Жастар жылы жастарды жаңа қырынан ашуға мүмкіндік берді. Жақында көшбасшылығымен, терең білімімен танылған Сайра Амантаевамен сұқбаттастым.
Ағылшын, француз тілдерін жетік меңгерген, бірнеше елде тəжірибесін жетілдіріп келген ол Ресей, Грузия, Оңтүстік Корея, Армения, Əзербайжан, Түркия, Қытай
секілді елдерде болып, жақында ғана Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығы» басшысының орынбасары лауазымына тағайындалды.

– Ата-анам бала кезімнен бойыма жауапкершілік, тиянақтылық деген жақсы қасиеттерді дарытып өсірді. Мектепте үздік оқуға тырыстым. Үлкен мақсаттар қойдым. KIMEP-те оқыдым, қосымша ҚазҰУ-да PR мамандығын алып шықтым. Қазақстандағы шетелдік компаниялардың бірінде еңбек жолымды бастап, түрлі ақпарат құралында қызмет еттім. Қазақстанда бірегей «Волонтерлар лигасының» негізін қалап, жастарды жанашырлық деген жақсы қасиетке баулыдым, – дейді Сайра ханым.

– Қазіргі қызметіңіз жастармен тығыз байланысты. Жастармен жұмыс істеудің артықшылығы неде?

– Жастармен жұмыс істеу – үлкен жауапкершілік. Олардың бойында алапат күш бар. Ол күшті дұрыс мақсатқа бағыттау – біздің міндетіміз. Жастарды түрлі əлеуметтік жобаға тартып, жан-жақты дамуға мүмкіндік беру керек. Осы міндеттерді мүлтіксіз орындау үшін барымды саламын.

– Шетелге жиі барады екенсіз. Басқа елдегі жастардың мүмкіндігін қалай бағалайсыз?

– Бүкіл əлемдегі жастардың мүмкіндігі тең. Айырмашылығы қоршаған ортасы болуы мүмкін. Дамыған мемлекеттерде жастардың ақпаратқа қолжетімділік деңгейі жоғары. Сондықтан олар біздің жастарға қарағанда таңдау еркіндігіне көбірек ие. Біз сол жастардың даму жолын таңдадық. Ерте ме, кеш пе, біздің жастарымыз да сондай мүмкіндіктерге ие болмақ. Біз де заманнан артта қалып кетпеуіміз керек.

– Сіздің ойыңызша, жастардың бос уақытын қалай ұйымдастыру керек?

– Барлығы адамның өз қолында. Егер ол кемел адамға айналғысы келсе, өзін жан-жақты дамытқаны жөн. Дəстүрлі білім, кəсіби біліктіліктен бөлек, адам өзін Soft skills тұрғысында да дамытуы керек. Бұл – шешендік өнер, тіл білу, психологияны меңгеру, қосымша қандай да бір біліктілікке қол жеткізіп, нарықта бəсекеге қабілетті болу деген сөз. Сондықтан да жастар бос уақытында түрлі кітап оқып, тренингтерге қатысып, қандай да бір деректі фильм көріп, волонтерлік қызметпен айналысуына болады. Өзгелерге көмектесу өзіңе де пайдалы. Өйткені волонтерлік адамның сан түрлі қырын ашуға ықпал етеді.

– Алдағы жоспарыңыз қандай?

– Adaldyq alany жобалық офисімен ынтымақта адалдық дүкенін ашуды, сыбайлас
жемқорлыққа қарсы акциялар өткізуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, белсенді жастарға көмек көрсету үшін депутаттық корпус құрамыз. Жастар арасында суицид пен құқық бұзушылықтың алдын алу үшін психологиялық тренингтермен аудандарды аралаймыз. 2020 жылға дайындық шеңберінде еріктілер лигасын ұйымдастыру да жыл соңына дейін іске асырылады. Жас кəсіпкерлерді жеңілдікпен қаржыландыру бойынша кредиттік ұйымдармен ынтымақтастықты кеңейтеміз. «Жастар жылының» жабылу форумын өткіземіз. НЗМ, American space, British council жəне Француз альянсымен ынтымақтастық орнатамыз. Мұның бəрі биылғы жылдың еншісінде. Келесі жылға жаңа жоспарларымыз бар.

– «Ұландық» оқырманға айтар жылы лебізіңіз…

– «Ұландық» жас оқырманның заман көшінен қалмайтын зияткер болып өсуін тілеймін. Жастарымыз отансүйгіштік қасиетті бойларына дарытып өссе, елін-жерін, салт-дəстүрін құрметтесе, ел ертеңі кемел, ынтымағы берік болмақ. Оқырманыңыздың қатары көбейіп, білімді де білікті жастардың көшін бастай берсін.

– Əңгімеңізге рақмет!

Алтынай
БАУЫРЖАНҚЫЗЫ

Ұлан» газеті, №48
26 қараша 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз