Философтардың идеалистер мен матералистер болып екіге жарылатыны бәрімізге мәлім. Материалистер әлемнің бастауына материяны қоятын болса, идеалистер дүниенің идеядан, яки ойдан басталғанын алға тартады. Бүгінгі ғылым атаулы материалистік бағытта болғандықтан, бұл ұстанымды түсіну де, түсіндіріп беру де оңай. Қысқаша айтар болсақ, Ұлы жарылыс болды; сол жарылыс нәтижесінде галактика, планеталар пайда болды; сосын бір жасушалылар, одан көпжасушалылар, одан омыртқалылар, қосмекенділер… Ары қарай Дарвиндік теория бойынша кете береді.

Бірақ біз бүгін идеалистерге сүйенетін боламыз. Олардың бәрінің бастауында ой жатыр деген ұстанымын түсіндіруге тырысамыз.

Сонымен, көріп тұрған материалдық дүниенің барлығын жоқ деп елестетіп көріңізші. Сіздің отырған орындығыңыз, қолыңызға ұстап отырған журнал немесе қарап отырған смартфоныңыз. Иә-иә, бүкіл көзіңізге көрініп тұрған заттық дүниенің барлығын жоқ деп елестетіп көріңіз. Тіпті сіздің тәніңіз де жоқ. Дүниені танудағы жаңа идеалистік ағымдарға сүйенер болсақ осындай байламға келеміз. Бірақ мұны түсіне алмайсыз. Адамның тәні, қоршаған ортасы қалайша жоқ болуы мүмкін? Мүмкін. Бұған дәлел ретінде адамның түс көру процесін қарастыруымызға болады.

Мысалы, сіз түс көріп жатырсыз. Бірақ ешқашан түсіңізде түс көріп жатқаныңызды білмейсіз. Ол сіздің әдеттегі өңіңіз секілді. Түсіңізде осы дүниеде сезінетін бүкіл сезімдерді бастан кешіре аласыз. Қорқасыз, күлесіз, үрейленесіз, жүгіресіз, секіресіз, заттарды ұстай аласыз, тіпті ғашық бола аласыз. Түсіңізде де тәніңіздің бар екенін сезінесіз. Алайда, өңіңізде ұйықтап жатырсыз. Денеңіз қимылсыз, көзіңіз жұмулы. Тек ұйқыдан тұрған кезіңізде ғана сіз көрген нәрсеңіздің бәрінің түс екенін түйсінесіз. Мұны қалай түсіндіруге болады?

Бұл – адамның миының ойыны. Мысалы, сіз айналаны көріп отырмын деп ойлайсыз. Бірақ әлем сіз ойлағандай қалпында сізге көрініп тұрған жоқ. Сіздің миыңыз әлемді электронды сигналдар түрінде ғана қабылдайды. Яғни көзіңіз әлемді көріп, оны электронды сигналдарға айналдырып, артқы миға жөнелтеді. Сонда сіздің көріп отырған нәрселеріңіз әлемнің миыңыздағы электронды көшірмесі ғана.

Яғни адам миын өзінен бөліп алып, белгілі бір технологиялар арқылы оны компьютермен жалғап, миға тиісті сигналдар жібере алсақ, ол өзінше өмір сүре алады. Бұл дегеніміз – миға арналған шағын матрица. Компьютер арқылы миға екілік кодқа жарылған табиғаттың суреттерін жіберсеңіз, ми табиғатты тамашалап тұрғандай күй кешеді. Дыбыс сигналдарын жіберсеңіз, ол естиді. Бұл – дәлелденген ақиқат. Яғни бөлек тұрған миға тиісті сигналдар беру арқылы оны тұтас тұлға ретінде сезіндіруге болады. Дәл осы принциппен мидың өзін де материалдық дүние ретінде жоққа шығару да қиын емес. Ал оны жоққа шығарсақ, арғы жағында не бар? Сонда идеалистердің пікірінше адам деген кім? Сонда материядан тұратын мына әлем, біздің тәніміз жоқ болса, бүкіл дүниені сезінетін кім? Бұл туралы келесі санда әңгімелейтін боламыз.

ТӨЛБАСЫ

«Ақ желкен» журналы, №11
Қараша, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз