Биыл «Болашақ» бағдарламасына 26 жыл. «Болашақ» Президенттік стипендиясы алғаш рет 1993 жылы қарашада Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен тағайындалды. 26 жыл ішінде «Болашақ» бағдарламасы арқылы 13636 маман əлеуметтік-гуманитарлық, инженерлік-техникалық, медицина, шығармашылық мамандықтары бойынша шетелде білім алып келді.

«Жырақтан білім іздесең…» айдарының бүгінгі кейіпкері – білім беру саласының
ерекше бағытын меңгеріп жүрген Ақерке Бексұлтан. Инклюзивті білім беру бойынша Ұлыбританияның Бирмингем университетінде білім алып жатқан Ақеркемен шетелдегі білім жүйесі туралы əңгімелестік.

– Аты-жөнім – Ақерке Бексұлтан. 1996 жылы Қызылорда қаласында үлкен əулетте дүниеге келдім. Əкем – жеке кəсіпкер, анам – мұғалім. Үйде əжемнің ықпалы көп тиді. Əжемнің арқасында жастайымнан зерек болдым. Білері, көргені көп кісі еді. Үйдің тұңғышы болған соң жауапкершілікті сезініп өстім. Артымнан ерген төрт бауырым бар, – деп бастады əңгімесін Ақерке.

– «Болашақ» бағдарламасына дейін қайда оқыдыңыз? Жұмыс тəжірибеңізді де
бөлісе отырсаңыз.

– Бакалавр дəрежесін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті филология факультетінде «Аударма ісі» мамандығы бойынша алдым. Университет қабырғасында жүріп те, бітіргеннен кейін де мамандығым бойынша аудармашы болып жұмыс істедім. Жазбаша аудармадан бөлек, киноаудармаға қызығатынмын. Сол қызығушылығымды «Жетінші арна» телекомпаниясында дамытып, қабілетімді ұштай түстім.

Алайда, уақыт өте басқа салада да бағымды сынап көргім келді. Оған себеп – білім саласындағы өзекті мəселелер. Əсіресе, əлі нақты жүйеленбеген инклюзивті білім беру саясатына қызықтым. Бала күнімнен қоғамдағы мəселелерге бей-жай қарай алмайтын əдетіммен инклюзивті білім беру саласына өз үлесімді қосайын деп тəуекел етіп, шет елде оқуға түсуге бел байладым. Қазір Ұлыбританияның Бирмингем университетінде магистр дəрежесіне оқып жатырмын.

– «Болашақ» бағдарламасымен оқуға түсу үшін не істеу керек?

– Шет елде оқу ақысы қымбат. Бір жылдық оқу ақысы отандық оку орындарынан 15 есе жоғары. Мұны бəрінің қалтасы көтере бермейтіні айтпаса да белгілі. Сондықтан «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқу тиімді деп шештім. Алғашында талаптары қиын көрінгенмен, еңбектенген адамға бəрі мүмкін екен. Жоғары білімі бар, ағылшын тілін меңгерген, мақсаты айқын кез келген адам «Болашақ» шəкіртақысының иегері атана алады. Конкурс 4 кезеңнен тұрады. Оның талаптары туралы ақпарат қолжетімді. Ең қиыны – еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған озаттарды іріктеу үшін таңдап алынған эксперттердің сынағынан өту.
Негізі бəрі өзіңіздің жігеріңізге байланысты.

– «Болашақ» бағдарламасының басымдығы туралы айтып берсеңіз.

– «Болашақ» – өте тиімді бағдарлама. Неге дейсіз бе? Бірнеше себебі бар:
1. Cіздің оқу ақыңызды толығымен төлейді.

2. Айлық шығыныңызды өтейтін көлемде шəкіртақы береді.

3. Стипендиат атануға дейінгі жəне одан кейінгі процестерге кеткен шығындарды да өздері өтейді.

4. Жылына екі рет оқулық сатып алуға ақша аударады.

5. Жыл бойы сізбен тығыз байланыста болып, керек жағдайда қолдау көрсетеді. Жастарына осындай қамқорлық жасайтын бағдарлама бойынша білім алған кез келген маман елі үшін адал қызмет етеді деп сенемін.

– Өзіңіз оқып жатқан университет пен отандық университеттегі білім жүйесінде
қандай айырмашылықтар байқадыңыз?

– Əрине, айырмашылық бар. Басты үш айырмашылыққа тоқталып кетейін:

1. Шетелде алған біліміңізді көрсетудің жолы өзгеше. Мұнда сіздің қанша кітап оқып, қандай ақпарат жинағаныңыз маңызды емес. Сол ақпаратқа қатысты қағаз бетіне түскен сыни пікіріңіз бағаланады. Яғни, студент кез келген теорияға скептик ретінде қарай алуы керек.

2. Университеттегі көп уақытыңыз лекция, семинар, профессорлармен емес, өздігінен білім алуға кетеді. Семестр ортасында бір апта толығымен өздігінен оқуға беріледі. Мұндайда желкедегі жалқаулықты жұлып тастап, іске кірісу керек.

3. Үшінші ерекшелік – бұл жақта көшіру үлкен қылмыс саналады. Плагиатқа жол берілмейді. «Еңбек – бəрін жеңбек» деген сөздің растығына көз жеткізетін жер.

– Шет елде білім алудағы мақсатыңыз не? Өзіңіз біліп алып жатқан сала бойынша
Қазақстанда нақты нені өзгертуді немесе дамытуды қалайсыз?

– Мен қызығушылық танытып отырған сала Қазақстанға қарағанда, шетелде жақсы тəжірибеден өткен. Мұнда инклюзивті білім беру саясаты толығымен жүзеге асырылып жатыр. Мендегі мақсат – шетелдіктердің тəжірибесіне сүйене отырып, өзімізге жаңашыл идея əкелу, мəселеге жаңа қырынан қарау. Елімізде инклюзивті білім беру мəселесінің қозғалып жатқаны қуантады, əрине. Бірақ бұл жүйені толық енгізу үшін кедергілер де бар. Олар – білікті мамандардың жетіспеуі, ерекше оқытуды талап ететін оқушылардың қажеттілігін қанағаттандырып, ел қатарлы сапалы білім алуына мүмкіндік беретін жүйеленген сабақ жоспарының жоқтығы жəне қоғамның мұндай өзгерістерге дайын еместігі немесе қабілеттері өзге жандарды қабылдай алмауы. Мен қазір
алып жатқан білімім арқылы халықаралық контексте сай инклюзивті мектептер мен оқу орындарына арналған оқу жоспарын дайындағым келеді.

– Қазақстан шет елден, ал олар қазақтардан не үйрену керек деп ойлайсыз?

– Шет елден үйренеріміз көп. Ең алдымен адалдық, қоғам мен табиғатқа деген жанашырлық, білім-ғылымға құлшыныс, ізденісті үйрену керек. Шет елде материалдық нəрселерден гөрі моральдық құндылықтарға басымдық беріледі. Əрине, менталитет тұрғысынан айырмашылық болуы заңды құбылыс. Маған ұнағаны –гуманистік тəрбиенің басымдығы. Ал қазақтардың басты артықшылығы – қонақжайлығы мен дархан көңілі.

– Əңгімеңізге рақмет!

Дана МАРАТОВА

«Ұлан» газеті, №48
26 қараша 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз