Түлкі бұлаңға салынған мына заманда баланы қай бағытқа баулимын, қай өнерді үйретпек ләзім деп қиналған ата-ана көп-ақ шығар. Оны баланың қарым-қабілетінен көре жатар. Бірақ қазақ баласының қанымен ілесе келе жатқан бір қабілет бар. Ол – сөз өнері, шешен сөйлеу. «Тіземнен сүріндірсең – сүріндір, тілімнен сүріндірме» деген өз бабамыз. Сөзге жүйрік биі мен шешенін төрге оздырып отырғанымыз тағы бар. Ал бүгін сөз зергерлерін қалай тәрбиелеп, қандай құрметке бөлеуіміз керек?! Тіпті шешендік өнердің жаңа ғасыр ұрпағына қажеті бар ма деп ойлауыңыз да мүмкін ғой. Әлбетте, ой өзіңіздікі. Ал өткенде Алматыдағы Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды
балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатында өткен шараны көрген болсаңыз, әлгі ойыңыздан айнып қалар едіңіз. Бұл мектепте осымен екінші рет республика көлемінде «Ділмар» шешендік өнер байқауы өтті. Байқауды өткізуді ойластырған да, мұрындық болған да «Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қоры». 10 облыстан келген 38 оқушы үш айналым бойы ауыздықпен алысып, мәреге бәрі бірдей ұмтылды. Бірінші айналымда би-шешендер мен ақынжыраулардың сөздерін жалғастыру шарты қойылды. Екінші кезеңде тұрақты сөз тіркестері, одағай, мақал-мәтелдерден берілген сөздерден сауатты сөйлем құрау жүктелді. Ал үшінші кезеңде екі оқушыдан шығып, таңдалған тақырып бойынша сөз таластыру сынына түсті. Бұл кезеңде қатысушылар қыза түсті. Бірі «тиісе» сөйлегенде екіншісі қарап қалмай, бабадан қалған сөзді беткеұстар қылып, орамды ой айтуға тырысып бақты. Жоғары оқу орындарында осындай дебаттар дүрк көтеріліп жатушы еді. Оқушылар да осы дәрежеден кем түспей сөз таластырды. Ұйымдастырушы тарап ұсынған тақырыптар да ең өзекті, адамның жанын шымшып тұрған сұрақтар екен. Айтпақшы, үшінші айналым басталар тұста Қостанай облысынан келген топ рұқсат сұрап, жеребеден тыс шықты. Яғни осы кезеңнің басында бәрі бірдей қатысты да, жолға буынып-түйіне берді. Себебі, Қостанайға баратын пойыздың жүру уақыты түс ауа екен. Олармен қош айтысып, байқауды жалғастыра бердік. Кейде 8-сынып пен 11-сынып оқушысының сөз таласы болды, кейде құрдастар да кезігіп қап жатты. Ұл мен қыз тәрбиесі тақырыбын таңдаған екеу 5 минуттың ішінде қызына сөйлеп барып тоқтады. Әрине, қазылар алқасы мұның бәрін жіті қадағалап, ұпайларын жазып отырды.

Сонымен кеш қорытындысында 5 оқушыға ынталандыру сыйлығы ретінде 10 000 теңгеден берілді. 3-орын алматылық Бектұр Мерейге, Әшілбекова Розаға, шымкенттік Жәдігероваға Гүлсәнға бұйырды. Бұларға 20 000 теңгеден тағайындалды. 30 000 теңгелік 2-орын Қызылорда облысынан келген Балтабаева Ардақ пен Ақтөбе облысынан келген Кәдірбай Марғұланға бұйырды. Ал 1-орынға кеш өтіп жатқан мектептің оқушысы Дәулетбек Думанды лайық деп танып, 40 000 теңге тапсырды. Алда әлі бас жүлде бар екен. Қазылар алқасының төрағасы бас жүлде иегерін атағанда оңды-солды бұрылған мойындар иесін таппай қалды. Орнынан көтерілген ешкім болмады. Сөйтсек, бас жүлде иесі қостанайлық оқушы екен. «Е, олар пойызға асығып кетті ғой», – десті осы кезде бәрі. Сөйтіп, бас жүлде Досымханова Аякөзге бұйырды. Басты орынға 50 000 теңге тағайындалыпты. Мұны естігенде Қостанайға бара жатқан пойыздың іші мәре-сәре боп қалған шығар…

– Биылғы байқаудың былтыр өткен байқаумен салыстырғанда бірқатар жаңалығы, жаңа талаптары бар. Әрине, келесі байқауларда жаңа сипатта көріне береді деп ойлаймыз. Шешендік өнер – қазаққа ғана тән, басқа ұлттарда сирек кездесетін өнер. Қазылар алқасының құрамында болып, мүмкіндігінше әділ шешім жасауға тырыстық. Өйткені байқауда мүмкіндігін көрсеткен балалардың бәрі жүлдеден көрінді. Әділ бағасы берілген байқау болды деп есептеймін, – дейді қазылар алқасының төрағасы, академик Марат Тоқашбаев.

– Сөз өнерін дамытуға, сөздің күші мен құдіретін, оның қоғамдық әсер-ықпалын арттыруға бүкіл халық болып, арғы замандардан бері атсалысып келе жатқанымыз белгілі. Сол үрдісті жалғастыру үшін де осындай байқау ұйымдастырдық. Бұл байқау оқушыларды шығармашылыққа, шапшаңдыққа, ерекше ой қызметін меңгеруге, өзгеше қабілет-қасиетке ие жаңа адам болуға бағыттауға мұрындық болады деп ойлаймын, – дейді мектеп басшысы Роза Сексенова.

Байқау жыл сайын өтіп тұрмақ. Мұндай байқаудың бір емес, бірнеше рет өтіп тұрғанын дұрыс деп таптық біз де. Себебі баланы мәдениетті, шешен сөйлеуге, көркем ойлауға үйрететін, сөздің қадірін ұғындыратын байқаудың қатарын неге көбейтпеске?!

Асылан БІРЖАНҰЛЫ

«Ақ желкен» журналы, №11
Қараша, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз