Балалар, халық арасында «Үш арыс» атанып кеткен Сәкен, Ілияс, Бейімбет аталарыңның еліміз тарихындағы алатын орны өте ерекше. Бір жылда өмірге келіп, қолдарына жарыса қалам алған олардың аңсаған армандары да, діттеген мақсаттары да бір еді. Үшеуінің талайына жазылған тағдырлары да өте ұқсас болатын. Үшеуі де қазақ елінің жарқын болашағы үшін жанқиярлықпен күресті. Үшеуі де ХХ ғасырдың басында қазақтың жаңа әдебиетін жасауға өлшеусіз үлес қосты. Олардың қалам тербемеген жанры жоқтың қасы. Поэзия, проза, драматургия, сын, әдебиеттану салаларында еңбек етті. Оқулықтар жазды.
Қазақ балалар әдебиетінің негізін қалауға атсалысты. Үшеуі де бір
жылда жазықсыз жала жабылып опат болды…
Биыл жыл басынан бері олардың туған жерінде – Қарағанды, Қостанай, Талдықорған өңірлерінде 125 жылдық мерейтойлары аталып өтті. Бұл той жыл соңына дейін жалғаса бермек. Үш арыстың мерейтойлары еліміздің астанасында, Алматы қаласында да аталып өтіледі. Біз де осы үлкен тойға үлес ретінде журналымыздың осы санында үш арыстың өздеріңе арналған туындыларын ұсынып отырмыз.

Бөл-бөл, бөбек, бөл, бөбек,
Бөлейін бері кел, бөбек.
Бедерлі бесік, төрт есік,
Төгілте салдым төр төсек.
Бөпешім, бесік – отауыың,
Отауыңа кір, бөбек.

Бөл-бөл, бөбек, бөл, бөбек.
Бүлдіршін шүшмек бәйтерек,
Балалы үйрек, бас бармақ,
Кішкене бөбек, бес бөлек.
Саусақайы салбырап,
Бөлене қойсын қос білек.
Бөл-бөл, бөпем, бөл бөпем;
Бөлесем, жөнге көн, көкем.
Көк ала жылқы көлде екен,
Көк ала тайың сонда екен.
Торсығыңды тосайын,
Тұмсық төсей cop, көкем.

Бөл-бөл, бөпем, бөл, бөпем.
Бөлейін бері кел, көкем.
Жұлдызыңды жұм, көкем,
Жуынып ерте тұр, ббпем.
Алшая атқа мін, бөпем.
Ақтан қара біл, көкем.
Бөл-бөл, бөбек, бөл, бөбек.
Бөріден бөстек ки, бөбек,
Ерінбей еңбек ететін,
Еліңе бол елгезек.
Елгезек болсаң иісін
Ендеше саған екі емшек.
Бөл-бөл, бөбек, бөл, бөбек.
Бөгелмей білім біл, бөбек.
Білмесең білім бекерсің,
Бет алдыңа кетерсің,
Елге есті ер керек,
Ер жет! Есей ертерек.

«Балдырған» журналы, №11
Қараша, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз