. Əр кадрдағы түс көрерменге психологиялық көңіл-күй береді. Ол эстетика үшін өте маңызды. Түс арқылы сөзбен айтылмаған нəрсені жеткізуге болады. Кей сəттерде түс адамға психологиялық қысым ретінде, ал екіншісінде сезімді беру үшін қолданылады.

Менің өнердегі ұстазым – Юрий Жегалин жəне Кирилл Клочков. Олар маған əр түсті «сезінуді» үйретті. Қарапайым адам көзі шамамен 100 реңкті қабылдайды, ал теориялық тұрғыдан мыңнан астам түсті көруге қабілетті. Ал кəсіби колористер 150-200 түсті ажырата біледі. Режиссерге кадрдағы экспозицияны қадағалау керек болғандықтан, түстегі өзгерістерді қарап отыру қиындық туғызады. Ондай кезде көмекке колорист келеді. Кино саласындағы колорист түсті, жарық пен көлемді күшейту немесе əлсіретуді жақсы біледі. Мені Ричард Муссенің KodakAerochrome кинотуындысы шабыттандырады. Оны 60-80-жылдардағы əскери адамдар жергілікті топология үшін пайдаланған. Ричард жасыл спектрді қызылға бояған. Түстер үйлесімімен қатар, контраст маңызды.

Бұл динамика фильмнің эмоциясы мен сезімін анықтайды. Табиғаттың барлық түсін сүйемін. Көктің, оттың, теңіздің, жердің түсі ұнайды. Көрерменге де табиғи түсті қабылдаған оңай. Ал улы неон түстерін ұнатпаймын. Олар жасанды көрінеді. Кинодағы колористің жұмысын байқау қарапайым көрермен үшін өте қиын. Арнайы жабдықталған кинотеатрда олардың жұмысы ерекше байқалады. Ал теледидардан қарау мүлде басқа. Америкалық көрермен киноны теледидардан көргеннен гөрі, кинотеатрға барғанды ұнатады. Америкада колорист маманына сұраныс жоғары. Ал Қазақстанда киноөндіріс енді дамып жатыр. Болашақта колорист мамандығына сұраныс артатынына сенемін, – дейді Ерлан.

Ақерке
ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ,
«Ұланның» жас тілшісі.

«Ұлан» газеті, №48
26 қараша 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз