Ертеде  Бас  бармақ, Балаң  үйрек, Ортан  терек, Шылдыр  шүмек, Кішкене  бөбек  атты  бес  ағайынды  өмір сүріпті. Олар бірге  жүріп, бастарынан небір қызық  оқиғаларды өткеріпті. Сол  хикаялардың  бірнешеуін  өздерінің қатысуымен  (қаламсапты  солар  ұстайды  ғой)  жазып  алып  едім. Біреуімен өткенде таныстыңдар («Балдырған» №4, 2019 ж.). Бүгін енді  соның  келесі біреуін әңгімелеп берейін…

 

Бес  ағайынды  бірде  жолаушылап  келе  жатып,  бұтада  ілулі тұрған қалпақты көреді.

– Әдемі қалпақ екен! – дейді  Кішкене бөбек қызығып.

– Ою-өрнегі де сондай тамаша! – деп тамсанады Шылдыр шүмек.

– Мұны кім киеді? – деп аңтарылады Ортан терек.

– Мен бәріңнен үлкенмін, жол менікі, – дейді Бас бармақ.

Ол жасы үлкен болғанмен, бойының аласалығына намыстанып жүретін. Ал мына шошақ қалпақты киіп алса, сол кемістігін білдірмей жіберер еді. Қырсық болғанда Балаң үйректің:

– Қалпақты киіп көрейік. Кімге шақ келсе, сол кисін, – деген ұсынысы ол мақсатының жүзеге асуын қиындатып жібереді.

Қалпақты бәрі киеді. Ешбіріне қона қоймайды. Тек Кішкене бөбектің басына құйып қойғандай дәл келеді.

– Алақай, маған шақ келді! – деп шаттана қуанады ол. Бірақ өзге бауырлары оған көнгісі келмейді.

– Ау, бұл қалпақты бәріміз бірдей таптық қой, – дейді Шылдыр шүмек. – Ендеше неге біріміз иеленіп, қалғанымыз құр қаламыз? Оданда өнермен сынға түсіп, жеңіп  алайық.

– Шылдыр шүмек дұрыс айтады, – дейді өзгелер қостап.

– Онда қандай өнермен сынға түсеміз?

Бұл сауалға бәрі тосылып қалады.

– Бауырлар, – дейді кенет Ортан терек алақанына түкіріп. – Жүгіріп жарысайық. Кім озып келсе, қалпақ соныкі болсын.

Өзгелер оның ұзын бойына қарап, ойланып қалады.

– Ортан теректің ұсынысы дұрыс екен, – дейді кенет Кішкене бөбек. – Жарыссақ – жарысайық! Бірақ жаяу емес, көлікпен жарысайық.

– Көлікпен?.. Оны қайдан табамыз?

– Бағана өзіміз келген көк жонға қайта барайық, – дейді Кішкене бөбек саспай. – Сол жерде кім қандай жәндікті бірінші кездестіреді, ол соған мініп шапсын. Қалпақ көмбеге бірінші жеткендікі.

– Ой, бәрекелді! – дейді Бас бармақ басын изеп.

Олар көк жонға шыға бергенде, Бас бармақ жоңышқа арасында жайылып жүрген тасбақаны көреді.

– Ал, онда мен зыттым, – деп қуанған ол тасбақаға барып мінеді.

Оның артынша Балаң үйрек пен Шылдыр шүмектің жолы болады. Балаң үйрек шөп арасынан бір кірпіні табады. Жон-арқасына шөп-шалам салып, жөнеп береді. Шылдыр шүмек іннің аузында күнге қыздырынып отырған қосаяқтың арқасына жабысады. Ортан терек  те көп қиналмайды. Жаужапырақ астынан шыға келген сары жыланның жонына қонжияды.

Ал Кішкене бөбек жұрттың соңында қалдым деп саса қоймайды. Оның өз есебі бар еді. Бағана осы жолмен өткенде, жусан арасында ұя басып жатқан бозторғайды байқаған-ды. Өзі бастап көлікпен жарысамыз дегенде, соған сенген-ді. Бауырлары бірінің  артынан бірі жөнеген соң, ол соған қарай жүгірді. Бозторғайға қарғып мініп, “пыр” етіп ұша жөнелді. Сөйтіп, желдей есіп “көмбеге” бірінші жетеді.

Бір кезде Шылдыр шүмек жетеді қосаяқпен секеңдеп. Көлігінен  түскен ол:

– Мынаның секіргенінен ішек-қарным үзіле жаздады ғой, – деп, шөпке аунай кетеді.

Бір кезде иреңдеген сары жыланмен Ортан терек жетеді. Ол да басы айналып жерге сұлай кетеді. Оның артынша жеткен Балаң  үйрек кірпіден түсе салып:

– Ойбай! Инесі кірген бе, ашып барады! – деп, құйрығын сыйпай береді.

Олар естерін жиған соң барып, Кішкене бөбектің басындағы  қалпақты көреді.

– Әй, қалпақты киіп алыпсың ғой?! – дейді Шылдыр шүмек таңдана.

– Қалпақ өзімдікі болса, кимегенде, – дейді Кішкене бөбек. – Бәріңнен озып келдім. Келісім бойынша, қалпақ – менікі.

Аналар ауыздарын аша алмай қалады.

Дәл сол кезде жаңа жеткен тасбақадан тері сорғалап Бас бармақ  түсіп жатады…

«Балдырған» журналы, №10
Қазан, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз