Журналымыздың бір жыл бұрынғы санында Қытайды шулатқан «Қазақ жауынгері» лақап атымен танылған боксшы Елшат Нығметоллаұлы туралы
жазған едік. «Алаштың абыройын асқақтатудан асқан арманым жоқ» деген спортшы азаматтық алып, жақында ғана Қазақстан атынан алғашқы жекпе-жегін өткізді. Әлемдік рейтингте 28-орында тұрған, бірнеше рет әлем чемпионы атағы
үшін жұдырықтасқан филиппиндік боксшыны жеңген Елшатпен сұқбаттасудың сәті түсті.

– Азаматтық алу қиын болды ма?

– Елге келудегі басты мақсатымыздың бірі азаматтық алып, Қазақстанның намысын әлемдік аренада абыроймен қорғау еді. Аллаға шүкір, арманымызға біртабан жақындадық. Шыны керек, азаматтық алу оңай болған жоқ. Қаншама қиындық туғанына қарамастан азаматтыққа үш-төрт ай жүгіріп, қол жеткіздім.

– Жақында ғана Қазақстан атынан алғашқы жекпе-жегіңді өткіздің. Дайындығың қалай болды?

– Шыны керек, осыған дейін Қытайда өткізген 14 жекпе-жегімде бапкерсіз
дайындалғанмын. Тек Қытай атынан сынға түскен соңғы жекпе-жекте Алматыдағы ең үздік бапкерлердің бірі саналатын Сағатбек Мұсахановтың қоластында екі айдай жаттығып, жеңіске жеттім. Осы жекпе-жегіме де Сағатбек Мұсахановтан тәлім алып, шеберлігімді шыңдадым. Сағатбек ағай техникалық тұрғыдан да, физикалық тұрғыдан да әлеуетімді арттырып, боксты басқа қырынан үйретіп жатыр. Дайындығым өте жоғары деңгейде болды. Десек те, әлі де көп еңбектену керек, білетініміз бір тоғыз болса, білмейтініміз тоқсан тоғыз. Осындай мықты қарсыласты жеңуіме үлкен үлес қосқан бапкеріме ерекше алғыс айтамын.

– Әлемдік рейтингте үздік боксшылардың қатарында тұрған қарсыласыңды
жеңгенде қандай сезімде болдың?

– Осы кеште өнер көрсетуіме себепкер болған MTK Global промоутерлік компаниясының еліміздегі басшысы Асқар Салықбаев ағамыздың еңбегі зор. Әу бастағы қарсыласым жарақат алып қалғандықтан Асқар ағамыз хабарласып, әлемдік рейтингте үздіктер қатарында тұрған боксшымен жұдырықтасуға қалай қарайтынымды сұрады. Бапкеріммен ақылдасып, бірден бұл жекпе-жекті қабылдадық. Бұл маған берілген бақ екенін түсіндім. Өйткені қарсыласым әлемдік ареналарда мықты боксшылармен қолғап түйістірген. Әртүрлі тұжырымда әлем чемпионы атағына таласып, әжептеуір жетістікке қол жеткізген спортшы. Расында, шаршы алаңда қарсыласымның тәжірибелі екенін байқадым. Дегенмен жекпе-жекке құрған тактикамызды толықтай орындап, жеңіске жеттік. Одан
бөлек шаршы алаңға көк туды жамылып шығып келе жатқанда бойымда бір ерекше күш пайда болып, рухтандым. Жанкүйерлердің де делебесі қозып, қиқуға басқаны жігерлендірді. Әнұранымыз шырқалып, көк туымыз көкке көтерілгенде менен асқан бақытты жан болмады. Өйткені бала күнімнен «қытайдың қызыл байрағын емес, қазақтың көк туын желбіретсем» деген арманым бар еді. Жеңіске жетіп, көк ту желбіреп, әнұран шырқалған сәтте жан дүниең тебіреніп, елің мен жеріңе деген сүйіспеншілігің оянады. Бұл сәтті ешқандай дүниеге айырбастағың келмейді. Алла қаласа, әлі талай әрі үлкен додаларда көк байрағымызды көкте желбіретеміз.

– Жеңістен кейін MTK Global промоутерлік компаниясы келісімшарт ұсынды ма?

– Жоқ, келісімшарт туралы мәселені әлі талқылаған жоқпыз. Асқар ағамыз WBC ұйымының бүкіләлемдік конвенциясына кетіп, келісімшартты толық қарастырмадық. Дегенмен Асқар ағамызбен ауызша келісімге келдік. Бұйыртса 16 желтоқсан Тәуелсіздік күніне орай, MTK Global компаниясы үлкен бокс кешін ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Әлемнің және еліміздің үздік боксшылары өнер көрсететін додада мен де сынға түсемін. Жалпы болашақта MTK Global промоутерлік компаниясымен бірлесе жұмыс істейміз деп ойлаймын.

– «Аламан лайф» арнасына берген сұқбатыңда Қанат Исламның «лақтырып»
кеткенін айтып, өкпе-ренішіңді білдірдің. Осы мәселенің мән-жайын ашып айтсаң…

– Иә, сол сұқбаттан кейін көп адам хабарласып, сұрақтың астына алды. Айтатынның бәрін сол сұқбатта айттым. Енді бұл мәселені қайта қозғап, қазбалаудың қажеті жоқ. Жабулы қазан жабулы күйінде қалуы керек. Қанат ағамыздың барлық бастамасына тек сәттілік тілеймін.

– Барлық уақытың жаттығу залында өтеді. Әлеуметтік-тұрмыстық жағдайың қалай? Жекпе-жектен қомақты қаржы аласың ба?

– Кәсіпқой спортшы болғандықтан ешқайда жұмыс істемейміз. Барлық уақытымызды тек спортқа арнап, күніміз жаттығу залында өтеді. Спортшы үшін әртүрлі дәруменнің маңызы зор. Мұның бәрі қомақты қаржыны қажет етеді. Сондықтан қаржы жағынан аздаған қиындық туындайды. Дегенмен әрқашан қолұшын беріп, қолдау көрсетіп жүрген аға-бауырларымыз бар. Қытайда жекпе-жек үшін сыйақыдан бөлек ай сайын жалақы алатынмын. Қазір тек жекпе-жек үшін қаржы аламын. Бірақ менің мақсатым – ақша мен атаққа кенелу емес, Алаштың абыройын асқақтату. Кейде көшеде көңіл-күйім болмай кетіп бара жатқанда желпілдеп тұрған көк байрағымызды көрем де бәрін ұмытып, ерекше бір күйге бөленемін. Бұйырса алда мықты қарсыластармен чемпиондық атаққа таласатын үлкен жекпе-жектер болады. Бәлкім сол кезде жағдайымыз түзелер.

– Қазақ боксының ерекшелігі неде деп ойлайсың?

– Шыны керек, Сағатбек ағайдың қоластында жаттыққаннан бері спортшы ретінде өскенімді байқадым. Әр жекпе-жектен кейін сараптама жасап, қателіктермен жұмыс істейміз. Соңғы жекпе-жегімді қайталап көріп, көңілім толды. Осы уақытқа дейін өткізген жекпе-жектерімнің ең жоғарғы дәрежедегісі екенін байқадым. Өзімнің көптеген кемшілігімді көріп, бәрін түзетіп жатырмын. Сағатбек ағай бапкерліктен бөлек, ағалық ақылын да айтып, әрқашан жігерлендіреді. Менен үлкен үміт күтіп, әлем чемпионы атанатыныма сенеді. Алла қаласа, ол күнге де жететініме кәміл сенемін.

– Алға қойған мақсаттарың қандай?

– Кез келген спортшының мақсаты – әлем чемпионы атану. Әлбетте, біздің де арман-мақсатымыз күллі әлемді қазақтың күрзі жұдырығымен мойындатып, жауынгер халық екенін таныту. Соңғы жекпе-жектен кейін әлемдік рейтингтегі үздік 50 спортшының қатарына кірдік. Бұл чемпиондық атақ үшін жұдырықтасуға сәл де болса жақындатты. Бастысы, тынбай еңбек етіп, үлкен жекпе-жектерге дайын болу керек. Кемі екі-үш жылдың ішінде кәсіпқой бокстың меккесі саналатын АҚШ-та атойлап, әлем чемпионы атағын жеңіп аламыз деген ойдамын.

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

Ақ желкен» журналы, №11
Қараша, 2019

1 ПІКІР

  1. сәттілік тілеймін ! сізге сенеміз! сізді қолдаймыз !қазақтарымыз көк туымызды биіктен көрсетіп жүре берсін !

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз