Сəлем, қошақан! Жағдайың мен сабағың ойдағыдай болар? Менің жағдайым керемет, бізде қыс басталып, бақыттан басым айналып жүр. Жақсы көретін мезгілім қыс екенін айтқан ба едім өзіңе? Айтпасам, қысты, боран мен ақ ұлпа қарды жақсы көретінімді біле жүргейсің. Ренате өзіңе сəлемін жолдауда, өзіңдей бүлдіршіннің ересектердің өміріне қызығушылық танытуы бүгінгі таңда жастардан күтпейтін əрекет дейді. Сонымен, өткенде Ренатенің сұқбатының жалғасын
келер хатымда жазамын деген едім, бүгін сол сөзімде тұратын сəт.

Ренате: Зейнетке шығуды, зейнетте не істейтініңізді алдын ала жоспарладыңыз ба?.. Жоқ, жасым келгенде зейнетке шығатынымды білсем де, алдын ала дайындалмадым, уақыты келгенде оған дайын болмадым да. Өмірімдегі қиын кезеңнің бірі сол зейнетке шығуым десем, қателеспеспін. Зейнетке шыққанда адам қуануы керек шығар, таңнан тұрып, жұмысқа жүгірудің қажеті жоқ. Ұйқыңды қандырып, асықпай тұрып, қалаған нəрсеңді істеп, өмір қандай керемет деп, өмірдің əр сəтінен лəззат алу керек шығар. Менде олай болмады, ұзақ уақыт депрессияда болдым. Жылдар бойы қалыптасқан тəртібім бұзылып, бір күнде
қоғамға қажет болмай, айдалада қалып қойғандай сезімді бастан кештім. Əрине,
отбасым қасымда болды, бірақ ұлым ендігі ер жеткен, өзінің қалыптасқан өмірі бар, оған керегім шамалы-ақ еді. Достарымның өз тірлігі, отбасы мен жұмысы бар, менімен жиі кездесуге уақыттары болмады. Солай, зейнеткерлікпен келетін бос уақыт көп адамға ауыр болып жатады. Себебі кішкентайдан сабақ оқу керек, мектептен кейін университетке түсіп, мамандық алу керек, диплом алғаннан кейін жұмыс істеп, қоғам алдындағы борышты өтеу керек, сосын зейнеткерлік деп өтеміз. Қоғамда қалыптасқан жоспар солай. Кішкентайыңда ата-анаң өмірің қандай болуы керек екенін жоспарлап, соған орай бағдар мен жол көрсетіп, соған сай тəрбиелейді. Қызығушылығымызға қарай қосымша үйірмелерге жазып, бізді барынша жан-жақты қылып дамытуға тырысады. Балабақшада, мектеп пен университетте не үйренуіміз, не білуіміз, нені меңгеруіміз керектігі мемлекет бекіткен бағдарламада жазылған. Жұмыста да сол, жоғарыдан келген тапсырма бар, қызметіңе сай атқарылатын міндеттеме бар. Өмір бойы біреу бекіткен жоспармен өмір сүреміз де, зейнетке шыққанда не істерімізді білмей қаламыз. Мемлекет «зейнетке шықтың, енді демал» дейді. Өмір бойы жұмыс істеуді үйреніп, сол өмірімізде демалудың не екенін білмейді екенбіз. Қысқа уақыттық демалуды айтпаймын. Мектепте, университетте каникулда демалып, каникул аяқталған соң мектепке ораламыз. Жұмысқа шыққанда жыл сайын бір айлық демалысқа шығып, демалыстан кейін жұмысқа қайта ораласың. Бұл демалыс басқа, себебі белгілі бір уақыттан кейін сабағыңа, жұмысыңа қайта оралатыныңды білесің. Ал зейнетке шыққанда оралатын жерің жоқ, тек қана шығатын бір есігің бар. Болды. Қоғам тарапынан саған зейнеткер ретінде сұраныс жоқ. Зейнеткермін деп үйде отырмай, жұмысқа шықсаң, «жастарға орын бермей ме!» деп қоғам тағы түсінбейді. Зейнетке шығармас бұрын, мемлекет зейнеткерлікке дайындайтын бағдарлама енгізуі керек деп ойлаймын. Сонда қариялар депрессияға шалдықпай, зейнеткерлікке дайын болып, жасында бейнет көрсе, қартайғанда зейнет көруге дайын болар еді.

– Депрессиядан қалай шықтыңыз? Не көмектесті?

Ренате: Бес жылға созылған депрессиядан шығу оңай болмады. Ешкімге айтпаған
сырым еді, тіпті, өз-өзіме қол жұмсамақ та болдым. Көрер күнім бар екен, тірі қалдым. Содан кейін қатты ойланып, жанымды жегенім жетер деп өмірімді күрт өзгертіп, қайтадан жұмысқа шықтым. Жұмысқа шықтым да, өмірге қайта оралдым. Өмірге деген құлшыныс пайда болып, қайтадан армандай бастадым, болашаққа жоспар құра бастадым. Армандау мен болашаққа жоспар құру қартайған жанға да керек екен. Сондай күндерімнің бірінде Канадаға көшемін деп мақсат қойып, сол мақсатым жүзеге асып, қазір екеуміз, міне, серуендеп жүрміз.

Сексенге келгенде əлі де кішкентай бала секілді сабақ оқимын деп ойламаппын, əр кезең мен əр жастың берер өз сабағы мен сынақтары болады екен. Қартайдым, бəрін оқып-тоқып, біліп қойдым демей, қажет болса, қариялар да қайтадан оқуы керек, жастардан үйренетін нəрсе болса, үйрену керек деп ойлаймын.

Сұрақ ауыр болды ғой деймін, жан-жаққа қарап, орындық іздей бастады. Əрине, ешкімге айтпаған сырын айтуы көңілін толқытып жіберді. Біразға дейін
тыныштықты бұзуға дəтім бармай, күздің соңғы жылы күнінде ағып жатқан өзенге үнсіз қарап отырдық. Шынын айтсам, мен білетін Ренате əрдайым позитивке толы, энергиясы мол, өмірге құштар жан. Есті кісі əр ісінен сабақ
алады дейді, суицидтен аман қалғаннан кейін жаңа қарқынмен өмір бастауы,
алпыс бесінде жалғыз өзі, ағылшын тілін білмейтініне қарамай, танысы жоқ
Канадаға көшуі Ренатені жаңа қырынан танытып, одан сайын құрметтей түстім. Батыр деп Ренате сияқты өз-өзін жеңе білген кісіні айту керек шығар, қалай ойлайсың, қошақан?..

Ренате: Əңгімені жалғастырайын, əйтпесе ойым туған қалам Гамбургке кетіп қалды ғой. «Қалай ойлайсыз, қариялар отбасынан бөлек тұруы керек пе, əлде отбасымен бірге тұрғаны дұрыс па?». Келесі сұрақ осындай екен. Менің ойымша, кім болса да көзқарасы мен қызығушылығына қарай, коммунада өмір сүруі керек. Отбасым деп, өз-өзіңді қинап, тек қана отбасыңның мүшесі болғаны үшін көңіліңнен шықпайтын, жақсы көрмейтін кісілермен тұру – адамның өз-өзіне істейтін қиянаты. Кейде туғаныңнан айдаладағы адам жаныңды түсініп, сені солайынан қабылдап, өзіңді құрметтейтін жақыныңа айналып жатады. Міне, сондай адамдармен бірге тұру керек. Егер ондай мүмкіндік болмаса, жалғыз тұру керек те, туғандарыңмен жақсы байланыста болып, жүйелі түрде кездесіп тұру керек. Жалғыздықтан қорқудың қажеті жоқ, ол да көпке бұйыра бермейтін сыйлық.

Жалғыз қалғанда өз-өзіңді бағалауды, өзіңді танып, өзіңді тыңдауды үйренесің, сонымен қатар жаңа хоббиге қызығушылық тууы мүмкін.

– Сіз ше, зейнетке шыққаннан кейін жаңа хобби бастадыңыз ба?

Ренате: Жаңа хобби бастадым деп айта алмаймын. Бұрыннан йога мен медитациямен айналысатынмын, зейнетке шыққалы күнделікті режиміме айналды. Канадаға көшіп келгелі волонтер болуды үйрендім, мүмкін соны жаңа хобби деп айтуға болатын болар. Жақында хосписте волонтер болуға жазылғанмын, өткен екі аптада волонтерлікті қалай атқару керектігі жөнінде тренингке қатыстым. Арнайы тренингтен өтпесең, волонтер да бола алмайсың.

Осымен сұхбатымызды аяқтап, саябақта тағы біраз жүріп, шуақты күннен лəззат
алып қайттық. Қошақан, Ренатенің əңгімесінен нендей ой түйдің? Зейнеткерлікке
алдын ала дайындалған жөн бе? Сенің ойыңша, үкімет тарапынан зейнеткерлікке дайындайтын бағдарлама болуы керек пе? Ойыңды жазып, «Ұлан» газетінің поштасына жіберуді ұмытпағын, жарай ма? Сенің ойыңды білгім келеді.

Өзіңе деген ыстық
ықыласпен, тəтең Гүлшат.

Ұлан» газеті, №47
19 қараша 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз